Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: «Филармонияға жаңа ғимарат салынады»

02.05.2020, 21:30 538

HALYQLINE.KZ –| Өздеріңіз білетіндей, біз осы аптада карантин талаптарын жеңілдету арқылы қалыпты өмір сүру жағдайына келу үшін экономиканы қалпына келтіру жоспарын қабылдадық.

Осы орайда, баршамыз әлі де болса шыдамдылық танытуымыз қажет. Әрине, түсінеміз, қазір күн райы жылы. Барлығы, әсіресе, бүлдіршіндер мен жеткіншектер далада ойнағысы келеді. Сырдарияның жағалауында серуендеуді қалайды. Алайда біз өзіміздің және жақындарымыздың саулығы үшін карантин талаптарын әрі қарай да орындауымыз керек.

Мен күнделікті өмірімізде болып жатқан жағдайлармен таныспын. Ақпарат кеңістігіндегі жаңалықтардан хабардармын. Жақында теміржолшылар саябағын абаттандыруға қатысты қаланың бір топ белсенділері көтерген мәселені білемін. Аталмыш нысанның жұмысын көрдім. Саябақтың аумағында орналасқан филармония ғимараты өте ескі, 1924 жылы салынған. Таңғаларлық жағдай ғимарат бастапқыда клуб ретінде қызмет еткен. Бұл оның осы уақыт аралығындағы рухани-мәдени көпірге айналғанын көрсетеді. Сондықтан ол – тарихи ғимарат.
Жоспар бойынша шығармашылық ұжымға қосымша ғимарат осы парктің ішінде бой көтеруі керек. Бірақ бұл біздің қалалықтар ыстық күндерде көлеңкесіне саялайтын талдарды жою деген сөз. Саябақ – қызылордалықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда демалыс және мереке күндері көптеген тұрғындар балаларымен серуендейді. Табиғат аясында демалады. Жағдайды көзбен көріп отырып, ағаштардың тамырына балта шабуға жол бере алмаймын. Әрине, қосымша ғимарат қажет. Өйткені, бұл жерде 8 өнер ұжымы жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Тұрмағамбет» халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ансамблі және т.б. халықаралық сайыстардың лауреаттары бар. Сол себепті өнер адамдарының жұмысына қолайлы жағдай жасауымыз керек. Осы жағдайды ескеріп, қала әкіміне және тиісті мемлекеттік органдарға ағаштарға зиян келтірмей филармония ұжымына ғимаратты басқа жерден салу үшін ұсыныс беруді тапсырдым.
Міне, біздің бірлігіміз осындай ортақ іс-әрекеттерден басталады! Бұл жай ғана ұран емес! Бұл – билік пен халықтың күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуінің көрінісі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру осындай шаралардан басталады деп санаймын. Мұның барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық келісім моделінің нақты іске асып жатқандығының нәтижесі.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: