Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Шиелі ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Нұржан Ахатов Жансейіт елді мекеніне 100 орындық мектеп, кенттегі №252 мектепке 375 орындық бастауыш сынып оқитын қосымша құрылыс салудың бюджеттік өтінімдері салалық министрлікке ұсынылғанын айтты. Бұған қоса 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспарлануда. Жоба құны – 1 млрд 113 млн теңге. Қазір салалық министрліктермен жұмыс жүргізілуде.
Жаңа 200 орындық лагерьдің орны белгіленді, ол Бәйгеқұм ауылындағы көл жағалауынан 6 гектар жерге салынбақ. Жоба-сметалық құжат әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 32 млн. теңге қажет.
Мұнан бөлек, күрделі жөнделуі тиіс 6 мектептің құжаты демеушілер есебінен әзірленген, сараптамадан өткізу үшін 13 млн теңге облыстық бюджеттен сұралды.
Газ жүргізілген елді мекендердегі 9 мектеп пен 6 балабақшаның бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыруға демеушілікпен құжат дайындалуда. Нысандар газға қосылса, жылына 54 млн теңгеге дейін бюджет қаржысы үнемделеді.
Биыл Тартоғай, Ә.Тәжібаев, Бестам, Алмалы, Ортақшыл ауылдарында амбулатория құрылысын бастау жоспарлануда. Ауданаралық аурухананы МРТ құрылғысын орнататын қосымша блокпен толықтырып, қайта жаңғыртудың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Болжамды құны 332 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар, 1974 жылы салынған жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратын көшіру мәселесі туындауда. Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының жоба-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Эскиздік жобаны құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бекіткен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!