Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кресло

06.06.2024, 10:00 172

– Сәлеметсіз бе? Бұл жедел жәрдем көрсету орталы­ғы  ма?

– Сәлеметсіз, иә, иә… Біреу  ауырып  қалды  ма?

– Ауырғанда былай, жабы­сып  қалды…

– Түсінбедім, жабысып қалды дегеніңіз қалай? Кім жабысып  қалды?

– Сіз тезірек келіңіз, сонда түсінесіз… Мекен­жайымыз: Талтаңбай даң­ғылы, Талтаңбай қиылысының бұрышы 155-үй, Талтаңбай атындағы облыстық әкимат, 5-қабат, 329-кабинет.

– Немене, бәрі Талтаңбай деп  аталады.

– Енді сол бұрын Талтаңбай деген мықты болған ғой, сол  сізге  керек пе?

– Жарайды, науқастың аты кім?

– Салпаңбай…

– Тегі.

– Қалқанбай,

– Жарайды күтіңіз, – деді, жедел  жәрдемнің  жәрдемшісі.

Сәлден соң, гуілдеп дәрігерлер де жетті. Қабыл­дау бөлмесіндегі қыз қақшаң­дап  тұр.

– Қайда жүрсіздер, біздің бастық мана жабысып  қалды.

– Кімге жабысып қалды? – деді дәрігер

– Ешкімге жабысқан жоқ, отырған орындығына жабысып қалды.

– Түсінсем бұйырмасын, – деп, дәрігер кабинетке кірді.

Үлкен кең бөлме. Қақ ортасында дөңкиіп мекеменің директоры отыр.

– Сіз бе жабысып қалған?

– Менен басқа тағы біреуді көріп отырсыз ба? – деп, шап ете қалды.

– Орныңыздан тұрыңызшы.

– Тұра алмаймын, көріп отырсыз ғой, креслоға құйрығыммен жабысып  қалдым.

– Дұрыс, түсіндім сіз қашаннан бері осы орындықта отырсыз?

– Он бес жыл болып қалды.

– Мм, ұзақ отырған екенсіз, әрине, жабысып қаласыз.

– Бұйырғаны болар, сіз олай демеңіз.

– Жас күніңізде бір жерге жабысып көрдіңіз бе?

– Түсінбедім, сондай қалай?

– Мысалға аяғыңыз, қолыңыз.

– Жоқ. Тек бала күнімде қыста тіліммен далада тұрған темір қақпаны жалаймын деп, жабысып әрең алғанмын.

– М, дұрыс. Сізде бұл ауру бала күніңізден басталған екен.

– Қандай ауру?

– Жабысқақ деген дерт.

Директор аузы аңқайып қалды. Мұндай аурудың атын бірінші рет  естіп  тұр.

– Енді сіз қандай  көмек бересіз?

– Қазір сізді ауруханаға орынды­ғыңызбен бірге алып кетеміз. Операция жасаймыз.

– Қалай?

– Кәдімгідей кесеміз.

– Тоқтаңыз, кескені несі?

– Солай, сіз дәрігерге олай қарсы сұрақтар қоя бермеңіз. Сіздің науқасыңыз белгілі. Креслода ұзақ отыр­ғансыз. Ешқайда бармайсыз. Кабинетіңізден шықпайсыз. Сондықтан осындай  жағдайға  тап  болдыңыз.

– Дәрігер мырза, қайдағы ауруды айтып  тұрсыз?

– Немене, енді көре-көзге науқас екеніңізді мойын­дағыңыз келмей ме? Білем, қазір бізде бастық көп. Олар өте ұзақ отырады. Отырған жеріне қалай жабысып қалғандарын білмейді. Тіпті, жалпиған құйрық­тарының жартысынан айырылып  қалғанын  білмейді.

– Сіз  қателеспеңіз  олай?

– Дәрігер  қателеспейді.

– Мен  ауру  емеспін

– Білемін, директорсыз. Бірақ құйрығыңыз орындыққа  жабысып  қалған. Өйткені, сіз бұл мекемеде ұзақ отыра  бергенсіз…

– Тоқтатыңыз сандырақтамай. Мен таңертең жұмыс­қа  келе  жатқанда  бәтеңкемнің  табаны түсіп қалып, дүкеннен «супер клей», яғни желім сатып алдым. Оны байқамай артқы қалтама салған екенмін. Содан, жұмыс­қа келіп орындығы­ма отырып қалғанда ол жары­лып, креслоға  жабысып  қалдым. Ұқтың  ба?

– Аа, кешіріңіз  солай ма? Ендеше, неге жедел жәрдем шақырт­тыңыз?

– Енді не істеуім керек?

– Сіз  шалбарыңызды шешіңіз де, басқасын киіңіз.

– Болды ма?

– Болды.

– Рақмет!

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Карикатура ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: