Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туризмнің дамуын не тежеп отыр?

05.10.2023, 11:20 257

Биыл отбасыммен Бурабайда демалдық. Қазақ туризмін дамытуға титтей де болса үлес қосқымыз келді. Алайда, 5 күнде көзбен көрген, ойға түйген жайттар көңілімізді қалдырды. Сонау 90-жылдардан бері қаншама қыруар қаражат салынса да, ештеңе өзгермегеніне жан жүрегің ауырады. Енді осыған нақты мысалдар келтірейін.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ  ЖОҚ

Бурабайда өркениетті инфрақұрылым жоқ. Сол бұрынғы ескі үйлер, қонақүйлер. Шетелдік туристерге пәтерін жалға беріп, жан баққан жұрт. Шетелдіктер (90%-ы – ресейлік орыстар) көлге түсіп, жағажайда арақ-шарабын ішкеніне мәз. Жағажайда жабайы музыка қойып, соның ырғағымен билеген демалушылар.

Бурабайдың түріктің Аланьясынан табиғаты бір де кем емес. Түркияда жолпұлың, қонақүй ақысы, ішетін тамағың бір кәсіпкердің қалтасына, яғни түрік елінің бюджетіне түседі. Қазақстанда шетелдік туристің жолының ақысы ғана ел бюджетіне түседі. Тәулігіне 2000 теңгеге (ақшасы көлеңкедегі айналымға кетеді) пәтер жалдаған демалушылардан пайда аз. Дүкеннен тамақ алады, көлге түскені үшін бақыр тиын да төлемейді. Түркияда бәрі бір турпакетке біріктірілген. Осы мәселені 30 жылда шеше алмағанымыз, туризмге қатысты дұрыс саясаттың жоқтығы. Бурабай бір қарасаң, орыс ұлтының өкілдері күл-қоқыспен ластайтын өңір, алып «дәретханасы» сияқты көрінеді.

ТУРИСТІК  ӨНІМ  ЖОҚ

Бізде туристерді таңғалдыратын өнім жоқ. Ұлттық дәстүр, ұлттық тағам, ұлттық сәулет, ұлттық мәдениет жоқ. АҚШ-та болғанымда Мексикамен шекарадағы қалада мексикалықтар текиласын зор мақтанышпен төрге қойып, келген қонағына құрметпен ұсынғанын көрген едім. Түріктер туристерге ұлттық тағамдарын ұсынады. Ал қазақтың қымызы да, шұбаты да, ірімшігі мен қаймағы да жоқ Бурабайда. Оның орнына күнде таңертең орыстың сырасы, америкалықтардың эспрессосы мен американосын ұсынады. Ұлттық мәдениеттің белгісі жоқ. Барлық жерде шүлдірлеген өз қазағым, жергілікті орыс пен шетелдік туристер. Меніңше, шымкенттік қазақтарды Қызылжарға емес, Бурабайға қоныстандыру керек. Кентте ұлттық сәулет жоқ, өзіңді ресейлік бір ауданның орталығында жүргендей сезінесің. Бұл – нағыз надандық. Жыл сайын туризмге миллиардтаған қаржы бөлсек те, баяғы жартас – сол жартас.

ЛОГИСТИКА  ЖОҚ

Күн сайын Үкіметте бітпейтін жиындар өтіп жатады. «Ойбай, еліміздің аумағында логистика мәселесі былай шешіліп жатыр» деп өтірік есеп береді министрлер. Тәуелсіздіктің 30 жылында елеусіз қалған нәрсе көп. Соның бірі – Астанадан Бурабайға тікелей қатынайтын электр пойызы жоқ. Электр пойызы Бурабай станциясынан түсіріп, Көкшетауға кетеді. 25 шақырым жерге тез жету қиямет-қайым. Шағын автобустар 1 сағат сайын жүреді, оған жолаушылар нанға таласқан аш адамдардай жүгіреді. Оның өзі ескі, тозығы шыққан көліктер. Ал 20-25 шақырым жерге жалаңдаған таксистер жан басына 3000-4000 теңге сұрайды. Жабайы кәсіп. Жаныңды ауыртатын көрініс. Өркениет айналып өткен жер.

БАҒА  ТУРАЛЫ

Бурабай кентіндегі қонақүйлердің бір тәуліктегі орташа бағасы – 40000-60000 теңге. Көпқабатты үйлерден пәтер  жалдасаң, әр сөткесіне 10000-20000 теңге төлейсің. Қонақүйлерде таңғы ас ғана қонақүй бағасына кіреді. Дәмхана, мейрамханада да баға «секіріп» тұр. Курортты қалада ұлттық мейрамханалар бар, бірақ өзбек пен ұйғырдың ұлттық асын береді. Тамақтың сапасы бағасына сай емес. Жазғы маусым үш-ақ айға созылатындықтан қызмет көрсетушілер әр турис­тен көбірек пайда табуды ойлайды.

Енді салыстырып қарайық. Бес күнде Бурабайда отбасымызбен  4 адам 300  мың  теңге  жұмсадық.  Оның өзінде,  түскі  ас  пен  кешкі  ас  қонақ­үй  құнына кірмейді. Тамақ ішетін жер іздеп сабылдық. Шымкенттен келген отбасылар ашқан бір орташа шайхананы тауып алып, бірнеше күн сол жерден тамақтандық. Оның өзінде мантының наны көгеріп кетіпті. Ал самсап тұрған дәмхана­лардың бәріндегі  баға удай. Егер осы 300 мың  теңгеге тағы 100000 теңге қосып, Түркияда немесе Мысырда демалсаң, жолың, жатын орның, ішіп-жейтін тамағың, аралайтын жерің және т.б. бәрі біріктірілген. Сол себептен жұрт жазда Бурабайға емес, Дубайға, Мысырға кетеді. Қазақ­тың ақшасы шетелдің туризмін дамыту­ға «құйылып» жатыр. Бәріне өзіміз  кінәліміз. Мәселен, түріктердің «Все включено» деген тәжірибесі күллі әлемдегі туризмді өркендеткісі келетін елдерді қызықтыруда. Бір байқағаным, биыл Түркиядағы демалыстың құны қымбаттағанына қарамастан, қонақүйлерде бос орын жоқ. Өйткені, ол жақтағы сервис біздікінен бөлек.

Енді  Бурабайға  қайтып ора­лайық. Жыпырлаған  дүкендерде  баға бірдей. Бір қынжылатының, Щучинскіде бар супермаркет Бурабайда жоқ. 10-15 жыл бұрынғы дүкендер әлі жұмыс істеп тұр. Таксидің құны сәл түсіпті, себебі жұрт үш аяқты квадрацикл, скутер сияқты қытайлық төбесі ашық көліктермен қатынауда. Отандық туризмнің орталығы деп саналатын қалада көңіліңді қалдыратын, еңсеңді  түсіретін  нәрселер  көп.

СЕРВИС  ТУРАЛЫ

Бурабай – әбден  орыстанған  қала. Дүкендегі сатушы да, дәмханадағы даяшы да, көшедегі таксист те орыс тілінде ағып тұр. Хайуанаттар бағында ғана кассир апай қазақша сөйлейді. Жағажайдағы қайық қыз­метін, ас-суларды сататын, велосипед, квадрацикл, мопед қызметін ұсынатындар тек орысша сөйлейді. Турларды ұсынушыларға да қазақ тілі қажет емес екен. Қалалық жағажайда көлдің бір-бір бөлігін жалдап алғандар әр жан басына 2500-3000 теңге сұрайды. Беретіні – бір пластик кереует қана. Олар да орысша музыка қосып, демалушыларды өзінде қызықтыруға  тырысуда.

КЕНТТІҢ  КЕЛБЕТІ  ТУРАЛЫ

Бурабай – кеңестік келбетін сақ­тап қалған кент. Ресейліктер тайлы-тұяғымен көшіп келгендей көрінеді. Ұлттық болмыс жоқ. Тіпті, кент сауық-сайранды ғана көретін, ішіп-жейтін туристердің мекені  іспетті. Жабайы сауда, мешел сана, өркениетті қаланың белгісі жоқтың қасы. Тіпті, Ресейдің бір  ауданы сияқ­ты. Тұрғындары  жанталасып  демалуға  келгендердің  қалтасын қағуды  ойлайды. Дүкендерде  арақ-шарап, сыра самсап тұр. Сауданы да қыздыратын – осы өнімдер. Сонда бұл қала қашан дамиды? Министрлер үкіметтік жиындарда өтірік есеп беретін туризм мен қарапайым демалушылар өз көзімен көретін туризм­нің  арасы  жер  мен  көктей.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Қазақстандағы  туризмнің артықшылықтары:

1. Алла Тағала жаратқан тамаша табиғат.

2. Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта.

3. Жыл сайын демалушылар санының өсуі.

Қазақстандағы  туризмнің кемшіліктері:

1. Қызмет көрсетуші персоналдың ішкі әдебінің қалыптаспағаны.

2. Инфрақұрылымның толық жетілмегендігі.

3. Демалушылардың құлдық санадан арылмағаны.

4. Туристердің денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық.

5. Туризм саласындағы кадр тапшылығы.

6. Демалыс маусымының қысқалығы.

7. Туристік аймақтардағы азық-түлік, жатын орын, т.б. бағасының шамадан тыс қымбаттығы.

8. Демалыс аймақтарындағы жатын орын, жол шығыны, тамақ беру, табиғатқа экскурсия ұйымдастыру, т.б. бір жүйеге келтірілмегені.

9. Табиғат-Анаға деген перзенттік сезімнің әр адамның жүрегінде болмауы.

10. Туризмді дамытқан өркениетті елдерден үйренетін нәрселерді, озық тәжірибені үлгі еткіміз келмейтіні.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: