Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім беру ұйымдарындағы заңбұзушылықтар

02.02.2024, 9:30 265

HALYQLINE.KZ

Осы жылдың 29 қаңтарында облыс әкімдігімен бірлесіп өткізілген кеңейтілген мәжілісте мектептердегі қауіпсіздік мәселелері бойынша прокурорлық тексерудің нәтижелері, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі уәкілетті органдардың атқарылған жұмыстары қаралды.

Негізгі мәселе – білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігінің сақталу жағдайы.

Жиында облыс әкімі төрағалық етіп, бұл мәжіліске облыстық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, қала, аудан мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ардагерлер, әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері мен облыстық білім басқармасының, қала ауданның білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев прокуратура органдары мектептерде жүргізген тексерулер нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің көптеген бұзушылықтарын, мұғалімдерді конкурссыз жұмысқа қабылдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету және мектеп ғимараттарында күзет қызметін көрсету барысындағы бұзушылықтарды атап өтті.

Мысалы, Қазалы ауданындағы 3 мектептің асханасында оқушыларға мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері берілген.

Сырдария ауданында мектеп асханаларында арнайы аспазшы мамандығы бойынша сертификаттары мен дипломдары жоқ адамдар жұмыс істеген.

Қызылорда қаласында бес мектепте медицина қызметкерлерінің өз мамандығы бойынша сертификаттары болмаған.

Қала, аудан мектептерінде мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеген.

Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. 

Одан бөлек мектеп директорлары қызметкерді лаборант, ассистент қылып алып, мұғалім орны босағанда конкурс жарияламай 50-ден астам мұғалімді қабылдаған.

Жалағаш ауданында және облыс орталығындағы мектептердің ғимараттарына бөтен адамдардың кіріп-шығу жағдайына эксперимент жасалып, нәтижесінде ғимаратқа еш кедергісіз қару-жарақ және басқа да тыйым салынған құралдармен еркін кіріп -шығуға болатынын көрсетті.

Сонымен қатар облыс прокурорының орынбасары келесі маңызды мәселелердің бірі кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық профилактикасына тоқталды.

Өңірімізде балалармен жасалатын құқықбұзушылықтардың саны жылдан-жылға артып келеді.

Мектеп оқушылары арасында бопсалау, әлімжеттік көрсету және жас ерекшеліктері бойынша топтардың әлі барын атап өтті.

Қылмыстың алдын алу, оны болдырмау – құқық қорғау органдары мен атқарушы органдарға жүктелген басты міндет.

Бала тәрбиесінде ең бірінші кезекте ата-ана рөлі ерекше.

Сондықтан осы жиында ата-ана жауаптылығын күшейтуге аса мән беру қажеттігі айтылды. 

Осы ретте, облыс прокуратурасы мектептегі білім процесі, педагогтарды тағайындау, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, олардың білім ордасындағы қауіпсіздігінен бастап түнгі мезгілге дейінгі қауіпсіздігін бақылау, ата-аналарымен профилактикалық жұмыстарды қамтитын Жол картасын әзірледі.

Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық профилактикасын күшейте отырып, полиция органдары, білім бөлімдері, мектеп басшылығы және ата-аналармен бірге тәлім-тәрбие жұмыстары ұйымдастырылатын болды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша білім басқармасы мен уәкілетті органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Қызылорда облысының прокуратурасы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: