Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

17.08.2023, 9:20 293

Тоғышар

Қотарып ішіп, қаужаңдап жегенге мәз…

Жүйрік

Жаяудың ойы жүйрік: сәйгүлік мінген саңлақтардың өзін шаң қаптырып кетеді.

Аристократтық   ішіс

Бұрын арақты кез келген жерде, кез келген уақытта қалай болса солай іше беретін. Бүгінде олай ішуді мүлдем тоқтатты. Тек кәделеп алып берген адамдардікін ғана ішеді.

Абайша

Сақалын сатқан кәрілерім-ай, кетіп те болды-ау қадірлерің-ау…

Өкінішсіз  өмір

Баратын жерлеріме бардым. Алатын жерлерімде алдым. Шығатын биіктерге шықтым. Кіретін кабинеттерге кірдім. Жүретін жерлерде жүрдім. Көретін жерлерді көрдім. Адуындармен алыстым. Тентектермен тебістім. Тектілермен тең тұрдым. Жағымпаздардың жағын  қарыстырдым. Адасқандарды  табыстырдым…

Бас  тарту

Аста-төк тойда аузы-басы жалмаңдаған абызсымақтарға «Сен апарып бас тарт» дей қалса, сыпайы түрде рақмет айтып бас тартқанды жөн көресің.

Ақша  есірткен

Халықтың ақшасы есепсіз семірткен, есепсіз есірткендер бар: біреуі – жемқор шенеуніктер, екіншісі – тойшыл әншілер. Екеуі де қалталары толып тасыған соң, халықты ұмытып, төбелерінде ойнап жүр.

Озды

Біздің  баспасөздің  сын  айта  алмайтын сақаулығынан,  енді  міне,  балпылдаса  да, бұрқылдаса  да  блогерлер  озып  бел   асып тұр…

Марапаттың  межесі

Дүркін-дүркін берілген марапаттар қадап-қадап  айтатын  «Меніңді»  жұтып  тынады.

Көктегі  көкірек

Кәделі көлік мінген жігіттің кішкентай көкірегі гүмпиіп көк тірейді.

Көрші  ауданға  қарап

Ақсақалдары мықты ауданның жастары да мықты. Шалдары жалбақай ауданның балалары құр далбақай…

Ұялмастардың  қылығы

Ұялмайтындар ұялшақтардың ақысын жеп, несібесін жалмап жүреді.

Мен  түсінбеген  өлең

Біреулер бір жазғышты мақтап облыстық дәрежедегі ақын деп далитып жатыр. Түсінсем бұйырмасын. Ал өлеңдерін оқысам, отбасылық дәрежедегі бір шумақтар…

Күні  өткен  сәнқой

Құйрық майының қыржым-қыржымдарына дейін білемденіп көрініп тұратын тар шалбарды тырыстырып киіп, жас көрінгісі келетін сары тіс, салпауыз қатын…

Есепсіз  еркеліктер

Бұлаңдап бала да ерке. Шалқайып шал да ерке. Қылаңдап қыз да ерке. Қоқыраңдап қатын да ерке. Көп еркенің ырбаңы көзге шыққан сүйелдей жүйкеңді жұқартады екен-ақ…

Көрімдігі  дайын

Төрт құбыласы түгел адам көрмеппін. Көрсем көрімдігін берер едім.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы өткен сандарда. Соңы.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: