Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсан жырау

28.09.2023, 9:40 451

ХІХ-ХХ ғасырлардағы жыршы-жыраулардың негізігі тақырыбы халық теңдігі, ұлт азаттығы және адамгершілік құндылықтар сипатында көрініс тапты. Хандық дәуір жойылып, патшалы Ресейдің боданына айналған кезеңде де қазақ жырауларының қоғамдық рөлі айныған жоқ. Халықты ауызбірлікке, адамгершілікке, имандылыққа, даналыққа, батырлыққа насихаттайтын терме, толғау, қисса-дастандарды қазақ жыраулары  үздіксіз  жұртқа жеткізіп отырды. Кешегі ХХ ғасырдың орта шеніне дейін жыршы-жыраулар халықтың рухани дем берушісі әрі мереке-жиынның мәні, сән-салтанаты болды. Кейін Кеңес өкіметі орнаған тұста көптеген жыршы-жыраудың қадамы қысқарып, көбі қуғынға ұшырады. Оның себебі болса да белгілі. Кеңестік жүйеде ұлттық өнерді тұншықтыру амалдары көп жүрді. Соған қарамастан қанға біткен қасиетті өнер әр жерден бір бұрқ етіп, кейде жасырын, кейде ашық халық арасында қайнай берді. Ел түбегейлі түпкі мәдениеті мен өнерінен тысқары кеткен жоқ. Кеңестік кезеңде әр адамға әртүрлі кәсіп жүктелді. Социализмді аяққа тұрғызу, ұжымдастыру, қайта құру түрлі саяси науқан жалғасын тауып жатты. Бірі балықшы болды, бірі механизатор, бірі шопан… тағысын тағы. Заман келбеті өзгерді. Сонда да болса қазақтың домбырасы төрінен түскен жоқ. Әйгілі жыраулардың ізін көрген, тәлім алып алдын көрген жыршылар ара-тұра тыңдар құлақтың алдында ащы терін алып жүрді. Алқаны бір серпілтіп, рухани қызметін атқарды. Соның бірі – Сыр бойы, Арал аймағын мекен еткен Жақсан Тәңірбергенұлы.

Жырау Жақсан Тәңірбергенұлы (азан  шақырып қойған  аты – Жақсылық)  1932 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Әкесі Тәңірберген орта шаруа адамы болған. Руы Әлім-Шекті аталығынан Жақайымның Тоқал Асаны – Алшынбай. Тәңірбергеннен  Жақсан, Ақзер  деген  екі  бала  болады. Тәңірберген  атамыздың  жұбайы Жұмабайқызы  Балқия  әжеміз – Әлім аталығы Есенәліден тарайтын Палуанның қызы. Балқия әжеміздің әкесі Жұмабай молда кереметін халық көрген білімді кісі болған деседі. Осындай қасиетті, текті жердің қызын алған Тәңірберген атамыздың да балалары осал болған жоқ. Жастайынан жыраулық өнерге құмартқан Жақсан әкеміз 14 жасында Нұртуған шайырдың «Едіге» дастанын жатқа меңгерген. Тәңірберген атамыз Бітімбай шайырдың баласы Жаңаберген жыраумен достық, әміралықта болған жақын жандар. Жаңаберген сол кездегі Жаңаталап колхозының төрағасы болса, туған інісі Сақитжан жырау Дөңгелексор елді мекенінің Чкалов колхозына төрағалық етеді. Жаңаталаптан жұмыс бабымен шыққан Жаңабергеннің маңдай тіреп баратын жері – Тәңірберген досының үйі. Бірде Тәңірберген досы Жаңабергенге «осы баланың өлең-жырға әуестігі бар, тыңдап көрші» деп Жақсанды меңзейді. Жақсанның талабына тәнті болған Жаңаберген інісі Сақитжан жырауға «Тәңірберген достың үйінде талабы тәуір бала бар екен, бар білгеніңді үйрете бер» деп тапсырады. Бұл Жаңаберген, Сақитжан жыраулар белгілі Бітімбай шайырдың балалары еді. Содан бастап Жақсан әкеміз Сақитжан жыраудың тәрбиятын алып, шәкірті бола бастайды. Жақсан жыраудың жыр қоры өте бай болған. Атап айтар болсақ, жыр қорында «Мәулім-Нияз», «Қарасай-Қази», «Мұңлық-Зарлық»  дастандарымен  қатар Нұртуған, Нұрмағамбет  сияқты ақындар  шығармашылығының басым  көпшілігі  болған.

Жақсан жыраудың жас күнінде өнерін тамашалағандар «шіркін, Жақсан жыраудың дауысы да, орындауы да бөлек қой!» деп таңдансын білдіріп отырады екен. Олай болатын себебі өз талантымен ұштасқан белгілі жыраулардан алған тәрбият, шарапат да бар еді. Жақсан жыраудың ой өзегін жарып шыққан өз шығармалары да болған. Өкінішке қарай, совхоз құрылған жылдары шопандық қызметке жегіліп, өкіметтің малын бағып түзде жүрген уақыттарда жазған-сызғандарын толық сақтаудың реті келмей қалады. Әйтсе де, бізге жеткен бір-екі термесін жас жыршы-термешілер орайлы жерінде орындап жүр. Дәріғұл жыраудың Нұртуған шайырдың көңіл сұрап баруындағы жырын Жақсан әкеміз жыраудың қасында отырып үйренген. Дәріғұл жыраудың топқа түсіп, таңға жырлағанына екі рет куә болған адам – Жақсан әкеміз. Жырау, ұстаз Алмас Алматов 2004 жылы Жақсан жыраудың «Едіге» және «Қарасай-Қази» дастандарын өз дауысында таспаға жазып алып қалды. Жақсан әкеміздің жыраулығымен қатар тәуір ат мініп, тазы жүгірткен сері сипатты сыншылығы да бар еді. Жүйрік баптаған кейбір сейістер аттарын Жақсан әкеміздің алдынан бір өткізіп, сенімін кәміл қылып отырады екен кешегі күні. Жақсан әкеміздің жұбайы Апаш (Апахан) шешеміз – белгілі Жақайым Сман бидің баласы Құдайбергеннің тұңғышы. Жақсан әкемізбен отасқан 50 жылда 14 құрсақ көтеріп, 7 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірген. Бұлардың барлығы да өнерге жақын болып өсті. Ал, осы балаларының ішінде әке бойындағы асыл өнерге деген әуестік Бекұзақ, Айбек, Асылбек, Болатбек, Әділбек балаларының бойынан табылып, кәсіби өнерпаздық жолға жалғасты. Ата өнерін, әке аманатын арқалған өнерпаз ұлдарына Жақсан әкеміз жырды орындаудағы шеберлігіне әрі мақам-саздың бұзылмай, өз нақышында орындалауын жіті бақылап, қатаң тапсырып отырды. «Ата-ананы қартайтатын да, марқайтатын да – балалары» демекші Жақсан әкеміздің көзі тірісінде-ақ Бекұзақ, Айбек жыраулар бірнеше республикалық сайыстың жүлдегері атанып, абыройға кенеліп, ауызға ілікті. Ұлдары халықтың құрмет-қошеметінде жүргеніне куә болған Жақсан әкеміздің сенімі ақталды. Бір әулетте белгілі бір өнердің немесе кәсіптің атадан балаға жалғасып, баян табуы – сирек кездесетін құбылыс. Сол құбылыс Тәңірбергеновтер әулетінде берік орныққан. Оған дәлел, Жақсан атамыздың бойындағы қасиетті өнер балаларымен тұйықталмай немерелеріне де жұғым болуында. Марқұм, әйгілі Бекұзақ ақынның балалары Мөлдір мен Ұлықбек – қара өлеңнің қазанын қайнатып жүрген өрендер. Ал, Айбек жыраудың балалары Жәнібек пен Жақсыбек, бірі Қорқыт ата университетінің «Дәстүрлі жыр» мамандығын тамамдаса, бірі – Қазанғап атындағы музыкалық колледждің студенті. Әділбек Жақсанұлының баласы Мұқағалидан, әлден, дарынды домбырашының дүмпуі сезіледі. Қалай айтсақ та, Жақсан әкеміздің ұрпағына қасиетті өнер мирас болған. Бәрі де – өнердің  өз адамдары. Тәңірден берілген бұл нығымет Тәңірберген ұрпағына тектіліктің туы болып бекіді. Жетінші ұрпағының да қолында бұл тектілік туы желбіріп жүрсін дейміз!

Жақсан әкеміз  Шижағадағы берекелі шаңырағында 2015 жылы сексен төрт жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Елдің аузында «Жақсан жырау» деген аты қалды. Әлі күнге Арал-Қазалы төңірегіндегі көптеген талапкер жас жыршылар Бекұзақ, Айбек, Болатбек ұлдары арқылы Жақсанның мөлдір бұлағынан сусындап, мақамына қанығады. «Артымда өлмейтұғын сөзім қалса, мен де бір жан болармын бағы жанған» деп Нартай ақын жырлағандай, Сырдың бойында Жақсан жыраудың жолы жаңғырып жата бермек!

Марат  СҮГІРБАЙ,

Қорқыта ата атындағы Қызылорда университеті

«Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасының оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: