Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматылықтар зілзаланың не екенін айқын сезінді

25.01.2024, 12:20 627

Төтенше  жағдай  қызметі оған  дайын  болмай  шықты

Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні алматылықтар зілзала апатының қаншалықты қауіпті екенін айқын сезінді, сағат түнгі 12-ден сәл асқанда жер гүрілдеп, үйлер шайқала бастады. Бұрыннан ондайға үйренген алматылықтар әуелі жайбарақаттық танытты. Алайда, бұл жолы жер сілкінуін тез арада тоқтата қоймады… Жарты минуттан астам көлденең шайқалғаны аз болғандай, бір уақытта толқын пайда болды. Міне, осы кезде ғана тез ес жиған жұрт жапа-тармағай сыртқа ұмтылды…

Жуырда ғана үй есігі алдына «Төтенше жағдай болғанда тұр­ғындардың жиналатын жері» атты қазақша-орысша тақталар ілінді. Әрине, біз оның түнгі жер сілкінісін алдын ала білгеннен ілінді ме, жоқ жай іліне салды ма, білмейміз. Бірақ ол тақтадан біз «төтен­ше жағдайларда жиналатын орынның  бірі – жақын маңайдағы мектеп пен оның спорт залдары» екенін білдік. Білуін білсек те, оның төтенше ұйым­дастырылуы қалай болды?  Оқиға  нені  көрсетті?

Енді осыны рет-ретімен баян­дайық.

Ең алдымен, жер сілкінгенде алғашқы қоңыраулар мектеп дирек­тор­ларына  түскен. Олар тез арада жина­лып, мектепке тез жетіп, жиналатын орындардың есігін ашып, жиналған жұртты қабылдай бастауы керек екен. Солай болды да, директорлар есіктерді ашқызды. Ал, егер мектеп басшысы телефонын өшіріп тастаған болса (түн мезгілі ғой), не болмаса, қонаққа кетіп қалса, не сырқаттанып қалса (бетін аулақ қылсын), не болар еді? Дәл осы жағдай болса, Төтенше жағдайлар министр­лігі (ТЖМ) не істей алар еді? Қандай сылтау табар еді? Оның үстіне, елдегі көптеген мектеп директоры – әйел  адамдар. Ал әйел­дерді бір сәтте төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) «сарбаздарына» айналдыру қаншалықты орынды әрі мүмкін? Оларда ТЖД тарапынан арнайы сертификатталған рұқсат бар ма? Директорлар төтенше жағдаймен айналысуға міндетті ме?.. Міне, осы сұрақтар алдымен көкей­ге оралды. Ендеше, осы мәселеде ТЖД өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр  деуге  болады.

Жалпы, төтенше жағдай (ТЖ) ережесі дұрыс жұмыс істеуі үшін «Әрбір жиналатын орын ТЖ жария­ланған сәттен бастап, ТЖД құзырына не қарауына автоматты түрде өтуі тиіс деген «арнайы бұйрық» болуы тиіс емес пе? Одан әрі, ТЖД қызметкерлері не оның арнайы тіркеудегі «штаттан тыс» өкілдері ешбір нұсқаусыз, ешбір бұйрықсыз ТЖ болған сәттен бастап автоматты түрде өз міндеттерін атқара бастаулары керек еді. Олар ТЖД-ның арнайы курстарынан өткен, инспекцияланған, сертификатталған куәліктері бар адамдар болуы керек. Мысалы, мектептерде ол әскери дайындық не денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері болуы мүмкін (тек мектеп директоры емес). Міне, осындай арнайы дайындықтан өткен «штаттан тыс» адамдар ТЖ басталған сәттен бастап, өздерінің «ТЖД қызметкерлеріне» айналатынын білулері керек. Сол сәттен бастап оларға «штаттан тыс» деп емес, «штаттағы қызметкер» деген статус берілуі тиіс және болашақта осы қызметіне сай оларға ТЖМ-дан  жалақы  берілуі  тиіс.

Ал, түндегі жағдайда бәрі басқаша болды. Мектеп директорларын «айдап әкелу» әрекеті болды… Иә, олар есіктерді ашуды қарауылдарға бұйырып, өздері бірер уақыттан соң (біреуі ерте, біреуі кеш) мектепке келді. Тек содан кейін ғана ТЖД өкілдері, екі қолы қалтада, «тексеруші» функциясын атқара бастады: «анау неге андай емес, мынау  неге  мұндай  емес»  деп…

Енді қараңыз, сол ТЖД тек­серуші­лерінің осылай тексеруге қандай құқығы бар? Директор олардың  құзырында­ғы  қызметкер емес, ол – Оқу-ағарту министрл­ігіне  бағынышты  адам. Оның міндеті – ТЖД функциясын атқару емес, білім беру ісін ұйымдас­тыру. Сондықтан, оған нұсқау беруге ТЖД өкілінің заңдық құқығы бар ма? Жоқ… Міне, кешегі жағдайда осындай өрескел сәйкессіздіктердің болғанын  атап  өткіміз  келеді.

Дегенмен, бұл жолы алматы­лықтар жер сілкінісіне біршама дайын екендіктерін байқатты: адамдар үйден шығарда жеделсатымен емес, баспалдақпен жүрді, далаға шыққандағы қажет заттарын да алуды ұмытпады және т.т. Әрине, Алматы сияқты алып мегаполисте табиғи апаттың зардабын елестетудің өзі қорқынышты. Мысалы, миллиондаған адамның әрқайсысының қорқыныш пайда болғандағы реакциясы әрқалай бола­ры анық. Бұл – апатты жағдайдағы тез туындайтын хаостың, үрейдің ең бастапқы себебі. Ондай хаос болғанда апаттың зардабы еселеп артады. Себебі, адамдар қорқыныштан өз құтқарушыларының жұмыстарына өздері кедергі болып, өз өмірлеріне қауіп төндіреді.

Әрине, бұл жағдай көбімізге түсі­нікті. Бірақ бұл арнайы құт­қару ісімен айналысатын саланың қызметкерлеріне «ереже» саналады. Олар өз қызметін ең алдымен «қауіптің алдын алу» және «құт­қару» мақсатына бағындырулары керек. Онымен Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) қызметкерлері тұрақты түрде айналысады. Онда жүздеген, мыңдаған арнайы дайын­дықтан өткен, теориялық білім алған мамандар жұмыс істейді. Міне, сондықтан да халық төтен­ше жағдайларда ТЖМ бұйрығына сөзсіз бағынып, олардың нұсқау­ларын бұлжытпай орындайды әрі орындауға міндетті. Иә, халық  арасында «Етікті етікші тіксін» деген мақалдағыдай «Құтқару ісімен құт­қарушы айналыссын» деуге әбден  бола­ды.

Бірақ, осы жерде мынадай түйтк­ілді сұрақ көңілге оралады: «Біз өмірімізді сеніп тапсырып отырған құтқарушы қаншалықты білікті, қаншалықты маман, қаншалықты өз ісінің шебері?» деген. Заңды сұрақ. Себебі, біз құтқару­шыға өзімізден бөлек, бала-шағамыз­дың өмірін табыстап отырмыз ғой. Ал ол оған кепіл бола ала ма? Егер, ол маман ретінде біліксіз болса, онда оған өзімізді «тапсырудың» қажеті қанша? Әркім өзі жанталасып, өзін-өзі құтқармай  ма?..

Міне, мәселенің төркіні осы сұрақпен тоқайласқанда көп нәрсенің басы ашылатынын байқадық.

Одан өзге, ТЖМ осындай орындарда қажетті құрал-саймандар мен дәрі-дәрмектердің базасы, «алғашқы көмек көрсету қызметі» алдын ала ұйымдастырылып, оны «қозғалысқа келтіру» алгоритмі алдын ала жоспарланып, бекітілген болуы қажет еді ғой, осы жағынан да үлкен олқылықтар бар екені байқалды.

Біз бұл жерде тұрғындарды дер кезінде хабарландырудың кешігіп жеткенін айтқан жоқпыз. Ал, ондай хабарлардың қазақ тіліндегі нұсқасы тіптен кешіккені туралы айтпай-ақ қояйық – «бетті бастық, тұра қаштық» дегендей… Біз бола­шақта ТЖМ қызмет­іне тек қана абырой тілейміз! Халық­тың да қалауы осы деп біліңіздер.

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: