Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

43 мың адамға ақылы кеңес берген: «Экспресс Займ» ісі тергеліп жатыр

20.10.2026, 15:45 49

Қызылорда облысында қаржы мониторингі қызметкерлері микроқаржы ұйымының қызметіне қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. ҚМА мәліметінше, азаматтарға микрокредит рәсімдеу кезінде ақылы кеңес беру қызметі міндеттеліп, 181 мыңнан астам шарт жасалған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымының қызметіне қатысты алаяқтық әрекетті анықтады. Тергеу еліміздің 18 өңірін қамтыған.

ҚМА мәліметінше, 2024 жылдың тамыз айынан бастап микроқаржы ұйымы клиенттерге ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Қызмет ақысы алынатын микрокредиттің көлеміне қарай есептеліп, негізгі берешекке қосылып отырған. Тергеу деректеріне сәйкес, клиенттерге кеңес беру ақысын төлемейінше несие рәсімдей алмайтыны немесе қолданыстағы қарыздың мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған. Ал азаматтардың қосымша қызметтен бас тартуға құқығы бар екені түсіндірілмеген.

Осының салдарынан қарыз алушылар рәсімделген сомадан аз қаражат алғанымен, микрокредиттің толық көлемін есептелген сыйақысымен бірге қайтаруға міндеттелген. Қарызды өтеу мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған. Тергеу мәліметінде 43 мың азаматпен осындай қызмет көрсетуге қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалғаны көрсетілген. Орта есеппен әр клиентке төрттен астам шарттан келеді.

Агенттік микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жарияланбайды.

Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: