Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жол құрылысы қарқын алды

26.04.2024, 8:35 202

HALYQLINE.KZ

Соңғы жылдары Қызылорда облысының жол инфрақұрылымы саласында оң динамика қалыптасып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Мәселен, биыл жергілікті жолдардың деңгейін жақсарту мақсатында республикалық және облыстық бюжеттен тиісті қаржы бөлініп, ұзындығы 266 шақырым құрайтын автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелерді қайта жаңғырту жоспарлануда. Осының нәтижесінде, индикаторлық көрсеткішті 92%-ға жеткізу межеленіп отыр. Бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов хабарлады, деп жазады өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан болатын. Осыған сәйкес, 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 95 пайызға дейін жеткізу көзделді. Бүгінде Қызылорда облысы аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3580,5 шақырымды құрайды. Оның 1014,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 2011 шақырым –  аудандық маңыздағы автомобиль жолдары. Қазіргі таңда ұзындығы 266 шақырым құрайтын автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, осы жылы қаладағы Жаппасбай батыр көшесін 4 жолақтыға кеңейту жұмыстары басталады. Ал Яссауи көшесі қайта жаңғыртылып, тұрғындарға табысталатын болады. Сонымен қатар, Жанқожа батыр көшесінен теміржол асты көпірінің құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынып, «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы жүргізілмек. Бұдан бөлек, өздеріңіз білетіндей аймағымызда жолаушылар тасымалы да жанданып келеді. Солардың бірі құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал жақында ғана ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы да көп ұзамай пайдалануға берілетін болады. Жаңа нысан арқылы Қорқыт ата әуежайынан Ақтауға қарай рейс ашылады деп күтілуде. Одан бөлек, халықаралық әуе қатынастарын ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.

Облыстың экономикалық дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі – республикалық маңызы бар жолдардың сапалы жүргізілуі. Бұл ретте Қызылорда облысын еліміздің орталығымен байланыстыратын «Қызылорда-Жезқазған» күре жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

– Қазіргі республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 190 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні құрылыс көрсеткіші жақсы деңгейде деп айтуымызға болады. Аталған жолдың сапалы әрі қанағаттанарлық деңгейде орындалуы үшін бекітіліген жоспарға сәйкес орындайтын боламыз. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталды деп жоспарлануда, – деді «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Ерсайын Мұзафар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: