Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аманның НКВД-дан көрген азапты жылдары

30.11.2023, 10:00 373

Бұл мақаланы жазуыма жазушы Виктор Суворов есімімен белгілі кәсіби барлаушы болған В.Б.Резунның «Таңдау» («Выбор») романын оқығаным себеп болды. Бұл романда соғыс алдындағы совет барлау органдарының Европа елдерінде жүр­гізген құпия операциялары туралы айтылады. Автор өз көзімен көргені және білгені ішіне сыймаған болуы керек, 1978 жылы Ұлыбританияға қашып кетіп, осы кітапты жазады, СССР Жоғарғы соты оны сырттай өлім жазасына кеседі. Осы кітаптың 82-бетінде сталиндік репрессия жылдарында НКВД қызметкері жалақысының өте жоғары болғанын оқып таңғалдым. Генрих Ягода кезінде НКВД қызметкерінің әр жылы екі жылға есептелген екен, он жыл органда істеген қызметкер  20 жылдық еңбек өтілімен доғарысқа шығатын болған. 1936 жылы Ягоданы атып тас­тағаннан кейін НКВД шефі болған Николай Ежов одан да асып түсіп, әр жылын үш жылға теңестіріп, жалақысын үш есеге көтерген. Не үшін? Осы НКВД жендет­терінен қаншама жазықсыз адам жапа шегіп, Сібірге ондаған жылға каторгалық жұмысқа жегілді, сол жақтан оралмай қайда жерленгені де белгісіз  болып  қалды.

Осындай жазықсыз жапа шеккен мыңдаған адамның бірі, менің құрдасым Ахметулла Нығыметулла­ұлының атасы Аман еді. Алдымен Аман атамыздың тегінен бастайын. Асан руының абзал азаматы Аман Қожамберлі-Тілеке-Доспай-Онбай-­Үмбеттен тарайды. Аман Үмбетов Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №15 ауылда (Арықбалық) 1872 жылы ескіше сауаты бар, дәулетті Үмбеттің отбасында дүниеге келді. Үмбеттің атасы Доспай Арал теңізінің Иланды деген жеріне қоныс теуіп, бір рулы ел болып өсіп-өне­ді. Аман да әкесі Үмбеттен арабша әріп таныған соң, атақты Тоқмыр­за ахун мен өзінің туысы Аманбай ахуннан дәріс алып, қасында жүріп, қос ұстазы сияқты ағартушылық жолына түсіп, жеке өзіне мешіт салып алып, бала оқытады. Аман Үмбетов екі рет үйленген, бәйбішесі – ұстазы Тоқмырза ахунның кіші қызы Дәрі, осы бәйбішесінің келісімімен екінші рет Бибігүлге үйленеді. Дүниеге 1911 жылы Марат, 1913 жылы Тойжау, 1928 жылы Нығыметулла есімді ұлда­ры  дүниеге  келеді.

Дін мемлекеттен бөлек деп жа­рия­лап, атеистік қоғам құруға бет алған совет   үкіметі  ишан мен  молда­лардың ізіне түсіп қудалай бастайды. 1930 жылы Елтай Ерназаров атындағы колхоздың мүшесі Аман Үмбетовті мемлекеттік тапсырыс­ты орындаған жоқ деген сылтаумен тұтқындап, соттың шешімімен жаза­сын өтеу үшін Саратов губерниясына жіберілді. Ол жақта өзінің еңбекқорлығы арқасында күндік нормасын артығымен орындағаны үшін мерзімінен бұрын босап елге қайта­ды. Елге келгенмен бұрынғы өзін ұстатып жіберген колхоздағы белсенділерден аулақ жүрейін деп, Арал ауданындағы Аманөткел елді мекеніне бір түнде бала-шағасымен көшіп кетіп бой тасалайды. Інісі Нәжім ағасының болашағын ойлап, діни кітаптарын жәшікке салып, ылғал өтіп бүлінбесін деп, жәшіктің іші мен сыртын киізбен қаптап, Иланды қорымына түнде апарып көміп тас­тайды. Ел іші шамалы тынышталған сияқты көрінген соң, қайтадан Қаза­лы ауданындағы ауы­лына көшіп келеді. Алайда сырт көзге ғана  тыныш­талған  сияқты  болып көрінген еді. Екі жылдан соң, 1938 жылы 13 сәуірде шолақ белсенділер­дің көрсетуімен НКВД-ның Қазалы аудандық бөлімшесі А.Үмбетовті РСФСР Қылмыс­тық Кодексі 58-бабының 10-тармағымен айыпты деп тұтқындайды. 1938 жылдың 20 мамырында тұтқындағы оған тағы да бір бап қосу үшін қайта қарап, НКВД-ның Қазалы бөлімшесіндегі тергеуші РСФСР ҚК 58-бабының 7-тармағына осы баптың 10-тармағын қосады. Яғни «контреволюциялық ұйымның мүшесі» деген айып­қа тағы да «ауыл шаруа­шылығына зиян келтіру үшін антисоветтік үгіт жүргізді» деген айып­ты қосып, КПЗ-де қауіпті қылмыскер ретінде ұстады. 1938 жылдың 24 қарашасында жарты жыл қамау­дағы Аман Үмбетовті Қызыл­орда облысының Қазалы қалалық Арнайы  колле­гиясының шешімімен мемлекеттік тапсырманы орын­дамағаны және антисоветтік үгіт жүргізіп, ауыл шаруа­шылығына зия­ны үшін РСФСР ҚК 58-бабының 10-бөлігінің 1-ші А тармағымен  7  жылға және 1937 жылғы  2  мамырдағы осы баптың 2-бөлімінің және 7-бөлімінің 11-тармағымен 14 жылға бас бостандығын айырып, соттап жіберді. Осылайша алдындағы жазасын мерзімінен бұрын өтеп келгені де ескерілмеді. Сот шешімі шыққаннан кейінгі өмірі жайлы ешқандай мәлімет жоқ, немересі Ахметулла Аманов қанша ізденгенмен ешқандай  дерек  ала  алмады.

Совет қоғамында басталған демократия мен жариялылыққа байла­нысты немересі Ахметулла атасы Аманды ақтап алу үшін ісін қайта қарау туралы ізденісі өз нәтижесін берді. Қызылорда облыстық прокуратурасынан ол туралы мынадай хабарлама келді: «Сіздің атаңыз Үмбетов Аманның ақталғандығы туралы анықтаманы сұраған арызыңыз облыстық прокуратурамен оған қар­сы қозғалған қылмыстық іс құжаттарын зерделеу арқылы қаралды. А.Үмбетов Қызыл­орда облыстық сотының 24.11.1938 жылғы үкімімен заңсыз «кеңеске қарсы үгіт және насихат жүргізгені» үшін 14 жыл бас бостандығынан айыруға сотты бол­ған. Алайда, ҚР Жоғарғы сотының 08.02.1989 жылғы ұйғарымымен жоғарыда аталған сот үкімінің заңды күші жойылып, А.Үмбе­тов әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байла­нысты оған қарсы қозғалған қылмыстық іс қысқартылған. Осыған орай атаңыз А.Үмбетов облыстық прокуратураның 04.10.2006 жылғы қорытындысымен заңсыз сотталған деп танылып, ҚР 14.04.1993 жылғы «Жапай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының талабына сәйкес ақталғандығын хабарлаймыз».

Ақ түйені қарыны осылай жары­лып, әділдік орнады. Бірақ Ахметул­ланың көңілі көншімеді. Ол атасының фотосуреті болуы мүмкін деген үмітпен ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаментіне хат жолдады, ол жақтан да мынадай анықтама келді: «Құрметті Аманов Ахметулла! Өкінішке қарай, Департаменттің мұрағаттық іс материалында А.Үмбетовтың фотосуреті мен жеке құжаттары сақталмаған және қаза болған жері мен жерленгендігі туралы  да  дерек  жоқ».

Қоғам өзгеріп, жазықсыз жапа шеккендер ақталып жатқанда Ахметулланың бір арманы атасы Аманның қай жерде сүйегі қалғанын білу мен фотодағы бейнесі табылып қала ма деген екі үміті де осылайша үзілді. Әкесі Нығыметулла да 1969 жылы дүниеден өткенше өзінің әкесі Аманнан бір хабар болып қалар деп іштей алаңдап кеткен болатын. Ол кезде ол туралы айту қауіпті еді, сөз бола қалған кезде «сол кеткеннен жоқ болды ғой» дегеннен артық ешнәрсе айтпайтын. Аман аталары ақталған соң, кітаптарының бірсыпырасын немере інісі Каримулла Тәжмағанбетов Алдақияр молдаға табыс етті. Түркияда дәріс алып, Қазалы қаласындағы «Нұралы» мешітінде молда болған Алдақияр «бұл – өте бағалы кітаптар, тіпті ауруларды емдейтін қасиеті  бар» деген болатын. Бірнеше кітабын Әйтеке би кентіндегі «Қожаназар ишан» мешітінің молдасы Ізет Абашев ақсақалға тапсырған. Баяғы қорымға көмілген кітаптардың бірі де қалмай қолды болған. Елінің болашағы үшін бала оқытқан, Асан руының абзал азаматы Аман Үмбетов осылайша азапты жылдарды басынан өткеріп, қайда жан тапсырғаны да белгісіз болып қалды. Тек бар білетіні – Аманның қызы Шарипаның әкесін Қазалы түрмесінен этаппен алып кеткеннен кейін Орынбор қаласының абақтысында жатқаны, «күн суықтығына байланысты жылы киім салыңдар» деген жалғыз хаты ғана келгені. Одан кейінгі тағдыры белгісіз  болып  қалды.

Осындай жағдай біздің әулеттің де басынан өткен болатын. Әкем Абдул­ланың ағасы Сарықазақ Түменбаев соғысқа кеткеннен ке­йін еш хабар болмаған, «қара қағаз» келмегендіктен әйелі Дәметкен өмір бойы үмітін үзбей соғыс жесірі ретін­де 90 жасқа дейін күтіп, 2003 жылы қайтыс болды. Түменбайдың шөбересі Рамазан Әбілдос ол кезде студент еді, 2020 жылы арғы атасы Сары­қазақ Түменбаевтың 1944 жылы Белоруссияның Гомель облысы, Светлогорский ауданы, Мармовичи деревнясы үшін шайқаста қаза тауып, бауырластар зиратына жерленгенін іздеп тапты. Қазір Рамазан інім – ҚазМУ-дың оқытушысы  және  магистрі.

Сөзімнің соңында тағы айтарым, Аман аталары ақталған соң, ұрпақ­тары 2010 жылы Иланды қорымына саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде үлкен ескерткіш белгі орнатып, құда жолы жасап, бала оқытқан мешітін қоршап, оған да ескерткіш тақта орнатты. «Орны бар оңалар» деген. Құдайға шүкір, Аман Үмбетовтың артындағы ұрпақтарының түтіні түзу шығып, әулетті жалғастырып отыр. Менің құрдасым Ахметулла Аманов ЖОО бітірген соң, 1979-1997 жылдары сауда саласында есепші, бас есепші, басқарма басшысы қызметтерін атқарды. 1997-2005 жылдары салық басқармасында инспектор, бөлім басшысы, 2005-2010 жыл­дары аудандық қаржы бөлімінің басшысының орынбасары, 2010-2022 жылдары аудандық қаржы және экономика бюджеттік жоспарлау бөлім басшысы болды, 2023 жылдан бастап Отбасын қолдау орталығының директоры. Отбасында зайыбы Дәмелі екеуі екі қыз және ұл тәрбиелеп, солар­дан немерелер көріп отыр. Тек өкініштісі, Дәмелі өткен жылы ауыр науқастан  дүниеден  өтті.

Міне, сталиндік зобалаң кезінде азапты жылдарды басынан өткерген Аман Үмбетовтың тарихы осындай. Бір адамға құдайдай табынып, заң аяққа тапталғаннан қаншама қазақ жапа шекті, мұндай сорақылық қайталанбауы  керек.

Бақытжан  Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі, тарихшы

Суретте: Ахметулла келіншегі Дәмелімен; ұлы Мәди мен келіні Мирамкүл, немерелері Әли мен Оспан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: