Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
Жарығын жарқыратып кеп тоқтай қалған жеңіл машинаның көк жолағына көзі түсіп кетіп, жүрегі тас төбесіне шыққаны.
«Полиция!».
Қалай жалт бұрылып, қаша жөнелгенін өзі де білмейді. Кинотеатр сыртында өскен тал-теректі бетке алып, ышқына безді. Екі өкпесі – екі қолында. Күнде өздері шиырлап жүрген көзтаныс жықпылда зымырап бара жатып, сүрініп жығыла жаздағаны.
Қалың талға аяқ іліктірген бойда тізерлеп отыра кетті. Алқынып қапты. Талдың іші тас түнек қараңғы. Келген жағына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Соңына ешкім түспеген тәрізді. Тым-тырыс. Қол-аяғы дірілдеп бара жатқанын сонда аңғарған. Төрттағандап жылжып, кәрі қараталдың түбіне жетті.
Осы ше… полициядан жа-м-а-ан қорқады. Зәресі зәр түбіне кетеді. Олар адам емес, құйрығымен жер сабалап, дүсірлетіп жетіп келетін жалмауыз крокодил сияқты. Сояудай тістері ақсиған ше… қазақша сөйлейтін крокодилдер… Өздері болса олардың арандай ашқан аузына лақтырылған қауқарсыз қорқақ көжек. Крокодил шіркін көжекті тістелеп ойнай ма, аунатып ойнай ма, өздері біледі. Қаласа шайнап-шайнап қылғыта салар.
Осы жазда, жоқ жаз енді шыққан кез… соны ойласа қорқынышын баса алмайды…
Жанында екі қыз, кинотеатр жақ беттегі абажадай шамы жарқыраған әйдік бағанның түбінде әрнені айтып, клиент күтіп тұрған. Қапелімде құйғытып кеп тоқтай қалған машинаның көк жолағын кеш аңғарыпты. Көліктен секіріп-секіріп түскен қос сержант бұларға тап берген. Жалтарып кете алмай қолға түсті. Тырыстырып киген мини-юбка аяққа тұсау екеніне көзі сонда жеткен.
Көк жолақты машина аудандық полиция бөлімшесіне екпіндеп кеп тоқтады. Шұбар бет капитанның крокодил боп көрінгені сонда. Өзі болса да үркек көжек қой. Іші мұп-мұздай боп, қолқа-жүрегі қалтырап ала жөнелді. Капитан-крокодил көздерімен жер шұқып, тұқшия қалған үшеуінің бас-аяғына тінти қарап бірауық тілсіз отырды да, бұған қарап:
– Дәкүментіңді әкел, – деп барқ етті.
– Жоғалтып алғам. – Дауысы жеті қат жер астынан шыққандай өлімсіреп естілді.
– Өтірік айтасың! Кім атың?
– Шо… Шолпан, – деді тұтығып.
– Шын атыңды айт!
– Шын атым…
– Өтірік! Сенбеймін. Көшеде нағып жүрсің?
– …
– Айт, нағып жүрсің?
– Жай… қыдырып…
– Қыдырып? – Бұның сөзін кекесінмен қайталады. – Өңкей өтірікші. Түн ішінде адам жай қыдыра ма? Түнде көшеде проститутка ғана жүреді.
Үндей алмады. Не десін? Біліп тұр.
– Он бес күнге бичприемникке қаматам.
– Ағатай, – көзінің жасын көлдетіп жылап жіберді, – ағатай… аяңызшы… ағатай…
– Не?! Аяңыз? Мені кім аяйды сонда? Мен түнімен жұмыс істеймін, ал, сен қыдырасың! Бичприемниктің білесің бе не екенін?
Бичприемникте жатып шыққан қыздың әңгімесі есінде. Қорқып, зәресі ұшқаны содан. Капитанның… жо-жоқ, крокодилдің шұбар беті көзіне бұлдырап әрең шалынған.
– Бұрын не жұмыс істедің?
– …
– Не жұмыс істедің деймін саған?
– Мектепте… – деді өксігін әрең басып.
– Мектепте?! – Капитан бажырая қарады. – Деректір ма?
Бұл басын шайқады.
– Енді кім?
– Мұғалім… ән-күйден сабақ бердім…
– Әншімін де! – Басын шайқап қойды. – Әй, сендер, – сержанттарға қарап айғай салды, – анау-мынау емес ұстағандарың, әнші екен, – деді мысқылдап. – Әнші болсаң, ән саласың! – деп енді бұған бөкпен бетін бұрды. – Босатам сосын. Шын сөзім. Капитан өтірік айтпайды. Кәне, баста!
Көзі жыпылықтап, қатты дағдарған.
– Ал баста! «Аспанға қараймынды» айт.
Қайтерін білмей, булыға бөгелді.
– Айта салшы, Шолпан, – деді жанында тұрған Райхан сыбырлап. – Қоя берем деп тұр ғой.
– Қане, бастай ғой! – Капитан бұл жолы жылы сөйледі.
– Ас-ас-пан-ға-а қа-қа-рай-мын… – Дір-дір еткен ерні ерніне жуыспады.
– Көңілді айт! Міне, былай! – Барқырап өзі шырқап кетті. – Аспанға қараймын…
– Жұлдызды санаймын, – деп қосылды Шолпан дауысы қалтырап. Іші удай ашып бара жатты. Көзінен ытқып-ытқып жас парлады.
– Сен жоқсың, арайлым, – деп жалғады капитан бөлмені басына көтеріп. – Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а! – Тас еденді тарсылдатып биге кіріскен шұбар беттің түрі жаман. – Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а!
– Браво! – деді капитан ән аяқталған соң қышқырып.
– Ағай, енді жіберіңізші… – деді. Кемсеңдеп әрең сөйледі.
– Жіберем, жіберем! Капитан екі айтпайды. Кісі аяғы басылсын. Бізді де тексеретіндер көп. Анда барып отыра тұрыңдар, – деп дәліздің түкпір жағына қарай иек қақты. – Сержант, апар мыналарды.
Сержант үшеуін үш камераға бөліп қамады. Кетіп бара жатып:
– Қорықпаңдар, қазір жібереді, – деді жұбатып.
Көп күттірген жоқ, есіктің сықыры естілді. Капитан екен.
Крокодилге жемтігінің әлсіз бұлқынғаны қызық сірә, бірден қылғыта салмай, жанына жақын отырып, ап-ауыр білегін иығына артты.
…Түннің бір уағында полициядан босап шықты…. мылжа-мылжа бөксесін әрең игеріп.
Таң бозарып атқанша көзінен жас тыйылмады сосын.
***
Ұйысып өскен қарағаштың қараңғы түкпірінен қарауытып бері беттеген сұлбаны байқап қап, қорқыныштан жүрегі тарс жарыла жаздасын. Ойына бірден түскені, Зарина айта беретін әлгілер… наша шегетін қояншықтар… Зарина көрген олардан көресіні. «Қолына түсе көрме…» деп, сөзінің соңын айта алмай көз жасын көлдеткен.
Буын-буыны босап кеткені содан. Қол-аяғы сал боп қалғандай, қозғала алмады. Кәрі қараталдың қожыр-қожыр діңіне жабысып, қарауытқан сұлбаға үрейлене тастаған көзі бұлаудай. Наркоман дегені тайыншадай төбет боп шықты. Аяғын сылп-сылп басып кеп, қарсы алдына шоңқиып отыра кетсін. Тілін салақтатып, ырс-ырс еткені қорқынышты. Тұмсығын созып, ырылдап қояды. Арс етіп, қауып алатын сияқты. Төбе құйқасының шымырлауы жаман. Төбет бір кезде, есіне әлдене түскендей, бұрылып алып жөнелсін. Ақсақ аяғы шойнаңдап, жапырақ шашып барады.
Тамағына кептеліп, тұрып қалған түйін сонда ғана тарқатылып, солқылдап жылап жіберді. Ұзақ жылады. Көзінің жасы түгесіліп, өксігі басылған соң ғана орнынан сүйретіліп тұрды. Үсті-басына жабысқан шөп-шаламды керенау қағып, кинотеатрды айналып өтетін жалғыз аяқ бетон соқпақты тапқан.
Көше жақ тым-тырыс. Машина сиреген. Адам қарасы байқалмайды. «Сәлималар қайда екен? – Телефон шалмақ боп оқталды да, қолына алған тұтқаны қалтасына қайта жытырды. – Жатқан шығар біреумен!».
Көңілі жабырқау. Ылғи осылай. Сонда да ештеңе ойламауға тырысты. Кейбір көшелес қыздардың мүдәғасы жоқ жандай, жайраң қаққанына таңғалушы еді. Енді өзі де солардай боп барады. Қабағынан қар жауған қызға жігіт жолай ма? Еркек атаулыны қапелімде шабынтып қоятын қай ұрғашының да күлімдеген көзі ғой.
Нәпсісін ауыздықтай алмайтын еркектерді болса да жек көреді. Сондай өзімшіл олар. Өзіне келгенде олардан өткен өлермен жоқ. Күйті келген бураша ойындағысын орындап, олжасын рақаттана таптап тастамайынша тағат таппайды жексұрындар. Олар үшін сен адам емессің, ақшаға сатып алған тірі қуыршақсың. Әр сапардан қирап қайтатыны содан. Бір қайран қалатыны – өңге дүниені ұмытып өліп-өшкен немелер, үстіңнен аунап түскен бойда, жаңағы бұзып-жарған арыннан жұрдай болып шыға келетіні. Жыннан айырылып, мола боп омалып қалады. Олардың бозарған көздерінен сол кезде өкінішті ғана көресің.
Соңғы кезде жаздық кафеден арзан арақ алып ішетін әдет тапқан. Жер боп тапталған көңілін солай аулайды. Бес бересі, алты аласы жоқ бұрын-соңды танып-білмеген еркекпен тақым түйістірген жиіренішті сәтін сәл де болса да ұмыттыратын осы кафе.
– Не ішесің? – деді жанына жетіп келген даяшы қыз алжапқыштың кең қалтасынан суырған қағаз-қаламын оңтайлап.
– Арақ әкелші, жүз грамм.
– Сосын тағы?..
– Болды. А-а-а, тістейтін қоса сал.
Арақ құйып әкелуге жөнелген даяшы қызды күтіп отырып, көше бойындағы тал-теректің күз деміне тоналған кейпіне назары ауды. Сарғайған дертті жапырақтар желге ұшып, бейберекет шашылып жатыр. Осында алғаш келгенде дақ түспеген балғын бүршіктер жап-жасыл боп жайнап тұратын. Күнде бір оқиғамен жаз да бітті. Енді мына күз тағы қандай теперіш көрсетер екен? Ойлағысы келмеді. Ойлап қайтеді? Одан не пайда? Бүгін қалай болса, ертең де солай. Өзі де талай рет таланды. Өзгені де қан қақсатқан кезі көп. Ондайға еті өліп кеткен. Өшін жалғыз-жарым жаяулатып жететін жігіттерден алады. Масаң болса, тіпті жақсы. Әуелі ақшасын қақтап сауып, дайын таксимен пәтерге бастайсың. Қайдағы бір құдай атқан қалтарысы көп қараңғы көшеге жеткенде, әуелі әлгіні түсіріп тастап, өзің түспей тез қайқаясың! Таксимен келісім солай. Нәпсіге арбалып, ақылдан айырылған әлгі албасты, солайша қараңғыны қармап қала береді.
Не болмаған бұл жерде, бәрі болған.
Даяшы қыз үстел үстіне мойнын қылқитып графин әкеп қойды. Шолпан оның жіңішке мойнынан қысып ұстап, стақанға толтыра құйды да, арақты аузына апарды. Танауын тыржитып, басын шайқады. Сонан соң ғана біреу зорлап қоймағандай сыздықтатып іше бастады.
Көкірегі содан кеңейіп, колледж бітірген кезін ойлағысы кеп кетсін…
«Ту-у, қандай күшті сол кез!».
Бір сәт күлімсіреп отырды да, езуін жылдам жиды. Жанары шықтанып шыға келіпті. Түнге тәуелді тіршілігін ойласа сөйтеді. Жарықты да жатырқайтын болған қазір. Дүние бұл үшін қара бояудан ғана тұратын тәрізді. Қазіргі өмірі ақ қағазға қара бояу жаққандай. Аққа қара жағу оңай. Қиын емес.
Екінші стақанды бұл жолы шімірікпестен сіміріп салды…
***
Кафеден шыққанда байқағаны, көшенің қап-қараңғы екені. Баған басындағы шамдар түгел өшкен.
«Дүниенің жарығы неге тегіс өшіп қалмайды, маған десе!».
Аялдама жанында қарауытып такси тұр. Таныс такси. Анада өзін орыс клиент алғанда қонақүйге жеткізген. Қашан еді сол? Ұмытыпты. Әйтеуір бірер мәрте мінген. Былай тәуір кісі. Әнебір жылмақай таксист сияқты емес, аузына келгенді оттап мазаңды алмайды.
– Ағай! – деді ашық терезеден басын сұғып.
– Қайда апарайын?
– Ешқайда. Таныс такси. Қарасам – сіз.
– Өй! Такси іздеген адам ба деп қалсам.
– Танымадыңыз ба, не? – Еркінси сөйлейді.
– Есіме түспей…
– Онда да осы арада тұр едіңіз. «Кәпірмен жатқанша, асылып өл» деп едіңіз ғой, – деп машинаға баса-көктеп отырып жатыр. – Ту-у, тізем талып кетті ше. Сәл демалып алайыншы. Темекі шексе бола ма?
– Жоқ! – деп тыйып тастады таксиші. – Өртейсің! Адал ақша тауып жүрген көлігім.
– Қойыңызшы, а! Сонда біз ғой арам ақша тауып жүрген? Біздің жағдайды қайдан білейін деп едіңіз?
– Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Сылтау – сол. Басқа не?
– Бәрібір түсінбейсіз, – Шолпан терезеден тысқа қарап отырып, торыға сөйледі. – Жазықсыз сотталды. Он жеті жылға. Жақ-жақ боп төбелескен. Біреуі өліп қапты. Соны Мараттың мойнына ілді ғой. Күйеуімнің мойнына. Ол түрмеде… мен жұмыстан қысқардым. Не күйеу жоқ, не жұмыс жоқ, қалдық солай.
– Белгілі история, – деді таксиші мырс етіп.
Шолпан ренжіп, үнсіз отырып қалды.
***
…Аудандық білім бөлімінен беті қайтып шыққан кезін ойлап кетті. «Мектепте орын жоқ» дейді меңгеруші. Салы суға кетіп автостансаға жеткен. Станса басында Зарина ұшырасты. Оқуға бірге құжат тапсырған қыз. Бірінші емтиханнан-ақ омақаса құлаған еді. Алматы жаққа кеткенін естіген. Кейінгі тіршілігінен хабарсыз.
– Алматыда жұмыс бар ма? – деді сыр тартып.
– Табылады, – деп жымың-жымың күлді Зарина. – Барасың ба?
Алматы көрмеген қаласы. Келді. Көрді.
– Кәне жұмыс? – дейді Заринаға үміттене қарап. Сенері де, сүйенері де – жалғыз Зарина.
– Қайдан білейін. Іздеп көр.
Қайдан іздейді? Қалай іздейді? Білмейді. Зарина болса кеш түсе аттанып бара жатады, түн ауа сілелеп шаршап оралады. Ақша әкеледі.
– Не жұмыс? – деп қызыға сұрайды бұл. Табылса, тайынбақ емес.
– Соны сен білмей-ақ қойш, а!
– Айтсай.
– Кейін… кейін, – деп тайсақтайды Зарина.
Бірде түнгі жұмысынан көңілді оралды. Әндетіп жүр. Аузынан арақ иісі мүңкиді.
– Менің не істеп жүргенімді білгің келе ме, Шолпан? – дейді орындық арқалығынан қармап ұстап тұрып. – Айтайын. Шай әкелші әуелі.
– Ал айт! – дейді бұл шәйнекті үстел үстіне қойып жатып.
– Жұмыс вокзалда. Ал айттым. Қандай жұмыс деп сұрамайсың ба?
– Иә, қандай?
– Сауда істеймін!
– Не сатасың сонда?
– Мына өзімді сатам! – Көкірегін сұқ саусағымен нығырлап нұқып-нұқып қойды. – Басқа не бар менде сататын?
Сенер-сенбесін білмей Заринаға аңтарыла қараған. Сенейін десе санасына сыймайды, сенбейін десе…
– Ақша тапқың келеді ғой. Ер соңымнан. Апарам. Маған қарағанда жастаусың. Әдемілеусің. Өтімділеусің. Фигураң қандай! Хи-хи-хи-и!
Бұл Заринаны жаңа танығандай көзі бақырайып, үркіп қарап қапты.
– Ақыры қыз емессің. Марат келем дегенше қырықтағы қатын боласың. Соны ойла.
– Аштан өлсем де бармаспын! – Шолпан орнынан қарғып тұрды. – Сен не? Мені сондайға ап келдің бе? Сондай деп ойладың ба? Жо-жоқ. Жолға ақша бер. Қарызға. Кетем. Ауылға қайтам.
– Қайтсаң, қайт. Еркің білсін. Бір тиын ақшам жоқ саған беретін, – деді Зарина жайбарақат сөйлеп. – Бір түн шық, бы-лай ақша табасың. Сосын қайта бер. Әй, қатын-ай, бірақ мені айтып қойма ауылға.
Шолпан киім-кешегін сөмкесіне асығыс-үсігіс салып, түн ортасы үйден шыға жөнелді. Алдап әкелген Заринаға да, алданып келген өзіне де өкпесі қара қазандай.
Теміржол бекетінде түнде де тыным жоқ. Ерсілі-қарсылы жосылған пойыз. Соның біреуінен тізе бүгіп отыратын қуыс табылар деген дәмесі зор. Табанынан тозып жүріп, жолсеріктен жолсерік қалдырмай жалынып-жалбарынғаны зая кеткенде, еңіреп жылап жіберді. Ертеңіне кешқұрым ұнжырғасы түсіп, қайда барарын білмей бекет басында сенделіп тұр еді, Зарина тап болды.
– Мә-ә, әлі жүрсің бе қайтпай? Сен қыз ауыш болма, ақшасыз пойыз алмайды. Тілімді ал… мен қазір… – деп әлдеқайда асықты. Жөнеле беріп саусағын безеп қойды. – Тұр осы арада, тырп етпе.
Зымып жоғалған ол көп ұзамай ентігіп жетті.
– Жүр, жүр тез, – деп асықтырды. – Крупный клиент. Қорықпа, өзім қатырам.
Ес жидырмай жетелеп ала жөнелген. «Барсам, барайын, – деген ойға бекінгені сол сәт Шолпанның, – жолға жететін ақша берсе… тек бір мәрте… жалғыз мәрте ғана!».
Таксимен ызғытып отырып сән-салтанаты келіскен зәулім қонақүйге тұмсық тіреді.
Сақалын дөңгелете сәндеп қиған ұлты бөтен шал адам асықпай кәстөмін шешіп, үркіп тұрған бұны бауырына тартты. Шашын сипап, қоңқақ тұмсығын тақағанда құлағына шаян кіріп кеткендей тітіркенген. Үрей мен ұят екі жақтан қамап, іші өртеніп барады.
– Не бойся, голубка. Сегодня мой день рождения. Семьдесят лет исполнилось. Мой младшие братья в качестве подарка привели ко мне тебя. А традиция не позволяет отказываться от подарков, – деді ол шегір көзін қадап. Одан арыға бармады. Тиіспеді.
Таң атпай қонақүйге жеткен Заринаға ілесті. Қалай деп сұрап қояды ол. Сұрағына жауап күтпейді тағы. Ыржың-ыржың етеді. Бұның тілі кесіліп, естен тана жаншылып келе жатқанымен жұмысы жоқ.
– Ақшамды бер! – деді бұл әлден уақытта ұйқыдан шошып оянғандай бас салып. – Билет алам.
– Неше күн тегін асырадым. Тағы бір түн шығасың. Сол ақша – сенікі.
Заринаны жек көріп кетті. Жек көрсе де сүйек дәметкен күшіктей соңынан салпақтап ере беруге мәжбүр. Көнбеске шарасы қайсы.
Екінші түн кезіккені – жап-жас сүйкімді жігіт. Дөрекі емес. Сүйген қызын аялағандай еркелете өпкені ішін жылытқан. Бір мезет жігіт құшағына көмілген қалпы қалғып бара жатыр екен, жалаңаш анарын аялай ұйпап, алпыс екі тамырына от тамызып, тұла бойын қорғасындай балқытып әкетіп бара жатқан өзінің Мараты ғой деп түйсінгені. Тасқын-селдей ақтарылған от-жалынның шарпуы тәніне ұнап, жанына жағып ала жөнелді. Осы аңсардан айырылып қалғысы келмегендей-ақ, жігітті тас қып құшақтап алған. Екі көзінен сорғалаған ыстық жаста тоқтау болсашы. Сағынышын, өкпесін, мұңын… бәрін-бәрін осынысымен білдіріп жатыр. «Кетесің бе тағы? – дейді ұйқысыраған күйі былдырлап сөйлеп. – Кетпеші! Тастамашы мені! Ала кетші! Бірге барам. Қалмаймын сенен! Сені сүйем! Сен де сүйесің ғой, а-а! Айтшы? Сүйем деші!». Марат жауап қатпайды. Үнсіз.
«Неге үндемейді?».
Селт етіп есін жиса, ләззаттың тәтті уын таттырған өзінің Мараты емес, атын да, затын да білмейтін мүлдем бөтен біреу. Басқа адам!
Сонда да, таңдайына тамған тәтті сезім жүрегін қытықтауын қоймағаны қызық. Зарина алдына тұтас он мыңдықты тастай салғанда да біресе сол сезімге шідерленіп, біресе өзінен-өзі үркіп отыр еді, ақшаға қолын созар-созбасын білмей сәтке аңтарылды.
– Әй, қатын-ай, серік боп жүре тұрсаң болатын еді ғой, – деп үгіттей бастады Зарина. – Немене, бір түнде сонша ақша табар ма ең ауылда?
Шолпан тұтас он мыңдықты алақанына қысып ұстаған қалпы, оның сөзіне құлақ аспай, заттарын жинастыра бастады.
– Айтқан тілді алмадың-ау! Кел онда… айырылысар алдында «Шампанский» ішейік, – деді кереует астынан нән бөтелке суырып, – мен немене, жетіскеннен жүр ме екем вокзалда.
Осы жолы Заринаны шын аяды, ұсынған бокалын кері қайтара алмады. Ауылға қайтатынын ойлап қуанғаны бар, бокалды басына бір-ақ көтерді. Шарап уыты тұла бойына жайылған сайын кеше түн сезінген сағынышты сезім санасын шырмай берген. Өзінің осы қылығына өзі қайран.
– Атаңның басына күліп отсың ба, сен қыз? – деген Заринаның кейіген сөзін елеген жоқ.
Үшінші түн кездескені, алайда, ол болмай шықты.
Төртінші… бесінші… одан кейін де аспанға ұшып кеткендей ұшты-күйлі жоғалды ол.
***
– Бірінші Алматы жақ осы, – деп ренжіген таксиші ойын бөлді. – Қалаға қарай клиент шығуы қиын.
Шолпан тіл қатпады. Рұқсат сұрамай-ақ бықсытып шылым тұтатып жатыр.
– Қырсық шалған күн болды, – деді сосын күбірлеп.
– Тағы не?
– Полисайдан қорқып, талдың түбіне тығылдым да отырдым.
– Басқа жұмыс табу керек саған.
– Не жұмыс бар мен істейтін?
– Базарға бар. Сауда қыл.
– Сауда? Қорқам саудадан.
– Жұрт істеп жүр ғой.
– Қанша ақша керек екен?
– Екі жүз мың жетіп қалар.
– Банкрот болып қалсам қайтем?
– Қайтып келетін жерің тұр ғой.
– Әй, жоқ. Біраз жүре тұрам.
– Жас өміріңді қор қып па?
– Жас өмір!? Қатырасыз! Мен баяғы мұғалім Шолпан емеспін. Мен басқа… жезөкше Шолпанмын. Өмірден өз орнын таба алмаған…
– Қой! Айтпа өйдеп.
– Енді маған бәрібір! – Торығып, қолын сілтей салды.
…Оң жақ беттегі жыпырлаған жер үйлер арасынан қараңдап біреу шықты да, көше бойына кеп, сексиіп тұрып қалды. Күткен біреуі бар ма екен? Жүргінші ме деп үміттенген таксишінің жағып-сөндірген жарығына еліге қоймады.
– Өл-ә, – Шолпанның дауысы оқыс шықты. – Айман ғой мынау!
– Кім ол, Айман деген?
– Әпкем! Осы жаққа тұрмысқа шыққан әпкем!
– Әпкең болса, шақыр бері.
– Қалай шақырам?!
– Шақыр. Әне, ол да жалғызсырап тұр. Қорқып тұр.
Таксишіге бір, көше бойлап теңселген әпкесіне бір қарап дағдарған Шолпанда өң жоқ.
Теміржол бекеті жақтан жылжып жеткен жеңіл машина Айманның тұсына тізгін тартты. Көліктен түскен жігіт пен Айманның сөйлескен дауыстары құлаққа еміс-еміс жетіп жатыр.
– …бір сағат!
– Бес мың.
– Үш мың…
– Жоқ, бес…
– Давай… – Анау шап беріп, Айманның қолын қайырып, көлікке қарай тыпырлатып сүйрелей бастады.
– Тиісіп жатыр, – деді Шолпан үрейленіп. Шыдамай тысқа атып шықты. – Әй! Тиіспе оған! – Дауысы жарықшақтанып естілді. – Тиіспе! Полиса шақырам!
Анау қалт тұра қап, Айманды тастай сала, көлікке сүңгіді.
– Айман! – деді Шолпан ышқынып. – Айман!
Бикеш таксиге қарай емпеңдеп жүгірді.
– Шолпан! Шолпансың ба?!
– Мен ғой… мен! Отыр таксиге.
Артқы есіктен ентігіп еніп жатыр.
– Нағып жүрсің жеті қараңғы түнде?
– Өзің нағып жүрсің?
Екеуі де сұраққа жауап таппай дағдарды.
– Мына кісің кім? – деді Айман сәлден соң сыбырлап.
– Таныс таксист, – Шолпанның қыстыққан дауысы әрең естілді. – Жаңа кафеден шықтым. Жұмыстан.
– Мен де кафедемін. Ыдыс жуам.
– Қай кафе?
– Ана жақта, – деді Айман иегімен сырт жағын меңзеп. – Алматыға қашан келдің?
– Бір апта болды.
– Ауыл аман ба?
– Аман ғой.
Осыдан соң екеуінің сөзі таусылып, тым-тырыс бола қалды.
Таксиші екі қызды оңаша тастап, тысқа шықты. Қараңдаған екеу көшені қиғаштай кесіп, бері беттеп келеді екен.
– Такси ма? – деді біреуі.
– Иә, такси. Керек пе?
– Жоқ. Қыз керек бізге…
– Әні, отыр екеуі. Бар, сөйлес.
Біреуі терезеден үңіліп:
– Қыздар, халдарың қалай? – деді.
«Халдың несін сұрайсың?» дегендей екі қыз жорықшы жігіттерге жаутаң-жаутаң қарасты.
– Саунаға заказ беріп қойып ек. Қанша дейсіңдер? – деді екіншісі сөзге араласып. Қыздар үрпиісіп бір-біріне жабыса түсті. Үн қатпады. – Неге үндемейсіңдер? Қорқып отсыңдар ма? Қорықпаңдар. Біз екеуміз ғана.
Шолпан оны дауысынан таныды. Әне бір кезде өзінің Мараты боп көрінген жігіт. Таңдайына тәтті сезім тамызған ше. Содан бері бес ай, жоқ, алты ай өтіпті. Ұшты-күйлі жоғалып кетіп еді… Кеудесі алай-түлей боп, жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Өзінің әркімге бір сатылатын мүлік емес, сүюге жаралған әйел заты екенін сезінгені осы. Аузына сөз түспеді. Көзінен көзін алмай, арбалып қалыпты.
Кенет Айман оларға өшіге қарап:
– Құрыңдар әрі! – деп долдана бақырып қалды.
Содан соң сіңлісін бауырына басып, ботадай боздап жылап жіберді.
Фото ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!