Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Комсомолдың семсерден саунаға дейін жүріп өткен жолы

01.11.2023, 9:05 330

HALYQLINE.KZ

2023 жылдың 29 қазанында жастық шағымызда мүшесі болған комсомолдың 105 жылдығына байланысты әлеуметтік желідегі көптеген жазбаны оқып, мен де осы комсомол ұйымы туралы өз пікірімді білдіріп отырмын. Комсомол коммунистік ұйымның көмекшісі болды, партия қызметкерлері жоғары оқу орнын бітіріп келген балаларын осы комсомолдың аудандық бөліміне орналастыруға тырысатын, себебі қызметтік мансабы тез өсетін еді. Оларды әуелі комсомол комитетіне нұсқаушы қылып орналастырады, сосын үшінші, екінші, сосын барып бірінші хатшы болады. Оған дейін партия қатарына өтіп алған баласы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болғасын, аудандық партия ұйымының бюро мүшесі болады. Ол дегеніміз, баласының мансабы өсіп, облыс орталығына көтеріліп кетеді, сосын республикалық ЛКСМ-нің бюро мүшесі болса, келешекте облыс басшысы лауазымына сатылап өсіп, сол кезде облыстық партия ұйымының бірінші хатшысы болатын. Кейін олар облыс әкімі болып шыға келді, осы комомолдан көтерілгендер аудан әкім болды, ең құрығында совхоз директоры мен мекеме бастығы болатын. Кейін жекешелендіруге байланысты шаруашылық пен мекемелерін жекешелендіріп алды. Біздің қатарларластарымыз да комсомолдың игілігін көрді, әскерден қайтарда әскери бөлімінің саяси және комсомол жетекшілері жазып берген мінездеме арқылы конкурссыз өтіп, институттың студенті атанды. Комсомолдық жастар бригадасында екі жыл істеп еңбек еткен өтілімен жоғарғы оқу орнына түсетін.

Біздің кезімізде комсомолдың беделі зор еді, патриоттық тәрбие күші болғандықтан комсомолды басында буденовка, қолында семсері бар Павел Корчагин сияқты ерлер елді қорғап қалды деп жаттап өстік. Сосын елді индустрияландыру, ұжымдастыру, фашист басқыншыларымен соғыс, елді қалпына келтіру, тың, атом мен космосты игеруді басынан өткергендіктен, комсомол жетекшілері де мықтылар деп ойлайтын едік. Алайда, өмірде бәрі басқаша болғанын 1981 жылы жазушы Юрий Поляков жазған «Аудан көлеміндегі төтенше жағдай» атты кітабынан білдік. Ол кітапты, әрине, баспалар басып шығарудан бас тартты. Тек 1985 жылы совет қоғамын қайта құру үшін басталған жариялылық пен демократияға байланысты, осы кітап бойынша 1988 жылы «ЧП районного масштаба» атты кино шығып, санамызды дүр сілкіндірді. Киноның басты кейіпкері аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысының екіжүзділігін көрсетеді, күндіз кабинетте отырып түрлі құжаттарға қол қояды, тапсырмалар береді, аудан өміріндегі іс-шараларға қатысып, жалынды сөз сөйлейді. Ал кешкісін комсомол жетекшісінің екінші өмірі басталады, арақ ішіп қана қоймай өзіне бағынышты қыздарға арақ ішкізіп, саунаға апарады.

ВЛКСМ, яғни комсомол ұйымы 1918 жылдың 29 қазанында бүкілресейлік жұмысшылар мен шаруа жастарының бірінші съезінде құрылғанын мәлімдеген болатын. 1920 жылы комсомолдың ІІ съезінде пролетариат көсемі Ленин комсомол жетекшісі қандай болу керектігін де атап көрсетіп кеткен болатын, бірақ уақыт өте келе олардың шын бейнесі өзгерген еді. 1918 жылы комсомолдың қатарында 22000 адам болса, 1984 жылы 42000000 адамға жеткен, беделі де зор болатын. Қайта құру жылдарында алда келе жатқан өзгерісті елден бұрын білген аудандық, облыстық, республикалық, одақтық комсомол жетекшілері заман талабына сай «жастармен жұмыс жүргізілуі үшін» деп өздеріне қарасты ғимараттардан бейнесалондар, дискотека өткізетін залдар, коммерциялық дүкендер ашып, табыс тауып, баюдың жолына алаңсыз түсті. Жекшелендіру кезінде олар завод пен фабрикаларды сатып алды, қазір олар олигархтар деп аталады.

1991 жылы тамыз бүлігінен соң 1991 жылдың қыркүйек айында ВЛКСМ-нің ХХІІ съезінде комсомол мен пионер ұйымы таратылатынын мәлімдеді, тек жиырма делегет қана қарсы болды. Белоруссия ССР-нің ЛКСМ-нің бірінші хатшысы Владимир Зюкин қатты қарсылық көрсетті, сірә саунаға қыздармен барғанды іштей жақсы көріп қалған-ау шамасы, «көп қорқытады, терең батырады» дегендей, осылайша комсомол ұйымы тарих сахнасынан кетіп, өмір сүруін тоқтатты.

(Ресейдегі олигархтар комсомолын ұмытпай, 105 жылдығына орай медаль, төсбелгі, вымпелдер шығарды, оның фотосын ашық дереккөзден алып отырмын және өзімнің билетім).

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: