Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘБА (әңгіме)

14.03.2024, 10:20 273

Әба-а! Ә-ба-а-а!

Ми қайнатар шілде. Құм арасына қоныс тепкен Сазды ауылында бұл мезгіл тыныштық орнап, тұрғындардың көбі тәтті ұйқыға кетер, шыбын екеш шыбынға дейін ызыңынан айырылып, қанат қақпай, көлеңкеге тығылар тал түс еді. Күннің күйдіріп тұрғаны сондай көлеңкенің өзінде ыстық леп ұрып, сол көлеңкенің өзі басы айналып, қайда тығыларын білмей тұрғандай әсер қалдыратын.

Әба-а! Ә-ба-а-а!

Сәл қырылдай естілер жарықшақты осы бір дауыс талайды ұйқыдан оятты, көлеңкеде тілі салақтап, ырсылдай тыныстап жатқан иттер де апыр-топыр атып тұрып, дауыс шыққан тұсқа бет алған. Іздерінде қолайсыз дауыстан еріксіз оянып, көзін тырнай ашып, не болғанын білмекке жүгіріп келе жатқан бір топ бала. Жаз шығысымен лыпа атаулыдан үстеріне  тек  ішкиім  ғана  ілер  олар күйіп  тұрған  топырақтың  ыстығын да елер емес. Енді қайтеді, білу керек қой  не  болғанын.

Балалар дауыс шыққан жаққа жақындаған тұста артына қарай-қарай «Әбалай» жылап, қашып келе жатқан 11-12 жастағы бала мен оның соңынан қуған адырақ көз қара әйел көзге ілінді. Осы мезетте «Әбалаған» бала дауысын баса әйелдің айғайы шықты.

– Әй, жетпегір! Жер мола болғыр… Тоқта деймін саған!

Оған тоқтар бала жоқ, ұшып келеді, қаумалай үрген иттерді де елең қылар емес, сол сәттегі түрін бейне сілеусін дерсің, үрей мен ыза аралас көздер жан-жағына сес көрсете, қолындағы таяғымен жақындағандарын жасқап, топтанған балаларға таяп қалды.

– Ә-ба… Ә-б-а!

Бұл кезде далаға ауыл үлкендері де шыққан еді, «Бөкенбайдың көшіп келгендері кеше ғана еді, тоқалы «Қайтты білмейтін» көкбет дейтін, рас болды ғой. Мына сорлы баланы құртып тынар түбі. Сорлы бала есі ауытқығасын жұрт құсап оқи да алмады» деген әңгімелер де шығып жатты кемпірлер арасынан. Тағы да әйел дауысы шықты. Кәпірдің дауысының сонша зәрлісін, сонша жағымсызын қарашы.

– Әй, балдар! Ана жабайыны ұстап беріңдерші… Өлген шешесінің а…на тығып жіберейін… Ойбай-ай, ойбай! Құртты-ау! Өмір жасымды өксітіп болды-ау мына жалмауыз! 

Арқасының бір-екі жерінен қан көріне жүгірген бала топтанған адамдар ортасын жарып өте шықты. Бұл ауылда сол тұста жаз шықты болды, бала біткен шашын тықырлап алып тастайтын, кімнің шығарған ережесі екені белгісіз, жетінші класты бітіргенше осылай болуы керек-тін. Ал мына баланың шашы өскен, алды көзіне, арты желкесіне түскен, шынында да біртүрлі көрінеді. Осы кезде қолында осы ел «прессшөп» атайтын шөпті тайлауға пайдаланатын бір құлаштай темір сымы бар долы әйел де топқа жақындады. Бала арқасындағы шығып тұрған қан осы темірдің ізі екені енді белгілі болды, ол ауыл шетіндегі қалың шеңгелді бетке алып «Әбалап» безіп барады.

Шабынған әйелдің жолын ауыл адамдары кесті, сөз бен айғайдан ешкімге есе жіберіп көрмеген Ақмоншақ кемпір мен сатушы Шәрипа оны екі жақтан шап беріп ұстап, көлеңкеде отырған үлкендерге алып келді. Ол әрі-бері бұлқынып, ештеңе шықпасын білген кезде Ыбырахым ақсақалдың дауысы естілді.

– Әй, шырағым! Баланың жазығы не? Соншама неге зәбір бересің?

– Ойбай-ау, ойбай! Құртты ғой… Құртты ғой… Мына мәгас құртты ғой…

– Нені құртты ол?

– Қазанға сүт құйып, «қарап отыр» деп тапсырсам, ұйықтап қалыпты. Ойбай-ау, ойбай! Жер тартқыр-ай, енді қайтейін… Сүттен бір тамшы қалмаған…

– Ау, сүт төгілсе – ырысың емес шығар. Неге сонша ойбайлайсың. Тоқтат!

Біраздан соң ауыл қайта бұрынғы қалпына келгендей болды. Жо-жоқ, мұнымыз дұрыс болмас, қайдан бұрынғы қалпына келсін, тек айғай мен қарғыс, «Әбалаған» бала дауысы мен абалаған ит үні естілмейді демесең. Күбір-күбір әңгіме әр үй көлеңкесінен шығады, әлгі оқиғаны әңгімелеп жатқаны бесенеден белгілі.

Төрт-бес сағат өте, «Әбалаған» балаға қатысты әңгіме неше түрлі болжам мен қаңқуды қоса, ұлғая, өсе түскен мезгілде ыстық та басылып, күн сонау алыста шағыл құмдардың арғы жағына қызара батып бара жатты.

Кешкі ас үстінде ферма ветеринарының отбасында да осы оқиға әңгіме арқауы болды. Отыз бестердегі жігіт өз ісінің маманы болатын және бұрынғы Сазды колхозының ізі болып саналатын осы фермадағы екінші басшы еді. Бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде де, білікті ветеринар ретінде де ел мен аудан басшыларына сыйлы жігіттің шайға отыруын күтіп тұрғандай анасы әңгіме бастады.

– Балам, өзіңе берілген машинаны мінбейсің бе? Үнемі салт атпен жүргенің… Күннің түрі мынау – көлеңкедегі адамның өзі қаталап, өліп бара жатыр.

– Машинадан ат жақсы, апа. Мұндай ыстықтың талайын көрдік қой. Шопандармен өрісте сөйлескен жақсы, ал оған машина бара алмайды. Өріс жайын, малдың күйін, шопандардың хал-жағдайын толық көресің. Бүгін де арғы жақтан келе жатып, күн жанып кеткесін Дерімбайдағы қыстауда салқын түскенін күттім, ат та тынығып қалды.

– Балам, әйтеуір, аман бол! Біз уайымдаймыз ғой. Үйдегі түздегіден, түздегі үйдегіден қорқатын заман өтті десек те… Біреулерге тілің тиіп кетпесін… Заң бойынша дұрыс екен деп адамдарға күш көрсетуге болмайды. Адамның көңілінде дық қалуы мүмкін, нақақ күйсе – наласы жаман болады. Барлығы Алланың есебінде тұр ғой, құлыным. Біреудің ақысы о заманда, бұ заман біреуге кеткен емес, бәрін Алла алдына келтіреді, өзі болмаса ұрпағы зардабын тартуы мүмкін. Атасы басқа болса да шопандардың, жұмысшылардың Әбекелеп төңірегіңе үйірілгені қуантады, адамдардың жайын ұғуға тырыс, балам. Бүгін осында келеңсіз бір оқиға болды. Жақында көшіп келген Бөкенбайдың тоқалы ана бір науқастау баласын сыммен ұрып… Апырай, сүт төгілді деп балаға соншама азар бергенін қарашы… Өзімдікі емес дейтін шығар, өгей бала дер, бірақ солай істеуге бола ма?! Ол баланың жайынан хабарың бар шығар. Мына оправ, баяғыда колхоз бастық боп тұрғанда емшектегі баласы бар әйелі ауырып жатқанына қарамастан Бөкенбайдың отарын Аралға етке айдатқан ғой. Не көмекші жоқ, айдалада отырған жалғыз үй. Бөкенбай сол сапардан апта жүріп… Сорлы бала… Құдай аясын…  Содан бері қуанса да, қорықса да, қиналса да «Ә – б – а» дейді екен… «Апа» дегені ғой… И-и… Құдай-ай… Мына қатын бар ғой… «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады» дегенді білер дейсің бе…

– Апа, ар жағын айтпай-ақ қой… Білемін…

Жігіт ағасы да, дастарқан басындағылар да ойға шомған, бұдан әрі шай үнсіз ішілді. Үй ішінде тыныштық салтанат құрып тұр десек те, сонау алыстан «Ә-б-а!» деген үн талып естілетін сияқты. Бәлкім, елес болар, кім білген?!

***

Бөкенбайдың қырқым пунктінен келгеніне көп өткен жоқ еді. Отарының күзем бойынша жоспарды асыра орындағанына мәз, мал баққан шаруаға бұ да бір демеу, бұ да бір мақтаныш. Үш күннен бері толастамаған жауын малды да, адамды да абыржытып жіберді. Колхоздың ең шеткі күзеуінде отырған бұларға ең жақыны – қырық шақырым жердегі Бидайдың ауылы, шаруа бастан асады ғой, екі ауыл төрт-бес күнде ғана хабар алысады.

Кәрі қой отары болғасын ба, әлде жаңбыр өтті ме, малдың жайылуынан бір-біріне басын тығып, тұруы көбейді, бұл ауылға бет алды. Күн батуға біраз уақыт болса да, күннің күркірі, найзағайдың ойнауы, түбі тесіліп кеткендей толастамай тұрған жауын, бәрі-бәрі мұның көңілін құлазыта берді, «Әбіржітіп жіберді-ау, Алла әбірей бергей!» деп күбірлеп қояды тұтаса сірескен қою бұлттарға тесіле қарап.

Ауылға жақындағанын сезген қойлар бірінен-бірі оза қора маңында ши мен шыптадан істелген ықпанаға қарай шұбыра жөнелді, маңырап барады, кім білген, тоқтаусыз жауын жіберген тәңірін қарғап барады ма. Көзге қораш болғанмен, өзіне ыстық қара үйге көз салды. «Апыр-ай! От жағылмаған ба? Балқия басын көтермегені-ау… Осы бір дерт… Құдай-ай… Тіл тиді ме, көз тиді ме, осы жаз жабысты… Бектұрсын бөгетін бөгеген кезде таяғына сүйенген басқарманың сұқтануы жаман еді… Бұл да жұмыста бір жарқ-жұрқ етті дейсің… Әй… одан дейсің бе, көзі өтсе – Өтегеннің көзі өтер, талай малды, талай адамды тырапай асырды емес пе… Е… Құдай жар болсын… Бірінің үстінен бірі арыз жазып, қаншама адам сотталып кетті… Әйтеуір, басқарманың дегені болып тұр… Осы адамдар неге бір-біріне ылғи күш көрсетіп жүреді екен? Біреуден біреудің не артықшылығы  бар?  Ертең  өлді бітті – бәріне бұйырары от орнындай жер ғана. Ал, мына тірлікте шіренеді кеп… шіренеді кеп. Біріне-бірі тілі тиіп, төбелесіп, атысып-шабысып  жатқаны… Не үшін… Кім үшін…».

Атын ағаш үйдің ық бетіне байлаған ол сықырлауық есік алдына тоқтап, толассыз нөсерге төтеп беріп, жалғыз қамсау болған брезент шинельді сілки шешті, одан сорғалаған су мана, малды өріске шығарарда әйелінің жанына тізе бүккенде емізулі баласын тонға орай қасына жатқызған Балқия жүзін жуған жасты еске түсірді. «Көке-сі… іһ… і…-ау, іһ…і… кү-ні… күні… іһ… уһ…-міз не бо-лар е-кен… Ал-ла… іһ-іһ…-ау… Із-мұрат-жан…».

Оның су болған тезектерді үстіне сала, астына шағырдың құрғақ түбірін салып отты тұтатуы мұң екен, даладан бір дауыс шаңқ ете қалды. Құдды әйел дауысы сынды. Бұл селк етті, «Ойбай-ау, басқарма ғой… Қайдан сап ете қалды… Қалай естімеді… Әтәңә нәлет әлгі Таймастың үрмегені несі… Жауыннан тығылып жатыр ма екен… Машинаның келгенін қалай естімей қалған…».

– Әй! Шық сыртқа!

Керегенің басына іле салған сулықты қайта киген ол үйден шыға анадай жерде тұрған «Газ-67» автокөлігін көрді, басқарма машинада отыр. Көлікке беттеген мұны ішкі қыжыл мазалауда. «Әкесі өлгеннен бетер ғой, түрін қарашы, нағыз кессе – қан шықпастың өзі, қаталдығында шек жоқ. Бұған адам емес, заң керек – деген әңгімені талай естіген. Сонда үкімет «Заң, заң» деп адамдарды қыра ма. Адамды қорғамайтын заң кімге керек? Сабет үкіметіміз, тең прабалымыз дейміз, сол тең прабаны көрмей-ақ келеді екенбіз…».

–  Неге малды ерте әкелгенсің?

«Сәлем жоқ, сауқат жоқ. Осы қазақ па өзі? Әлде, басынғаны ма? Неге адамды емес, малды сұрайды бұл?». Бұл ойлар сыртқа шыққан жоқ, ол қалбалақтай сәлем берді.

– Ассалаумағалайкүм! Ау, үйге кірмейміз бе?

– Әлік! Үйіңе уақыт жоқ. Шаруа күйіп тұрғанда бұл не талтыю? Мал неге өрісте емес?

– Мына жаңбырдан жайыла алар емес, мұп-мұздай… төпеп тұр… Өзі кеше ғана қырқымнан шықты… Кәрі мал салқынды көтере алмас деп ыққа әкелдім… Суыққа ұшып кетер…

– Ық керек болыпты саған, ә? Ықтатамын әлі сені. Ертең таң азанымен қойды Аралға, мясокомбинатқа  айдайсың.  Отарың етке өтеді. Малды қумай, жайып барасың. Әй, смәтри, мал қоңына  жауап  бересің… Со  жерде  мамандар  болады. Давай  дайындал!

– Басеке! Сәл кідіруге болмай ма? Әйелім қатты ауырып жатыр еді, бала болса емізулі, көмекші де жоқ.

– Әй! Не қыртып тұрсың сен! Қырқымға адам таба алмай жатқанда көмекшің не? Әйелің ауырса – қайтем, қазір сау адам бар ма?! Жазылар! Сен көп сандалма! Үш күннен соң отар Аралда болмаса – маған өкпелеме. Партия мен үкімет сенің бетіңе қарап отырмайды. Бұл – ауданның тапсырмасы. Әй, түсіндің бе? Қисаңдап көр – түрмеде шірітем!

Машина гүр етіп, орнынан қозғалды, есігін жабамын дегенше басқарманың таяғы бұған сұс көрсете шолтаң етті.

***

Аралдан таң сыз бере атқа қонған еді, қалтадағы төрт-бес құртты талғажу қып суыт келеді. Отарын етке өткізіп болған Бөкенбай қой бастап келген серкесі мен ешкісін қаладағы туыстарына қалдырды, олар да алып қалуға көнбеген, тек мұның әйелінің халін естігесін ғана жібіді, бұл да кешіктірмей алып кететінін айтты, ет комбинатында ішек-қарын аршитын жақын жеңгесі «Он күннен кешіксең, сойып аламыз» деп әзіл-шыны аралас ойын да жасырған жоқ. Мұнысы оңды болды, әйтпесе, бұл кезде сол Жағашидің маңында жүрер еді. Ауылдан шыққанына бүгін бесінші күн болыпты. Қойдың қоңын тайдырмай жеткізесін деген нұсқаумен жая айдап үш күнде әзер жетті Аралға. Бір күн отарды өткізуге кетті. «Апыр-ай, Балқия қалай екен? Құдай-ай, бұл не заман болып кетті, ең болмаса науқастанып жатқан қосағына жәрдем де бере алмады-ау. Басқарма да қатып қалды ғой, қой айдайтын бір адам берсе несі кететін, онда бұл науқас әйелінің қасында қалар еді. Кешегі замандағы бай-төрелер де бүйтпеген шығар. Адам баласы неге осынша бір-біріне қатыгез болды екен? Аяқ-қол емес, тілге де кісен салған кезге тап болдық қой. Айтарыңды айта да алмайсың, айтқызбайды да. Халық жауы болып кетуің аяқ асты…».

Мана күн батар кезде өрісте жүрген Бидайға жолыққан-ды. Қырқымнан келіпті, жері от екен, қойлар бас көтермей жайылуда, күйі де жақсы. Ол алдыңғы күні ертеңгісін әйелінің бұлардың үйіне барып қайтқанын, Балқияның амандығын айтты. Аттан түспеген күйі естіген осы хабарына да шүкіршілік ете Бөкенбай енді жарты сағаттан соң үйіне де жетерін ойлап қояды. «Ізмұраттың қарны ашып қалмады ма екен… Беу… Балқияш оны аш қылар дейсің бе… Алла-ай, әйтеуір аз-кем күн бейнет болып, сауығып кетсе жақсы болар еді… Әтәңә нәлет, осы бір шаншуы құрғыр кетпей тұрып алды ғой, жөтел қысса Балқия тіпті өзгеріп, бір қызарып, бір сұрланады… кейде, тіпті, дем жетпей қалады… Қиналды-ау… Қинадың-ау, жаратқан…». Ол өзіне ту сыртынан Бидайдың мүсіркей қарағанын да сезген жоқ. Осыдан екі күн бұрын Балқияның хал үстінде жатқанын айтып келген әйелі, бұл оны Бөкенбайдан жасырып қалды.

Шаруақор Бөкенбай қойға мінсе де, торының күйін тайдырмай, бабында ұстайтын, оның да таң атқалы суыт жүріске шыдас беріп келе жатқанының бір сыры осында еді. Ауылға қозы көш қалғанда Таймас озып кеткен, «Ит болса да ауылды сағынғанын қарашы» деп қойды бұл ішінен. Сыдыртып шағыр мен көкбұта араласа өскен төбеге шыққан кезде қараңғылық қоюланып кеткен болатын, жақын тұстан үрген ит дауысы шықты. Қайта оралған Таймас екен, қыңсылап, ат аяғына оралады.

Қараңғылықты тінте қарап, үйге де жетті. Астапыралла… қараптан-қарап қолы қалтырағаны несі, белдеуге шылбырды қазық бау шалудың өзі қиынға түсті, қыңсылап жүрген Таймасқа да назар аударған жоқ, бар ойы Балқия мен ұлында еді. «Ойбүй… Тағы ауырып қалған-ау… От жақпапты… Түнде сығырайтып шам жағатын еді, ол да жоқ… Киіз есікті түсіріп қойыпты, түн суық болған-ау…».

Ол үйге енді. Тас қараңғы. Қалтасын сипалап жүріп сіріңке тапты. Жарқ ете қалған сіріңке жарығымен қоса әлсіз ғана «Ә-б-а» деген дауыс естілді. Мұның жүрегін қуаныш кернеді, «Алла-ай, Алла-ай, аман екен ғой… Құлынымның дауысы шықты ғой…».

Сырт киімін кереге басына іле салып, от жағуға кірісті. Бір жерде пиалай, бір жерде шыны атайтын керосин шамның әйнегін бұл ел мөрже атайды, шам білтесіне от тигізіп, ойылып, сынып түскен жеріне қамырмен газет жабыстырып қойған мөржені шам тырнағына кигізді. Шам мен жанған оттың сәулесінен үй іші әжептәуір жарық болып қалды. Қара шәугімді отқа қойып барып ол: «Балқияш! … Мен келдім ғой» деп дауыстады. Бұған жауап қатқан адам болмады. Әлгі сөзін бірнеше қайталағанмен тырс еткен дыбыс шыққан жоқ. Ол әйелінің бетіне үңілді де, сол сәт есінен танып қалды. Біраздан соң барып есі кіре бастады, онда да сол бір сәт… Балқияның аспанға қадала қарап қалған көздері…

Ә-б-а! Әба! «Ой-бай, мынау Ізмұрат қой…». Бірте-бірте есін жиған ол мұсылман жолымен тілін кәлимаға келтіре әйелінің көзін жапты. Денесі мұздап қалыпты… Бақилық сапарға аттанып кеткеніне аз болмаған сияқты. Көгеріп кеткен емшекті еміп жатқан Ізмұратты әзер ажыратты. Түнде жаңғырта еңіреп жылап жіберді.

Ертеңіне Бидай мен оның әйелін шақырып келіп, Балқияны жерледі. Бұдан соң не істеп, не қойғанын өзі де білмейді, бір самасау күйге түсті. Мәйітті жуындырғанда бұл көп нәрсеге мән бермеген болатын, сол ұнжырғасы түскен қалпында Бидай мен Ақынбикенін қасында ерқара болып жүрді, әйтеуір. Алла-ау, мұндайға тап болған жан, қайдан бәрін ойласын, Бидай «Келін сол біздің қатын келіп кеткен соң-ақ үзілген-ау. Бала екі емшекті де сора-сора көкпеңбек қылып жіберіпті. Сонда екі күн өлген анасының емшегін еміп жатқаны-ау» дегенде анаған ажырая қарады. Санасына «Екі күн өлген анасының емшегін еміп жатқан» деген сөз қадалды да қалды, көкірек тұсы шаншыды…

Бидай мен әйелі ауылдарына кетті, бұл ошақ басында өлімсіреп шоғы өшіп бара жатқан отқа қараған күйі жүгіне қанша отырарын кім біледі, тон ішінен дыбыс шықпағанда: «Ә-б-а! Әба!»

«Апаң… Әбаң… Ә-б-аң… жоқ енді бізге, құлыным!». Оның ішін сұп-суық, жан түсініп болмас, алай-түлей боран шарпып өткендей болды. Дауысы да шықпай қалыпты, үнсіз егіле жылады… Құдай-ай… Құдай-ай!  Әлгі дауыс тағы шықты:

– Ә-б-а! Әба!

***

Ие… Содан бері талай таң атып, талай күн батты, сонда да болса, кейде маған сонау алыстан, шағыл құмдар арасынан: «Ә-б-а!» деген үн талып естілетін сияқты. Бәлкім, елес болар, кім білген?!

Алдажар  ӘБІЛОВ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: