Қазақстан Республикасының
Премьер-министрінің
бірінші орынбасары Роман Склярға
Құрметті Роман Васильевич!
Бүгінде Сыр өңіріндегі мұнай-газ саласы бойынша мердігерлер мен жұмыскерлерінің арасындағы мәселелердің мазасы қашқан. Олардың басты сұрақтары ас мәзірінен бастап, арнайы жұмыс киімі мен жалақы мәселелерін қамтиды. Негізгі мәселенің тамыры – инвестор, яғни шетелдік компания мен қызмет көрсетуші мердігерлердің арасындағы келісім тарифі төмендігінен. Осы ретте еліміздегі шетелдік компаниялардағы өз жұмысшыларымыздың мүддесін қорғайтын уақыттың болғанын айтамын. Бұл – бір.
Екінші. Соңғы 10 жылда Сыр өңірінде мұнай өндіру көлемі 66%-ға қысқарып, 2013 жылы 10,5 млн тонна болса, 2023 жылы, болжамды деректер бойынша, 3,5 млн тоннаны құраған. Өңірдегі компаниялар өндірілген мұнай өнімдерінің 80%-ын ішкі нарыққа, қалған 20%-ын экспортқа өткізуде. Ішкі нарықтағы бағасы экспорт бағасымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бір тонна мұнайдың экспорттық бағасы барреліне 80-85 АҚШ долларын құрайды (39,5 мың теңге, 06.11.2023 ж. бағасы бойынша), ішкі нарықтың бағасы кем дегенде 2 есеге аз (ішкі нарықтағы мұнай бағасы – барреліне орта есеппен 15 мың теңге).
Барлық мұнай-газ өндіруші компаниялар бюджеттің шығыс бөлігін, оның ішінде мұнай-сервис жұмыстарының көлемін қысқартты. Яғни, жұмыс істейтін жұмыс күшін 2 еседен астамға қысқартуға әкелді (2015 жылғы 23 мыңнан 2022 жылы 10 мың адамға дейін қысқарды).
Компания басшылары мұнай өндіру көлемінің жыл сайын төмендеуіне және оның экспортына берілетін квоталардың да төмендеуіне байланысты осы саланың шығынға ұшырауын негізге ала отырып, қазақстандық қызметкерлердің жағдайын көтере алмаймыз деп отыр.
Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі «Кеңқияқ – Атырау реверс» жобасы пайдалануға берілгеннен кейін экспортқа квотаны ұлғайту мүмкіндігі туралы пікірді ұстанған болатын. Жоба 2021 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Алайда қазіргі уақытта квотаны ұлғайту мәселесі әлі де шешілген жоқ.
Үшінші. Елімізде көптеген компания тиісті рұқсат құжаттары негізінде жер қойнауындағы қазба байлықтарды өндірумен айналысады.
Дегенмен, кейбір компаниялардың тіркелген заңды мекенжайы мен жұмыс істейтін орны екі жақта орналасқандықтан, негізгі салықтарын миллиардтап басқа аймақтың қазынасына төлеуде. Сондай компанияның бірі Сыр өңіріндегі мұнайды сауынды сиырға айналдырғанына 20 жылдан асты. Бұл мәселе Парламент төрінде талай рет айтылды, нәтиже болмаған соң, тағы да көтеруге тура келіп тұр.
Төртінші. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында Шу-Сарысу, Арал, Сырдария бассейндерінде республикалық бюджет қаражаты есебінен зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Алғашқы екеуі шешілді.
Анықтама: Шу-Сарысу бассейнінде өткен жылы өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды (3 жылға 2,2 млрд теңге). Нәтижесі бойынша облыс бөлігінде көмірсутек қоры анықталмаған.
Арал (Батыс және Шығыс учаскелері) бассейнінде геологиялық зерттеу жұмыстары 2022 жылы басталды (3 жылға 6,3 млрд теңге). Аяқталуы 2024 жылға жоспарланған. Бұл жобаның әкімшісі – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті.
Ал Сырдария мұнай-газ бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ. Қажетті сома 3 жылға – 4,3 млрд теңге. Қаржысы шешілмегендіктен, аталған жоба «AMANAT» партиясының жоспарында қарастырылғандықтан, тармағы орындалмаған болып тұр.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі шараларды іске асыру қажет деп есептеймін:
1. Өңірдің компаниялары үшін мұнай экспортына квотаны өндірілген мұнайдың 50%-нан жоғары ұлғайту.
2. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар жұмыс орны бойынша тіркеуден өтіп, салық және басқа да міндетті төлемдерді төлеу туралы Салық заңнамасына өзгерістер енгізуде назарға алу.
3. Аталған салада қазақстандық мердігер мен шетелдік компаниялар арасындағы келісім тарифін қайта қарастыру. Тарифтерді көтеру мәселесін шегелеу.
4. Мұнай компанияларында жұмысшылардың негізгі бөлігін жергілікті тұрғындармен қамту бойынша міндеттемені келісімшартта қарастыру.
5. Сырдария мұнай-газ бассейнін зерттеуге қажетті қаражат мәселесін шешу тетіктерін қарастыру.
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!