Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара сөз құрмет күтеді

25.04.2024, 11:40 285

Тіл ғұмыры әсте адам жасымен өлшенбейді. Ол – мәңгі­лік  құбылыс, баға жетпес құндылық. Заманалар, биліктің сипаты, байлық пен кедейшілік оған бөгет емес. Тіл әу бастан-ақ тәуелсіз. Тілді жасайтын – халық. Оның рухани жебеушісі  де,  жан  дүниесінің  киесі де – ана тілі.

Қазақ тілінің бастау бұлағы – халық ауыз әдебиеті. Ары қарай  өркенін жайған, сөл шырынын шәрбаттан­дыра түскен, күміспен қаптап, алтынмен әдіптеген – жазба әдебиеті­міз. Сырлы да зерлі сөзді қолданысқа жедел енгізуші баспасөз екендігі  айдай анық.

Қоғамның бүкіл мәселесіне алдымен шыр-пыры шығатын газет-журнал бетіндегі түрлі тақырыптағы таңдаулы жарияланымдарға оқырманнан басқа баға беретін, ынталандыратын бір жан, не бір мүдделі қауымдастық болсайшы?! Санатта бар, санда жоқ журналистер ұйымы, не болмаса аты жер жаратын редакторлар кеңесі, «Қазақ газеттері» ЖШС, тағы бір тәуелсіз құрылымдар осынау күн тәртібіне әлде­қашан қылқылдап сұранып жүрген ділгер проблеманы неге қозғамайды?

Бұл дегеніңіз – қарабайырлау түсінікпен түйсінгеннің өзінде оқырманды да, авторларды да елемеуден басқа түк емес. Ал, таралым жинау кезінде ел жағалап, билікті сағалап мінбеге шыққандар сол аймақтан орынды мәселе көтерген, шұрайлы материалдар жолдайтын жергілікті оқырман қауым­ның шабарман қаламгерлерінің қолтаңбасы туралы сірә да ауыз аша ма екен?! Жалпы, сондай оқырман мен басы­лым арасындағы шығармашылық байланысты құр­меттеу  неге  біздің  тәжірибемізде  жоқ?

Осындайда Алдар көсе мен Шығайбай тайта­ласы жадыңа орала кетеді екен. Жазушы ағайындар шыққан кітабының болмашы қалам­ақысы жайлы көптен дабылдатып келеді. Бұл кілтипанның газет-журналдарда басылған материалдары үшін авторларға қаламақы төлеу үрдісінің құрдымға кеткеніне тікелей қатысы бар екені хақ. Авторлық құқықты қорғау дейтін заң талабы дәл осы арадан атойласа құба-құп. Нарықты желеу етіп, сөздің пәсін кемітудегі мұндай залалды көзқарасқа  қашанғы  көз  жұма  қараймыз?!

Демек, бұл арада бір қисық түсінік үстемдік құрған тәрізді. Ақылы материал дегенде ашқарақтанып кететін басылым атаулы күндердің күнінде авторлардың мақаласын жариялағаны үшін де пұл сұрап бұлданатын шығар. Ондай тасыр тәртіп мүмкін де емес: жер-жерден ел тынысын жедел сезінтетін, көкейтесті мәселені дер кезінде дәйектілікпен толғайтын қоғамдық тілшілер мен авторларсыз қай басылымның көсегесі көгерер дейсіз?! Абзалы, кеңестік жүйе идеологиясының қаламақылық ынталандыру жүйесіне кет әрі болмауымыз керек. Шетелде де  құнды  ақпарат  құнсыз  емес  қой.

Жә, қу тақырды айнала безектегенмен, құ­йын көтерілмес. Көп әттегенайдың және біріне ойысалық. Қазір мүшәйра өткізу кең қанат жайды. Бола берсін, мұны сұрыптаудың өлеңге де жеткені деп ұғынсақ, жүдә, жақсы. Тәйірі, шаршы топта шашасына шаң жұқтырмай, оза шапқанға  не  жетсін?!

Сонда қара сөз неге шеттеуік қала бермек?! Қандай тақырып болмасын, жеріне жеткізе қаузайтын проблемалық мақала, жалынды публицистикаға арнайы бәйге жариялауға неге селқоспыз? Қоғамды қалғытпайтын, елді емірентетін қара сөздің құймасы құрмет күтуі әбден әділетті. Саяси арбасулар, еларалық келісімдер, сот төрелігі дейсіз бе, жұтынып тұрған жұмыр сөзден тірек таппай ма?! Біріккен  Ұлттар  Ұйымы мінбесінен қазақ тілінің үн қатуын қанжығамызға байлаған да – сол қасиет­ті  қара сөз!

Бұл назымыз ана тіліміздің мәртебесін үстем етем деген барша азаматқа ортақ. Айтыс пен мүшәйраның бірі ашық, бірі жабық сөз сынағы екені секілді әлі-ақ  баспасөздің жетекші жанрлары бойынша да қара сөз аламанына құмарта көз қырын салатын болармыз. Шарты, мазмұны, өткізу сипаты ерекшеленіп жатса, оған  да  пейілміз.

Шынтуайтында, болашақ қаламгерді қалып­тастыратын әдеби кітап пен баспасөздегі көркемдік қуатқа ие түрлі жанрдағы мақалалар шоғыры. Суреттеме, новелла, очерк, әңгіме, сырлы сұхбаттар, шығармашылық және тарихи портреттер кез келген басылымның ажарын ашады. Дәлелі нық, болжамы айқын сараптамалық, проблемалық мақалалар, көсілген көсемсөз тіл әлеміне еріксіз табындырар еді.

Бірер сөз оқушылар арасында өткізіліп жүрген көркем сөз оқулары төңірегінде. Абай оқулары бастандырып, Шәкәрім оқулары тұрақтатып, Махамбет оқулары айбат қосқан, Оралхан оқулары шабыт шақырған осы дәстүрлі байқаулар кәдімгідей ойлантады. Бақсақ-көрсек, тілге жақын, әдебиетке құмар оқушылар иығына зіл батпан жүк артылғандай екен. Кемінде 50, одан әрі 100-ге жуық, тіпті, одан да көп өлеңді жатқа айту қандай қажеттіліктен туындайтыны мүлдем түсініксіз. Мұндай тұтас бір ақын шығармашылығын, немесе кішігірім кітабын қолтықтатып жібергендей ерсі сынаққа бәрекелді дейтініміз қалай? Осыншама өлеңді жай ғана парақтап өтсеңіз де, саусағыңыз талар еді ғой. Беталды өлең санын қуалау – тіптен жара­сымсыз талап. Тақырыпқа бөліп, қысқа не көлемді деп жіктелсе бөтен емес, әрине.

Оралхан оқулары сахна мәдениетіне телитіндігімен жұмсақтау көрінеді. Драмалық, прозалық шығармалардағы образдарды сомдау қара сөз құдіретіне жүгіндіретіндігімен құнды. Кей жағдайда кейіпкер монологы, пейзаж, портрет, суреттеу, мінездеу сияқты көркемдік тұтастықтар қамтылатын болса, көркем сөздің де қадірі артады. Өлең санын қуғандай етіп тұтас тарауды жатқа оқуға мәжбүрлеуден бас тартқанымыз абзал. Қалай дегенмен талапкерлерді де, тыңдарманды да орынсыз титықтату мақсат  емес.

«Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты жыл сайынғы дәстүрлі байқау аясында тосын ұсыныс, тың идеялар туындатқан мақалалар шоғыры оқырман көкейіндегісін дөп басуда. Алайда, неге екені белгісіз, байқау жүлдегерлерін марапаттауда көбіне тұрмыстық заттарға иек артылады. Сыйлықтардан ас үйдің иісі аңқиды. Негізінде, ыңғайлысы бұл емес. Есесіне, қалам ұстаған қауымға жазу өнеріне қайым ноутбук, бейнекамера, планшет, фотоаппарат тәрізді уақыт айнасындай дүниелер табысталса, жарасып-ақ кетпес пе?! Мұның да астарында қара сөзге деген қырын көзқарас  сығаламаса  дейсіз.

Бір кездері тіл ғылымы көнерген сөзді қолданыстан алыстатыңқыратып, тарихи сөздерге төрелік көзімен қарап, жаңа сөздерді жаппай төрлететін ұстанымда болды. Бүгіндері исі қазақты аналық махаббатпен құшағына алатын көнерген сөздер бабалар аманатындай қимас жәдігерімізге айналды. Тіл – қасиетті де құдіретті күш. Оны тұрмыстық, қызмет, сая­сат, өркениет тілі деп кейде кемсітіп, кейде әсірелеп бөлшектеу дұрыс емес. Озған елдерге жетеміз деп талпыну үстіндегі халқымыз аман болса, тілі де бекем, сөзіміз де сәулелі, көңіліміз көкте қанат қақпай ма?!

Жаңабай  Кемал,

Қазақстанның  құрметті  журналисі.

Арал  қаласы.

Коллаж aikyn.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: