Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кібісе жыл

29.02.2024, 12:20 342

2024 жыл – КІБІСЕ ЖЫЛ.

Бұл жылдың не айырмашылығы бар десек, басқа жылдар 365 күннен тұрса, кібісе жылында 366 күн бар, яғни, ақпан айы төрт жылда бір рет 29-ынан аяқталады.

Кібісе жылының пайда болуы ежелгі Мысырдан бастау алған деседі. Осы елдің ғалымы Сотис «Сүмбіле» ең жарық жұлдызын біраз уақыт зерттеп, оның таңертеңгілік оңтүстік   көкжиектен көрінуінен бастап, әр жылдың 365 күннен тұратынын анықтаған.

Ал, Сотистің Сүмбіле жұлдызын зерттеуі көктем кезінде ағыл-тегіл таситын Ніл өзені суының шаруалардың үлкен еңбекпен еккен егістік алқаптарын шайып кетуіне байланысты болды. Осылайша, жұлдыздардың жай-күйін терең зерттеген египеттік ғалымдар күндерді жаңылмай санай отырып, халыққа Сүмбіленің туатын мезгілін дер кезінде ескертіп жүрді.

Осындай санақтың нәтижесінде өзіміз бүгінгі күні қолданылып жүрген күнтізбе пайда болды. Сөйтіп, ғалымдар күн мен түннің теңелу уақытының арасын жыл деп атады. Жылдың төрт мезгілін аңғарып, бір жылды жылдың мезгілдеріне сәйкес төртке бөлді.

Бұған қоса, ғалымдар өздерінің зерттеуінде әр үш жылдың   365 күнге аяқталып, ал әрбір төртінші жылдың күн саны алдағы үш жылда бір күннің артық қалуы салдарынан    366 күнге толатынын дәлме-дәл  есептеп  шығарды.

Міне, осыдан келіп, «Кібісе жыл» пайда болды. Төрт жылда айналып келетін артық күн қыс пен көктемнің түйісер тұсы – ақпанның үлесіне тиді. Осылайша, әрбір төртінші жыл  366 күнді дөңгелектейді. Сөйтіп, кібісе жылының қарапайым жылдан бір күн артықшылығы  бар.

Халық арасында кібісе жылдан (високосный год) үрейленіп, теріс пікір туғызушылар бар. Кейбірі кібісе жылында апат көп болады десе, енді бірі ақырзаман орнайды деген алып­қашты  әңгіме  айтып  әлек  болады.

Алайда, кібісе жыл соншалықты апаттармен немесе соғыстармен әлем­дік тарихқа ене қоймаған. Напо­леон­ның 1812 жылғы Ресейге жорығы болма­са.

Кібісе жылдың төңірегінде халық арасында әр алуан пікір бар дедік. Олай болса, елімізге қаншалықты жайлы не жайсыз болғанын өз тарихымызға көз жіберіп  көрейік.

1916 жылы отарлық езгінің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстан­дыру саясатына қоса, Ресей патшасының 25 маусымдағы армияның қара жұмысына 19-дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығы Қазақ еліндегі көтерілістің басталуына түрткі болды. Шілденің басын­да қазақ даласында стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Оны басу үшін патша өкіметі әскер шығарды, қарсыласқандарды аяусыз жазалады. Осы тұрғыдан келгенде 1916 жыл халқымыз үшін  жайсыз  жыл болды деуге болады.

1920 жылы 20 тамызда Қазақ  АКСР-­ін құру туралы декрет шықты. РКФСР БРОАК-тің 22 қыркүйектегі жаңа декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР-і құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақ елінің  астанасы  болды.

1924 жылы Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік шекарасы белгіленіп, қазақ жерлері тұтастай Қазақ  АКСР  құрамына  енді.

1928 жылы Қазақстан ОАК мен ХКК «Аса ірі бай шаруашылық­тары мен жартылай феодалдарды тәркі­леу және жер аудару туралы» декрет шығарды. Байларды кәмпескелеу заңсыз жүзеге асырылды. Ұжымдастырудың кесірінен халық саны 2 миллион адамға  кеміді. Бұл жыл қазақ тарихында  қасіретке  толы  жыл  болды.

1932 жылға келсек, 1930-1932 жылдары аштықтан, түрлі індеттен халық­тың 40%-ы қырылды. Республикадан тыс жерлерге көшіп кеткен халық саны 769 мыңға жетіп, оның 616 мыңы қайтып оралмады. Әке-шешесінен айырылғандар саны күрт өсіп, сол жылдың күзінде балалар үйлеріне орналасқандар саны 68 мыңға жетті. Жайсыз да қара  жамылған  жыл  болды.

1936 жылы Қазақ КСР-і құрылып, мемлекет атандық. Мамыр айында Мәскеуде қазақ өнерінің алғашқы онкүндігі ашылып, ол үлкен табыспен өтті. «Қыз Жібек», «Жалбыр» қойы­лымдары көрсетілді. Күләш Байсейі­товаға осы онкүндікте КСРО халық артисі  атағы  берілді.

1940 жылы егін жақсы шықты. Ұзындығы 806 шақырым болатын халық­тық   екпінді   құрылыс   әдісімен     9  айға  толмайтын уақыт ішінде Ақмо­ла-­Қарталы теміржол торабы салын­ды. Ашаршылық, репрессия артта қалып, ел есін жиды. Мәскеу, Ленинград, Челя­бі зауыттарынан Қазақстанға маши­на, тракторлар көптеп келіп, ел техниканы  меңгеруге  бет  бұрды.

1944 жылы сәуір айында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық инсти­туты ашылды. Сондай-ақ, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйым­дастыру туралы қаулысы шығып, алғышарттары жасалды. Алматы қаласына троллейбус келіп, жүре бастады. Майданда жаудың жеңіле бастағаны айтылып, тылда оң өзгерістер жүзеге асып  жатты.

1948 жылы атақты ғалым Кәрім Мыңбаев бастаған республика ғалым­дары ұшақпен Алматыдан көтеріліп, жолда Балқаш қаласына қонып, жанармай құйып, Мәскеуге қарай бет алғанда, олар мінген әуе кемесі аспанда жарыл­ды. Сөйтіп, Қазақстанның бір топ талантты ғалымы өмірден өтті. Кәрім Мыңбаев, Қылыш Бабаев, Федор Солодовников, Хасен Наурыз­баев, Сапар Нұғыманов сияқты көрнекті ғылым иелерінің қазасы елдің ауылшаруашылық саласын  ойсыратты  десе  болады.

1952 жылы мамырда Қазақ ССР Ғылым академиясы төралқасының отырысы болды. Онда көрнекті ғалым Е.Бекмахановты қызметінен босатты. 25 жылға соттап, Сібірге жер аударды. Бұл жылы осындай қиындықты ғалым­дар Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов бастаған біраз адам да көрді. Діни орталық деп Баянауыл іргесіндегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі қиратылды. Қазақ эпоста­рында байшыл-феодалдық са­рын­ның бар екендігі сынға алынып, бұл  рухани мұралар оқулықтардан алынып  тасталды.

1956 жылы Қазақстанның колхоз­дары мен совхоздары мемлекетке мерзімінен бұрын 1 млрд 340 мың пұт астық тапсырды. Ел тұрғындарына тұңғыш  рет  зейнетақы  беріле бастады.

1960 жылы Рим Олимпиадасын­да 4х100 метрлік эстафеталық қашықтық­қа жүгіруде Кеңес Одағы құрамасының сапындағы қандасымыз Ғұсман Қосанов күміс медальға ие болды. Осылайша, ол қазақ халқы үшiн Олимпиада кiтабын ашып, алғаш болып өз есiмiн жазды. Осы жылы Жамбыл электр стансасы салынды. Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты, Қарағанды металлургия зауытының бірінші дом­насы  іске  қосылды.

1964  жылы  37  килотоннаға  тең  Деге­лең тауының қойнауында жасал­ған жерасты жарылысы болды. Полигондағы ең сұмдық ядролық алапат еді бұл.

1968 жыл ел тарихындағы ең суық күн осы жылдың 8 желтоқсанында тіркеліпті. Онда республикадағы ауа райы минус 43,6 градусты көрсеткен. Аяздан облыстардағы мал қырылған. Үйлердің қабырғалары жарылып, жерасты суының деңгейі көтерілген. Ауылдардағы мал  да, жан  да  қатты  әбігерге  түскен.

1972 жылы баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Мюнхенде КСРО құрама командасының сапында Олимпиада чемпионы атанды. Ол осындай әлемдік додада ең жоғары атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ ретінде тарих жылнамасына есімі жазылды. Осы жылы «рекордтар фабрикасы» атанған Медеу мұз айдынының сан-салалы заманауи кешені пайдалануға беріліп, Қапшағай су электр стансасы толық көлемінде жұмыс  істей  бастады.

1976 жылы Олжас Сүлейменов­тің «Аз и Я» кітабы жарыққа шығып, Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналында Қазақстанды кінәлаған сөздер байқалды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті кітапты айып­таған қаулы қабылдады. Ашынған, қорланған қазақ зиялы қауымы іштей күйзеліс­ке  түсті.

1980 жыл Мәскеу Олимпиадасында қазақстандықтардың айбынын асыр­ған дүниежүзілік дода болды. Балуан­дар Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алтыннан алқа тақса, боксшыларымыз Серік Қонақбаев, Сергей Демья­ненко күміс медальға қол жеткізді. Қазақ КСР-і 60 жылдық мерейтойы құрметіне республикалық ақындар айтысы өткізіліп, бұл қасиетті өнердің қайта жандануына жол ашылды. 60 жылдыққа арналған салтанатты жиналыста орталықтың Алматыда мет­ро  салуға рұқсат бергені айтылды.

1984 жылы жалпы білім беру мектептеріндегі оқу жүйесі 11 жылдыққа көшірілді. Осы жылғы мектеп реформа­сы бойынша балалар мектепке 6 жастан баратын болды. 1-4-сыныптар бастауыш, 5-9-сыныптар орта, 10-11-сыныптар толық орта және кәсіби мамандыққа жол ашатын сыныптар болып  белгіленді.

1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы Ш.Құдайбердиев (1858-1931), Ж.Аймауытов (1889-1931), М.Жұма­баев (1893-1938), А.Байтұрсынов (1872-1937), М.Дулатұлы (1885-1935) ақталды. Алматы метрополитенінің құрылысы  басталды.

1992  жылы  Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туының жаңа үлгілері бекітілді. Хельсинкиде Қазақстан Еуро­па Қауіп­сіздігі және Ынтымақ­тастық Ұйымына мүше болды. Алматыда Дүниежүзі қазақтар­ының І құрылтайы өтті.

1996 жыл Қазақстандағы қазақ ұлты­ның азаматтары төлқұжатқа тари­хи, халықтық дәстүрге сәйкес аты-жөнін өз әкесінің, ата-бабасының ныс­пысымен жаздыруға мүмкіндік алды. Осы жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиадада бокстан Василий Жиров, күрестен Юрий Мельниченко, бессайыстан Александр Парыгин алтын, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, бокстан Болат Жұмаділов күміс, Ермахан Ыбырайы­мов және Болат Ниязым­бетов, күрестен Мәулен  Мамыров қола  медальмен  оралды.

2000 жылы  Сиднейде  бокстан  Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайы­мов, жеңіл  атлетикадан Ольга Шишиги­на Олимпиада чемпионы атанды. Осы дүбірлі додада боксшы Мұхтархан Ділдабеков күміс медальға қол жеткізді. Киелі шаһар Түркістанның 1500 жылдығы бар сән-салтанатымен  атап  өтілді.

2004 жылы Ұлттық бірыңғай тесті­леу (ҰБТ) енгізілді. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Резиденциясы жаңа ғимаратқа көшіп, ол әлемге Ақорда  деген  атаумен  әйгіленді.

2008 жылы Қазақстанда өндірілген ІЖӨ-нің көлемі 2007 жылғымен салыс­тырғанда оның көлемінің өзгеру қарқыны 3,2 пайызды құрады. Аста­наның сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі» монументі толықтырды. Осы жылы респуб­лика Үкіметінің қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш»  бағдарламасы  бекітілді.

2012 жылы Лондон Олимпиада­сында қазақстандықтар 7 алтын, 1 кү­міс, 5 қоламен командалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл – спортшыларымыздың әлемдік деңгейде бұрын-соңды  болмаған  жетістігі.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Наурыз айында мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы болып, Парламентке «Нұр Отан», «Ақ жол», «ҚКП» партияларының өкілдері өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы жетінші парламенттік  сайлау  еді.

Жаңа жер реформалары болды. Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жарияланды. Сондай-ақ, жер реформасына қатысты республикалық комиссия құрылды.

Ақтөбе мен Алматыда теракт болды. 2016 жылдың қасіретті оқиғаларының бірі  осы  еді.

Кейкі батырдың басы елге қайтарылды.

2020 жылы Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл жыл КОВИД-19 пандемия  індетімен  есте  қалды.

Қордайдағы тәртіпсіздіктер елді есеңгіретіп тастады. Оған мыңға жуық адам  қатысты.

2024 жыл Үкіметтің сәл де болса жаңаруымен  басталды.

Біз айтып өткен кібісе жылдардың әрқайсысының қазақ тарихында өз орны бар. Бұл жылдар халқымызға оншалықты жайсыз бола бермеген. Жайсыз жылдардың басым көпшілігі кеңестік  дәуірдің  еншісінде.

Биыл босағамыздан аттаған кібісе жыл егемен елімізге берекелі тыныш, жайлы да жақсылыққа толы жыл болсын деп тілеймін!

Интернет желісінде

жарияланған материалдарды пайдалана отырып әзірлеген

Айгүл  САҒЫМБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: