Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәрі бастық!

13.05.2024, 10:35 203

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Бастық деген сөз «басыңды бір жерге тық» деген сөзден шықан-ау, деймін? Өйтіп-бүйтіп, адам салып жүріп, экология және табиғи ресурстар министрлігіне қызметке тұрып алдым. Анау-мынау емес, бөлім бастығымын. Бастық болғанымды қайтейін, шіреніп отырып, «халықты ойлаңдар, халықты!» деп ұрысайын десем, қарамағымда ешкім жоқ екен. Сөйтсем, біздің министрлікте 80 бастық болса, сексен жай қызметкер жұмыс істейтініне көз жеткіздім. Мен 81-ші бастықпын. Бәрінде бір-бірден қызметкері бар, менде жоқ. Бәрі бастық! Министрдің орынбасарына келдім.

– Кешіріңіз, мен қандай бастықпын? – деп сұрадым.

– Айлық алатын бастық.

– Қарамағымда жарты адам да жоқ екен.

– А, солай ма? Ыңғайсыз болыпты ғой. Қармағыңа бір адам ал. Өзің ізде, – деді ол. Базарға барып:

– Бастығың болайын ба? – десем,

– Маған әйелім бастық, керегі жоқ, – дейді бір еркек. Көшеде бір әйел кетіп бара жатыр екен.

– Қарындас, сіздің бастығыңыз болсам деп едім. Қалай қарайсыз? – деп сұрадым.

– Қалай сонда?

– Министрлікке.

– Жұмыс таппай жүр едім, жақсы болды ғой! Бес дипломым бар еді, төртеуін сатып алғанмын, – деген ол қуанып кетті.

Қызметке алдым. Қуанышымда шек жоқ, бастықпын ғой, бастықпын! Біздің елде, не көп, бастық көп, сол көптің бірі, бірі болғанда, ірі болғаныма шүкір. Қуанышым бекер болып шықты! Бір күні, қарамағымдағы келіншекке жұмыс тапсырайын десем, тыңдамайды. Кейін білдім, өйтіп-бүйтіп жүріп, араға адам салып жүріп, ол да, жаңадан ашылған бөлімнің бастығы болып кетіпті! Бірақ, қарамағында маймыл да жоқ! Міне, біздің Мазақстан елі осындай!

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: