Инста дейтін әлемді бір шолып шығатынымыз бар. Онда Дубайдың құмын түйеге мініп немесе арнайы көлігімен аралайтындарды жиі кездестіреміз. Шет мемлекеттер туристерді тарту арқылы бюджетін байытып отырғанын бәріміз білеміз. Бізге де солай жасауға болатынынан да хабардармыз. Бірақ, құлық жоқ. Олай болмаса 1986 жылы ашылған ыстық бұлаққа тақтайдай тегіс жол салып қояр едік. Әйтпесе, бұл жерден дем алушылар да, ем алушылар да үзілмейді. Ойлаңызшы, су бұрқағының температурасы – 62 градус. Иә, Ақеспедегі су бұрқағынан ыстық су атқақтап жатыр. Ол – Арал қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан жер.
«Ыстықсу» әлдеқашан экотуризм мен экомедицинаның дамуына ықпал жасар еді. Орналасу аймағы да туризмді дамытуға таптырмайды. Бір қуаныштысы, жергілікті билік шипажай құрылысы үшін инвестор іздеп жатқан көрінеді. Жол мәселесін де жоғары жаққа жеткізген.
ЫСТЫҚ СУДЫҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ПАЙДАСЫ КӨП
– Аталған ыстық суды туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлар іздестірілуде.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы арқылы Ақеспе жерасты суының құрамын анықтау үшін ыстық су сараптамалық зерттеуден өткізіліп, оң қорытындысы алынды, – деп хабарлады Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі.
Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем екені айтылады.
– Ауыл тұрғындарының «Ыстықсу» деп атап кеткен шипалы суынан ем іздеп көршілес аудандар мен облыстардан тұрғындар көптеп келуде. Мұнда Ақеспе ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дархан Кенжебаевтың бастамасымен сырттан келген қонақтарға арнайы 15 адамға арналған конақүй мен 20 орындық асхана қызмет көрсетуде. Десе де, жақын орналасқан елді мекендерден келген халық жаз айларында өз бетінше шатыр тігіп, демалыстарын осында өткізеді. Шипалы бұлақтың көзі 1986 жылы «Геобарлау Шымкент» гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылды. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталған, – дейді Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаев.
ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ МАЙШАММЕН ҚАРАЙТЫНДАЙ БОЛЫП ТҰР
Аталған ыстық су орнын туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. «Жак-Нұр» ЖШС-нің бастауымен Ақеспе елді мекенінде орналасқан «ыстық су бұрқағы» жанынан емдік шипажай салу жоспарланған. Жоба бойынша жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге «су бұрқағы» жанынан 150 орындық шипажай, спорт алаңдарын, саябақ салу қарастырылып отыр. Егер жоба іске асқан жағдайда 220 адамды жұмыспен қамтиды екен.
«Ыстық су бұрқағына» дейін автожол салу мәселесі көптен бері айтылып, жазылып жүр. Тіпті, мәселе майшаммен қарауға тұрарлықтай. Мамандар «Бозой-Шымкент» гравий жолынан «су бұрқаққа» дейін және Қосаман елді мекеніне дейін жалпы ұзындығы 11 шақырым жол салуға 850 миллион теңге қаражат қажет екенін айтады.
– Жолдың жайсыздығына қарамастан, жаздың күндері ыстық бұлаққа 1500-2000-ға жуық азамат келетін. Туристік аймаққа айналса, бұл жер экотуризм мен экомедицинасы дамыған, әлеуметтің саулығын нығайтатын орын болады.
Мұндағы судың емдік қасиеті бар. Аяқ-қолы сырқыраған талай жан ыстық судан айығып, ем тапты. Аталмыш орынды туризм орталығына айналдыру үшін инфрақұрылым мен келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау – басты мақсат. Осыған орай, Арал ауданы тарапынан аталмыш орынға 6 шақырымды құрайтын жолдың құжаттары әзірленген болатын, – дейді Қосаман ауылдық округінің әкімі Әлібек Ізбасаров.
ТУРИСТІК АЙМАҚҚА ТАПТЫРМАС ОРЫН
Бүгінгі күні Арал ауданы, Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекенінде 300-дің үстінде тұрғын тіршілік етіп жатыр. Ауыл халқының негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Ауылда 2 балық қабылдау және сақтау орны ашылған.
Теңіз ұлтанында табылған ыстық бұлақ суының ғана емес, айналасындағы батпақтың емдік қасиеті бар. Жақында ғана достарымен Ақеспеге арнайы барған Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрдәулет Елдес аталған жердің туристік орталыққа таптырмас орын екенін жеткізді.
– Өзге ұлттар құмның өзін туристік орталыққа айналдырып жатыр ғой. Арал ауданында құм да, таулы қырат та бар, оған ыстық суды тағы қосыңыз. Әрі түйеге мініп алып, теңіз ұлтанына саяхат жасауға болады. Ыстық суы атқақтап жатқан бұлақтың суы да, батпағы да шипалы, мұны жергілікті халықтан бұрын, өзгелер аңыз етіп айтады. Айтпақшы, туристік орталық ету үшін инфрақұрылымды дұрыстау керек. Жол мәселесі бірінші орында тұр, – дейді ол.
Шипалы бұлақ жайлы көпшілік жақсы біледі. Біздің барды жақсы жағынан пайдалана алмай отырғанымыз да шындық. Тарихи орындар мен қалаларды аршу барысында да «туризм орталығына айналдыруға болады» деген жаттанды сөз айтылып жатады.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!