Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«МЕШКЕЙ ШЕНЕУНІКТЕРДЕН» тартып алып, МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ беру керек!»

15.02.2024, 12:00 818

«Жаңбыр жауса, жарық жалп етеді» деген сөз облыс аумағында көптен бері айтылады. Олай болмағанда ше, өткен жылғы статистика бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 68 пайызды құраған. Қайта бұл цифр биыл 2 пайызға азайып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг берген аудан әкімдері де жарық мәселесі бар екенін ашық айтып, электр желілерінің әбден ескіргенін жеткізді. Былтыр ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бірқатар мекемеге баспасөз турын ұйымдастырды. Сонда байқағанымыз, облыста электр энергиясынан бөлек, жылу, кәріз, су жүйелерінің  тозуы  байқалды.

Жалпы, тұрғындар  тарапынан коммуналдық  қызметтердің  сапасы  мен бағасына  қатысты  сын  жиі  айтылады. Тіпті,  қаланың  қақ  ортасында  тұрса  да, судың  қысымына,  жарықтың  қуатына шағым  айтатындар  бар.

– Жыл басталғалы Қызылорда облысында коммуналдық қызметтер бағасы күрт өсті. Иә, қарапайым халыққа бұл айтарлықтай ауыр соғуда. Көрсетілген қызмет сапасына алып отырған қызмет бағасы сай емес! Бұл мәселені тыңдайтын құлақ жоқ. Жауапты басқарма тас меңіреу сияқ­ты. Жаттанды жауаппен жүйкеңді тоздырады. «Айтады да қояды» деп отыра беретін сияқты. Өйткені айтқан сөздерімен ісі сәйкес  емес. Нәтиже жоқ.

Мысалы, электр жарығы соңғы  3-4 жылда басы дау мен шудан арылмады. Біздің аймақта сығырайған жарықпен үйдің  тұр­мыстық техникаларының күйіп кетуі, балқып  кетуі  деген  нәрселерге  көз  үйренді.

Ал ауызсуды айтпаса да белгілі. Сапасына байланысты сын көп. Жаздың ыстық күндерінде сусыз отырған кездерді еске алсақ, көзіңе жас келеді. Бірақ қашанғы бұлай жалғаса бермек? – деп ашынады Серікхан  Әлханұлы  есімді  тұрғын.

Аталған мәселеге орай Қызылорда облысының энергетика басқармасы былай деп жауап қатады.

– Коммуналдық қызметтер үшін тарифтер ҚР Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес есептеліп, тиісті уәкілетті орган тарапы­нан бекітіледі. Электр энергиясы үшін тариф ұзақмерзімді болуына орай, жыл сайынғы инфля­ция  деңгейінің  өсуіне сәйкес өсім қарастырылған.

Облыс аумағындағы электр желілері 70-80-жылдары салынып, қазіргі таңда тозу деңгейі 66%-ға жеткен. Облысымыздағы жалғыз электрмен  қамтамасыз  етуші  мекеме – «Қызыл­орда электр тораптары компа­ниясы» АҚ-ның бекітілген тарифіне сәйкес тозу деңгейін төмендету бойынша бірқатар жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, 2023 жылдың өзінде 232 шақырым электр желісі мен 95 дана қосалқы станциясы жаңғыртылды. 2024 жылы тағы да 418 шақырым электр желісі мен 73 дана қосалқы станциясын  жаңғырту  жоспарлануда.

Ауызсу мәселесі бойынша 2023 жылы «Қызыл­орда су жүйесі» МКК тарапынан қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақ­тарда 5 дана су қысымын күшейткіш сор­ғы станциясы орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы  уақытта да жалғасады деп жоспарлануда, – дейді  жауапты  мекеме.

Қала тұрғыны Серікхан Әлханұлы «коммуналдық саланы жекешелендіріп алған «мешкей шенеуніктерден» тартып алып, мемлекет меншігіне беру керек! Сол кезде ғана халықтың ауызы ақ майға тиеді. Мәселе шешіледі» дегенді айтып отыр. Ал, жауапты орындар барлық коммуналдық мекеме 100 па­йыз  мемлекеттік  меншікте  екеніне  сендіреді.

– Жыл басынан жылумен жабдықтау қызметінің тарифін қоспағанда, электр, су, суды бұру, газбен жабдықтау қызметінің тарифтері өзгеріссіз  қолданыстағы  деңгейінде  қалды.

Осы ретте, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның жылумен жабдықтау қыз­меттеріне 2021-2026 жылдарға тарифтері ұзақмерзімді кезеңге, яғни әр жылға бөлек-бөлек бекітілген болатын, оның ішінде 2024 жылғы қаңтар айында жылумен жабдықтау қызметі­нің тарифі тұрғындар үшін 1 Гкалға ҚҚС-мен 3350,77 теңге немесе 2023 жылғы қолданыс­тағы тарифпен салыстырғанда жоспарлы 7 пайызға өзгертілді. Қазіргі таңда аталған тариф қолданыста, – дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің Қызыл­орда облысы бойынша  департаментінің  маман­дары.

Жалпы, 2023 жылдан бастап «Тарифті инвес­тицияға айырбастау» жаңа тарифтік бағдарламасы іске қосылғаны баршаға белгі­лі. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – коммуналдық желілерді жаңғырту, жаңарту, желілердің тозығын төмендету, авариялық өшірулердің, мезгілсіз ажыратулардың алдын алу және көрсетілетін қызметтің сапасын артты­ру.

– 2023-2024 жылдары атқарылған (атқарылатын) жұмыстардың қаржыландыру көзі мемлекеттік бюджет болып табылуынан, тарифке әсерін тигізбегендігін атап өткен жөн.

Сонымен бірге, жарықтың сапасынан тұрмыстық техникалардың күйіп кету деректері болған жағдайда, оларды қалпына келтіру мақсатын­да тұрғындар энергиямен жабдық­таушы мекемеге («Энергосервис» ЕЖШС) тиісті өтінішпен жүгіне алады, – дейді департамент  өкілдері.

Шыны керек, «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасына көпшілік сенеді. Өйткені, өткен жылдың өзінде Қызылорда облысын­да біршама жұмыс атқарылғаны белгілі болып отыр. Иә, бұл көп инвестицияны және уақытты қажет етеді.

Ш.ШАТҚАЛ

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: