Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылдың үздік оқырманы анықталды

01.12.2023, 18:15 568

Әдебиет әлеміне деген қызығушылық жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, ерекше қарқын алып келеді. Әдеби шығармаларды оқитындардың басым бөлігі сол салаға бет бұрған филолог немесе әдебиетші мамандар дейтін таптаурынның да ізі жойылып, қазіргі таңда поэзия, проза жанрында қалам тербеп, ақын-жазушылардың туындыларын оқып, ортаға салып жүрген өзге де сала өкілдерін көзіміз көріп жүр. Сол секілді мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген оқырмандарға стимул ретінде, басқа да мамандардың рухани, мәдени дамуына мұрындық болу мақсатында жыл сайын облыстық Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханада «Үздік оқырман» атты байқау өтеді.

30 қараша күні облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кезекті мәрте «Үздік оқырман – 2023» байқауы болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған іс-шараға облыс аумағындағы аудандар мен ауылдық округтердің мемлекеттік қызметшілері қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар бірінші кезеңде ақындар шығармашылығынан еркін форматта поэзия оқыды. Ал екінші кезеңде жазушылардың проза, әңгімелеріне талдама жасады. Қазылар алқасы байқауды қорытындылай келе, бас жүлдеге Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Г.Махан, жүлделі 1-орынға Жалағаш ауданының мәдениет және спорт бөлімі секторының меңгерушісі Б.Дүйсенбиева, 2-орынға «Төретам кенті аппараты» КММ-нің жетекші маманы Р.Карекеева, ал 3-орынға «Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті әкімі аппараты» КММ-нің «Әкімшілік» бөлімшесінің басшысы Л.Смағұлова лайық деп танылды.

Сонымен қатар өзін жақсы қырынан көрсете білген қатысушыларға түрлі номинация бойынша алғыс хат табысталды. Байқаудың «Көркем сөз шебері» номинациясы 12 қатысушы ішіндегі жалғыз ер адам, Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д.Оспановқа бұйырса, «Талғампаз оқырман» номинациясымен Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Е.Абишева марапатталды. Ал  «Ең жас маман» номинациясы «Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімі КММ-нің бас маманы С.Сыздықоваға, «Шығармашыл оқырман» номинациясы шетел әдебиетін нақышына келтіріп оқуымен көзге түскен «Қызылорда облысы әкімі аппараты» ММ баспасөз қызметінің бас маманы М.Умароваға табысталды.

Байқау өте тартысты өтті. Іс-шараға қатысқан әр қатысушының қазақ әдебиетіне, тіпті шетел әдебиетіне деген сүйіспеншілігі көрініп-ақ тұр. Кітап оқу – рухани дамудың алғышарты. Осы шамадағы әдебиетті, жалпы кітап оқуды дәріптейтін іс-шаралар жіті назарда болып, жалғасын таба берсін дейміз.

А.АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: