Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ШИКІЗАТ ӨНДІРІСІНДЕГІ ШИКІЛІК немесе мал терісі мен жүнін іске жарата алмай жүрміз

11.01.2024, 13:00 808

Қаз дауысты Қазыбек би Қалдан Серен қолынан Абылайды босатуға барғанда сөзін    «Біз қазақ деген мал баққан елміз…» деп бастады. Яғни тарих бедеріндегі мал бағу сөзі ешқашан әңгіме арасынан түскен емес. Себебі, біздің жұрт бүгінге дейін мал бағумен айналысып келеді. Отырықшылықты ұстанатын ағайынның қос кәсібі атам заманнан бері келе жатыр. Оның бірінде даму бар, екіншісінде қарқын төмен. Алғашқысы – егін шаруашылығы. Қазір дән даласына айналған қазақ жері алыс-жақын шет елдерге егіннің кез келген түрін экспорттап жатыр. Ал енді мал бағуға келсек, ішсе – сүт, жесе – тамақ, мінсе көлік болатын төрт түліктің терісін өңдеу ісі тұралап тұр. Бұл салада айтарлықтай серпін жоқ. Біздегі тау болып үйіліп жатқан мал терісі мен жүні экспортталмақ түгілі, ішкі өндірісті байытуға жетпейді. Қазірде былғарыдан жасалатын түрлі қымбат киім-кешек пен аяқкиімдерде сұраныс болғанымен, оны тігуге арналған шикізат шығару шикі.  Сондықтан, біздегі былғары тері өндірісін қолға алған кәсіпкерлер өз ісін жүргізу үшін дайын тері мен жүнді сырттан әкелуге мәжбүр. Әңгіме тері өндірісі орнының аздығында ғана емес, оған көңілдің бөлінбеуінде шығар, кім білсін? Шағын зерттеу  жасап  көрдік.

Елімізде 6 тері өңдеу зауыты бар. Оның өзі ішкі қажеттілікті қанағаттандыра алмаған соң, салаға серпін беру қажет екені менмұндалайды. Газеттің өткен жылғы №51 (1213) санында журналист Рыскелді Жахман «Мал терісі қашанғы тау болып үйіле береді?» тақырыбында  мақала  жазып, мәселе  көтерді. Тері өңдеу өнеркәсібіндегі «жоқшылықты» жеткізуге жалғыз жазба  жеткіліксіз  екенін аңғарып, бұл тақырып­ты тағы  қаузағанды  жөн  көрдік.

Мал терісін сырт мемлекеттерге арзанға сатып, ке­йін  өңделген  шикізатты олардан қымбат бағамен сатып алып жүргенімізді депутаттар мінберлерде айтып келеді. Олардың дерегінше, осыдан 3 жыл бұрын шамамен 2 млрд еуро тұратын мал терісі браконьерлердің қолымен сыртқа шығып, мемлекеттік органдардың есебіне енбей қалған. Сол кездері Үкімет сапалы тері өңдеу өндірісіне көңіл бөліп, тұралаған саланы сапқа қосу мақсатында бордақылау алаңдарын ретке келтіру жолдарын іздеген. Сондай-ақ мал соятын кәсіпорындарды субсидиялайтын бағдарлама жасауда. Бұған бюджеттен жыл сайын 1,5 млрд теңге бағытталуы керек болды. Айтылған дүние отырған орында қалып қойды ма,  әлде  іске  асып  жатыр  ма, ол да белгісіз…

Қызылорда облысында тері немесе жүн өңдейтін өндіріс цехы жоқ. Қызылорда облысының ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары басқармасы басшысы осылай мәлімдеді. Бірақ, ауыл шаруа­шылығы  құрылымдары мен жеке кәсіпкерлерден малдың жүні мен терісін қабылдап, тереңдете өңдеу және шикізат түрінде экспортқа шығару бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы ұсыныстар бар екенін  жеткізді.

– «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидасына сәйкес, жүн дайындау пункті үшін жабық сатып алу және тері мен жүнді бастапқы өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды кеңейту және құру жобалары бойынша ауыл шаруашылығы тауар­өндірушілерінің шеккен шығыстарының бір бөлігі (инвести­циялық салымдарды өтеу үлесі – 25%) субсидия­ла­нады, – деді басқарма басшысы Талғат  Дүйсебаев.

Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері облыста мал шаруашылығы шикізаттары – тері мен жүн өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіп­орын құру бойынша Моңғолияның осы саладағы жоғары тәжірибесімен алмасу, бірлескен жобаларды іске  асыру  мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын  жеткізді.

2023 жылы 24-27 сәуір күндері Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің қолдауымен облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен Қызылорда облысының даму орталығы және шаруа қожалықтары басшыларынан құралған облыстық бизнес-делегация Моңғолияға жұмыс сапарымен барып, ол жақтың азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігінің  және жүн мен тері өңдейтін кәсіп­орын  басшылығымен  кездесулер  өткізіліпті.

Атап айтқанда, тері дайындау және өңдеумен айналы­сатын «Булигаар» АҚ-ның, Моңғолияның тері өңдеу одағы, «Мон-Ирээдүй» (теріден киім-кешек өндіру), «Бестшүэс» (теріден аяқкиім, сөмке және былғары бұйымдар өндіру), «Дархан Нэхий» (теріден сырт киім шығаратын) кәсіпорындарының жұмысымен таныс­ты. Сонымен қатар, Моңғолияның жүн мен кашемир одағының жүнді алғашқы өңдеу және өнім шығарумен айналысатын «Кашемир Холдинг», «Блю Скай каше­мир» және «Bodios Mongolia» кәсіпорындарының жұмысы­мен  танысқанын  тілге  тиек  етті.

Бұдан бұрын облыс әкімдігі жүн мен тері өңдеу жоба­сын жүзеге асыру бойынша Моңғолияның «Дархан Нэхий» компаниясымен онлайн-кездесулер өткізіп, жобаның техника-экономикалық негіз­демесін жолдап, нәтижесінде өңірімізде орташа көлемді бір өндіріс салуға болатындығы жайлы алдын ала уағдалас­тық жасалған. «Дархан Нэхий» компа­ниясымен кездесу нәтижесінде өңірде өндіріс ашу үшін ең алдымен қолданылатын шикізатты мал терісін зерттеу үшін әр мал түрінің терісінен стандартқа сәйкес 10 данад­ан жолдау туралы келісімге де келген.

Өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға көз салсақ, алдағы уақытта тері өңдеу жұмысы жүйеленетін секілді көрінеді. Бірақ, бұл мәселе айтылып-айтылып «тізесі» шықты. Сондықтан, «айтармандардың» айтқанына сену қиын.

2022 жылдың ортасында елімізде Қазақ­стандағы тері өндірушілер қауымдасты құрылды. Қауымдастық төрағасы Нұрман Нүптекеев Үкіметтің назарын осы салаға аударып, тері мен жүн өндірісінің жұмысын қыздыруға күш салып келеді. Дегенмен, қаржылай қолдау аз ба, әлде биліктерге бұл тақырып таңсық па, тері десе, тер шығара іске кірісетін басшылар байқалмайды. Ал Нұрман Нүптекеев өңделмеген терінің рақатын шетел көріп отырғанын жасырмайды.

– Біздегі ең үлкен проблема – экспорттық БАЖ салығы. Оны алып тастаса, терінің қызығын шетелдіктердің көргені сонда болады. Қазақстандағы өңделмеген терінің ең сапалы дегенін түріктер, өзбектер талап әкетеді. Қазір терінің экспорттық БАЖ салығы бір тоннаға 200 еуро көлемінде белгіленген. Мұндай БАЖ төлеп, Қазақстаннан импорттау соншалық тиімді емес. Өйткені өзіндік құны қымбаттап кетеді. Тері өңдеу нарығын осы БАЖ арқылы ғана қорғап отырмыз, – деді БАҚ-қа берген сұхбатын­да.

Рас, Қазақстан Республикасының Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылдың наурыз айынан бастап, ірі қара малдың терісін экспортқа шығаруға шектеу қойды. Көрші мемлекеттерде тері өндірісі дамығаны соншалық, олар әшекей бұйымдарға дейін теріден жасайтын болғандықтан, тапшы дүниені сырттан қымбат бағамен алып жатыр. Мұны білетін браконьерлер БАЖ салығынан қашып, табысын еселеп жатыр. Сөзімізге дәлел де, дерек те жетерлік, бірақ оның барлығын  тізіп  отырудың  қажеті  жоқ.

Нұрман Нүптекеевтің сөзінше, осы БАЖ салығы жеңілдетілмейінше немесе тоқтал­майынша, сыртпен саудаласу тыйылмайды һәм  арта  береді.

Өңірге қайта оралайық. Өтке жылдың соңында Қызылорда облысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тері мен жүн өңдеу өнеркәсібін іске асыруға ниетті кәсіпкерлердің басын қосып, саланың қиындығы мен артықшылық тұстарын талқылады. Олардың бірі тері өндіруші, өңірлік кеңес мүшесі Аблан Асенов «Түркістан облысы қазіргі таңда мал терісін өздері өңдеп, одан өздері түрлі тері бұйы­мын  шығарып  отыр. Жергілікті өнім­дерге  сұраныс  та аз емес, себебі өнімнің сапа­сы  әлдеқашан  жолға  қойылған. Біздің аймақта да тері өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер  бар, дегенмен біз терінің сапа­сына  емес, санына жұмыс істеп отырмыз. Осы орайда малды механикалық дұрыс сою жұмыс­тары  қолға алынса, яғни теріге зиян келтірмей со­йып, әрі  қарай оны өңдеуге жағдай жасалса», – деген  ұсынысын  білдірді.

Ал «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның  Жобалық басқару департаменті Стратегия және талдау бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова «Өңірдегі тері өндірісін оңтайландыру мақсатында департаментпен барлық жағдай жасалуда. Осыған дейін кедендік БАЖ салығын алып тастау жолға қойылса, ендігі кезекте сіздердің өтініштеріңізге орай, өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін берілетін қаражат көлемін арттыру және субсидияны қайта беру жолдары  қарастырылуда»  деді.

Тері десе, терілмей жүрген тақырып жетерлік. Мал терісі мен жүнін өңдеу кезінде кәсіп­орындар дұрыс сойылмаған мал терілерінің көптеп келуіне де наразы. Айтуларынша, мал сою әдебінің дұрыс сақталмауынан тері тесіліп, былғанады екен. Кейін оны өңдеу қиынға соғатындықтан, ондай терілерді барынша қабылдамауға тарысады. Үйінді болып үйіліп қалмауы үшін браконьерлер шетел асырып саудаға шығаруға мәжбүр. Яғни дұрыс сойылмаған мал терісін ішкі өңдеуге өткізуде де мәселе бар. Осыдан келіп, өзге елдің бизнесін байыту басталады. Хош. Енді жүн мәселесіне  келейік.

Бұрындары жүн сабау дәстүрі әрбір үйдің ауласында болатын. Әжелер мен әйелдер қолына қос сабау алып, жүнді олайда-бұлай сабалап, оны шиыршықтауға, бояуға, тоқымаға дайындайтын. Яғни жүнді игеру аса бір мәселе емес еді. Ал қазір тек қазақы нақышта тауар шығаруды көздеген тігіншілер ғана жүннің игілігін көруде. Ал ауылда іске асыруға асықпаған  ағайын жүнді тек өртеп тауысып жатыр. Демек, бізге теріден бөлек, жүн өндірі­сін де мықтап қолға алу керек. Бұл сөзімізді қол­өнер шебері  Айзат Сұлтанқызы да рас­тайды.

– Қазір өзім киіз басудың жаңа технологиясын жасап, түрлі жобаны қолға алдым. Осының арқасында жүн игеру жұмысына өз үлесімді қосып жатырмын деп ойлаймын. Қызылордада өнеркәсіпке қажет дайындалған жүн жоқ. Сондықтан, Тараз қаласынан алдырып, жұмысыма пайдаланамын. Біздің елге малдың жүнін шикізатқа айналдыратын өндіріс орындары керек. Сонда ұлттық құндылықтарға негізделген қол­өнер бұйымдарын жасайтындар артады. Жүнді игеру де жиілейді. Болашақта көлемді жүн өңдеу жұмысын бастасам деген ниеттемін, – деді қолөнер  маманы.

Сырттан әкелінетін былғары аяқкиімдерге салық көлемін арттырсақ, ішкі импорттың қарқыны өсуі мүмкін. Сонымен бірге, тері өңдеу кәсібі де дами береді. Бұл туралы эко­номист  Жангелді  Шымшықов  айтты.

– Егер  жеңіл өнеркәсібіміз мемлекеттен қолдау  таппаса, осы күйінде қала бермек. Шыны керек, біз шикізатқа тәуелді мемлекетпіз. Бұл халықты өнеркәсіпке үйретпейді не табыс әкелмейді. Шикізат сатып байыған бірде-бір ел жоқ. Бұл тері  өндірісіне де қатысты. Мысалы, біз қойдың  етін ғана пайдаға асырамыз. Ал оның терісі мен ішек-қарыны ит-құсқа жем болады. Осыдан-ақ ойлай беріңіз. Ата-бабамыз тері илеудің түрлі тәсілін меңгерген. Байпақ, мәсі, саптама етік тігу технологиясы қазақ топырағынан шыққан. Ал бүгінде бәрі аңызға айналды. Сырттан келетін арзан аяқкиімдерді ішке кіргізбеу керек. Оларға деген салық көлемін арттырса, мүмкін ішкі өнімге сұраныс көбейер, – дейді  белгілі  экономист.

Салада қозғайтын мәселе шашетектен. Оның барлығына жауап табу қиын. Ашық айт­сақ да, мәселені қашық қарайды көбі. Сондықтан ба, жылда толғандырар тақырыптың түйінін тарқатуға күш салатындар аз. Бір ғана тері өндірісін арттырған жағдайда тұралаған  сала дамып  ғана  қоймайды, көптеген  жасты  жұмыспен  қамтимыз, тау болып үйілетін тері де, жүн де азаяды. Сұраныс артып, шикізатты сыртқа экспорттау мүмкіндігі де туады. Мұны қаузап жүрген азаматтар олқылықтың орнын толтыратын ұсыныс пен қажетті қадамдарды дайындап отыр. Мем­лекет  жанама  емес, тіке қараса, осы  мәселе  шешілетіндей  көрінеді.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: