Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Нала»

19.04.2024, 15:20 526

HALYQLINE.KZ

(әңгіме)

Күздің шуақты күні шақырайып шыққанымен, жаздың күніндей шекеден өтіп тұрған жоқ. Арқадан соққан жел де сап-салқын. Әнтек үзілген сарғайған жапырақтар салқын желдің ырқына көніп, көше бойлап бірін-бірі қуалап, жылжып барады.

Темір өрнекті үлкен дарбазаның жанындағы шағын есік айқара ашылды да, екі жас келіншектің сүйемелдеуімен қарт кісі ауладан шықты.

Бұны көрген көрші қарт әже келіп сәлем берді.

– Күлпара апа, амансыз ба?

– Шолпан, сенсің бе?! Ұсынған қолды қос қолымен қарманып әрең тауып ұстады.

Осы кезде төбесінде «такси» деген жазу бар жеңіл автокөлік келіп, жандарына тоқтады.

Кейуана екі келіншектің көмегімен көліктің орындығына отырарда қолымен қарманып, медициналық жіңішке шлангіге жалғанған целлофан қалтаны үстіндегі жеңіл жадағайдың шалғайымен көлегейлей берді. Жанарсыз көзден аққан жас әжімді жүзін жуып, көлікке үнсіз отырды.

Көлік ұзап кеткенше Шолпан әженің құлағынан «Шолпан, сенсің бе?» деген қарлығыңқы дауыс кетпей, сол бір жайларды еріксіз  есіне түсірді.

***

Оған да отыз жылдай уақыт болған-ау. Сонда да күздің осындай аумалы-төкпелі шағы. Түскі үзіліске келіп, жұмысқа асығып шыққан ол қасынан өтіп бара жатқан жеңіл көлікке қол көтере салған. Тоқтаған көлік жүргізушісі көрші жігіт екен. Машинаға отырған бұған:

– Апа, анау әженің отырғанына біраз болды. Күн сап-салқын ғой, – деді.

Жүріп бара жатқан көлік терезесінен дарбазаның алдында отырған, осы Күлпараның енесін көрген. Ұзын көйлектің етегін жел тартқылап, басындағы орамалының ұшымен кәріліктен жанары тая бастаған көзін сүрткіштеп отыр екен.

– Қария кісі, шуқтап отырғаны ғой, – дей салған.

Жұмыс аяғына таман күзгі қорғасындай қара бұлт өз мінезіне басып сіркірей бастады. Ол кез кішкентай жауын сіркіресе, көшенің шаңы басылғанмен, соңы батпаққа айналып, аяғыңнан тартатын мезгіл. Үйге таксимен баруға тура келген. Жақындай бергенде жауын күшейе түсті. Есіктің алдына келіп, көліктен түсе бергенде көзі көрші үйдің алдында, жауынның астында отырған бағанағы кейуанаға түсті. Тайғанақтай басып кейуанаға қарай жүгірді. Келе есікті итере бастап еді. Кейуана дірілдеген ерні жуыспай:

– Шо…ол..л…пансың ба?.. Ол .. лл..ар   ж..о..қ, – деді.

Шолпан апа сонда байқады. Кейуананың жанында орамалға түйілген түйіншектер тұр екен. Күздің салқын жаңбырына жаурап қалшылдай бастаған кейуананың үстіне үстіндегі жадағайын жауып, орнынан сүйемелдеп тұрғызып үйге беттеді.

Осы кезде үйден шыққан өзінің келіні:

– Мама, қайда жүрсіз? Машинаның дауысы шыққалы біраз болды.., – дей берді де, бұларды көріп осылай қарай ұмтылды.

– Балам, ана түйіншектерді ал, – деді де, кейуананы сүйемелдей берді.

Үйдегі шағын моншаны жылытып, кейуананы жуындырып, ыстық шай, сорпа беріп, Шолпан апаның бөлмесіне жатқызған келініне:

– Күлпара апаңа хабарласшы, – деп жатыр еді, кейуана басын шайқап:

– Хабарласпа! Мені Күлпара қуып жіберді. Енді ол үйге бармаймын. Камзолдың қалтасында қызымның телефоны бар. Соны маған алып бер, – деді қарлығыңқы дауыспен.

Сәлден соң, талықсып ұйықтап кетті. Сол ұйықтағаннан бұлар жатар кезде жөтел қинап оянды. Сарымай салынған, қолдан сауған ешкінің ыстық сүтін қанып ішкен кейуана жөтелі басылған соң қайта ұйықтап кеткен.

Ертеңіне жұмысқа кеткенде кейуана әлі оянбаған болатын. Түскі үзіліске келгенде бөлмесіндегі столдың үстінде тұрған алтын жүзікті көрді. Келінін шақырып, жүзікті көрсетті. Сұраулы жүзбен қараған енесіне келіні:

– Көрші әже маған беріп кетті, – деп әңгімесін бастады. – Ұйқыдан оянған кейуана камзолының қалтасындағы қағаздағы телефон нөміріне хабарласып қызын шақырды. Үйде ұрыс болғанын, келінінің бұның киім-кешектерін буып-түйіп далаға шығарып тастап, «қызыңа хабарластым, алып кетеді» деп таңертеңмен кетіп қалғанын, баласының іссапарға кеткенін айтты. Бұл жайттан баласының хабары бар екенін, өзін тез арада алып кетуін өтініп, телефон тұтқасын орнына қойып, маған мына жүзікті ұсынып, «Айналайын, мына жүзікті кәрі жүректің өзіңе деген ыстық ықыласы деп ал. Он бес жыл бірге тұрып, жатсам-тұрсам тілегін тілеген келіннен көрмеген жақсылықты кешеден бері өзіңнен көрдім. Мені жуындырып, арқамды ыспақ түгілі, келін болып көйлегімді жуып көрген емес. «Бар. Қызыңның үйіне барып жуынып кел» деп есіктен шығарып жіберетін. Жалғыз ұлдың әйелін қыздарға қалай жамандайын? Аржағымдағы көрші немере келін Әлияға барамын. Ол да бір мың болғыр бала, жуындырып, көйлегіме дейін жуып, шайын береді. Мен алғысымды беремін. Кеше тіптен шектен шықты. Аяқ астынан бүлініп, менің күйбеңдеп қолымның әлі келгенше жуған көйлектерімді «мына сасыған кебіндеріңді мен көрмейтін болайын, қақбас» деп далаға лақтырды. Бұған дейін де үйге келген құрбыларына маған әдейі есіттіріп «біздің қақбас» деп отыратын. Шыдамның да шегі бар. Мен де көңілде жүрген ащы «запыранды» ақтара салдым. Ақша ұстаудан қалтыраған қолын ала жүгірді. Шыр-шыр еткен немере аяғына оратылмағанда ұрудан да тайынбайтын еді. Ашуланып аулаға шыққан мені жұлқылап, дарбазадан шығарып жіберіп, сәлден кейін мына түйіншектерді лақтырып, есікті сыртынан құлыптап, «әжелеген» баласын жұлқылап, «қызың келеді» деп тайып тұрды. Қызға айтпағанын жаңа білдім. Сенің енең болмағанда…» деді.

Есіктен енген қызын көріп, жанары жасаурап, сөзін аяқтамастан сырттағы көлікке барып отырыпты.

***

Көрші ауылдағы қызының қолындағы сол кейуананың төсек тартып жатып қалғанын есітіп, екі-үш көрші барып көңілін сұраған.

– Шолпан, сенсің бе? – деген көзін орамалының ұшымен сүртіп. – Кеше қайныларымды шақырып алып, олай-бұлай болсам, осы қыздың қолынан шығарыңдар десем, олар: «Балаң, шаңырағың бар емес пе?» дейді. «Бала ақшалы қатынның шылауында кетті. Жалғыз бала шалыммен екеуіміз салған үйді бұзып, қайта саламын дегенде «орны бар оңалар» деген осы, шаңырақ тікейетін болды деп, шалдан қалған мал-пұлды сол бала мен қатынының қолына салғанмын. Сөйтсем шаңырақ қана емес, бала мен келіннің пейілі де бұзылған екен. Ана зәулім үй менің шаңырағым емес, ақшаға құныққан келін мен безбүйрек бала салған мен үшін жылуы жоқ жайсыз мекен болды. Енді ол жерден менің мүрдем де шықпайды» дедім.

Шолпан, сол бір жауынды күзді сен білесің. Есіңде болсын, кеудесі көк тіреп тұрған сол келіннің екі көзі ағып алдына түседі, ішкен-жегені бүйірін тесіп шығады. Оны мен көрмеймін, сен көресің, – деп еді-ау келінге налыған кейуана, жасаураған жанарынан жас парлап.

***

Алланың құдіреті. Жаңа Күлпараның қос қолымен қарманып,«Шолпан, сенсің бе?» деген қарлығыңқы дауысы мен көлікке отырып жатқандағы жадағайдың шалғайымен көлегейлеген медициналық шлангіге жалғанған целлофан қалтаны көргенде, ананың наласының айнымай келгені Шолпан әженің ойына еріксіз оралған еді.

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: