Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

11.04.2024, 9:20 306

Шаланың  шарпуы

Шала білімденген, шала дінденген, шала ілімді, шала ділді болса да, шаппа-шот шақарлығымен, шақпа тілдігімен талайларды шала-жансар етіп тастап жүр.

Түсіндім

Ақыннан әулие шықса да, әкімнен әулие шықпайды.

Ыңқыл-сыңқыл

Біраз адамның айықпас ауруының аты – ыңқыл-сыңқыл. Бұлар дәрігердің есігін ашпайды. Ыңқылдап жүріп, сыңқылдап жүріп, «уһілеп» жүріп, «туһілеп» жүріп жазылып кетеді… Алайда ыңқыл-сыңқылдың жаман жері – ай өтпей қайталанады да тұрады. Бір жұмыс бола қалса, ыңқыл-сыңқылы ұстайды да қалады, той-тобырдан хабар келсе, ыңқылы да, сыңқылы да басыла қалады…

Шығармашылық

Өлеңнің жолы өрлерге шығарады. Қара сөздің жолы қара айдау соқпақтарға түсіреді. Әзіл-қалжыңның жолы әрқилы: бірде биік, бірде еңіс, бірде сай, бірде тегіс, бірде батпақ, бірде қатқақ…

Тұз  секілді

Судан шығып, судан қорқатын тұз секілді біздің шенеуніктер де халықтан шығып, халықтан қашады…

Естелік

Ауылда қап-қара, қап-қара деп менсінбей жүрген қыздарымыз қалаға келіп, аппақ-аппақ жігіттерге тұрмысқа шығып алып, енді ауылдағыларға мұрын шүйріп отыр…

«Депутат»

Қайраткерлігі мен қарымына қарай емес, қалтасы мен қарнына қарай сайлап жібердік…

Сөздері  сұйылған

Атқамінерлердің де, соңына ерген салпақбайлардың да, жанында жүрген жалбақбайлардың да уәдесінен құн қалмады. Айтады да қояды. Арғы жағы жоқ…

Зорыққан  бақытсыз

Әйелін бақытты етем, шалқыған өмірге жеткізем деп зорығып жүріп, өзі  бақытсыз  боп  қалғандар  да  бар.

Ғұмырзая

Жасым келгенде құбылаға бет қоямын деп құбылып жүріп, өмірден бағытсыз өтіп кетті.

Біздің  үкімет

Өзгергісі келіп, өзгергісі келіп көп «толғатқанымен» де, өзгере алмай қалады…

Заман  сұрағы

Өзге елге барып, өз тілінен айырылып қалғандар бар шығар. Ал өз елінде өз тілінен айырылып қалғандар қайда бар?

Қадірі  кеткенде

Біздің «қалаулы» деген керемет сөзіміздің қадірін «Қалаулым» бағдарламасы мен халық қалаулылары кетіріп барады…

Ашқарақ  әулеттер

Жемқорлықты өзі ғана «кәсіп» қылмай, тұқым-теберігінің, айналасындағылардың «кәсібіне» айналдырғандар…

Божырағанда

Билік божырағанда әулекілер әкімдікке, дауқойлар депутаттыққа, басы жоқтар басшылыққа, тортөбелдер төрағалыққа ұмтыла бастайды…

Тыныштық  иесі

Әйел тыныш болса, әлем тыныш.

Өміршең  үн

Өзі әлдеқашан бақилық болған. Ал күмбірлеген үні сол күйі әлі халықтың құлағында жүр.

(Жалғасы бар)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: