Бүгінгі сатира
Біздің ел айыппұлдар салудан алда келеді. Басқа салалардан гөрі. Әсіресе, көлігіңіздің қысқы резиналары болмаса, шаруаң шалқасынан түседі. МАИ инспекторы парламент қабылдаған жаңа заң бойынша Астана көшесінде дірдектеп келе жатқан бір келіншекті тоқтатты.
– Кешіріңіз, қысқы гамажыңыз қайда?
– Мен гамаж кимеймін.
– Жаңа заң бойынша, қыз-келіншектер гамаж киіп жүрулері керек. Сізге отыз мың теңге айыппұл саламын.
Келіншекке айыппұл салған инепектор бір еркекті де тоқтатты.
– Азамат, бөкебайыңыз қайда?
– Үйде.
– Аяғыңды көрсетіңізші? Жүн носкиіңіз жоқ қой?
– Шұлығым бар, міне.
– Бұл жазғы балон, ой, жазғы шұлық. Қысқы жүн носкиге неге ауыстырмағансыз? Сізге жиырма мың теңге айыппұл! – дегенде, ер кісі шалбарының қалтасынан өкшесі жыртық жүн шұлықты алып көрсетті.
– Жүн шұлықтың «желі» шығып кеткен. Сізге он мың штраф!
Ер кісі он мың төлеп кетті. Тағы бір кемпір бүкшеңдеп келе жатыр екен.
– Апа, қысқы пимаңыз жоқ! Қырық мың теңге айыппұл!
Кемпір кемсеңдеп жылай бастады. «Пенсиям жетпейді. Келесі қысқа дейін ақша жинап аламын, шырағым!» дегеніне қарамады. Айыппұл салғаны енді… жарамады…
Тағы бір келіншек Астананың аязында бүрсең қағып келеді екен. инспектор оны да тоқтатты.
– Гамажыңыз қайда?
– Шалбарымның ішінде.
– Өтірік айтып тұрсыз. «багажыңызды» көрсетіңіз!
– Ол не, багаж деген? -деп сұрады келіншек.
– Бөксеңізді сәл ашып көрейін, – деген инспектор оның ышқырын ышқынып тексере бастаған. Келіншек айғайлап кетті. Ертеңіне прокуратураға арыз жазып, инспектордың өзі айыппұл арқалады. Тексеру кезінде интимдік қимыл жасағаны үшін. Адамдар да қызық, жазғы киімдерін қысқы киімдеріне ауыстыруға еш асықпайды ғой. Бір бейшара жыртық мәйкісімен жүр… Қыздар жүн орамал тартуды білмейді, жалаңбас, сән қуып… Бір келіншек аязды күні колготки киіп алыпты! Гамаж деген жанның рақаты ғой! Біздің елде өмір сүру деген қандай ыңғайсыз десеңізші!
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!