Биыл Қызылорда қаласында кең көлемде асфальт төсеу жұмысы жүргізілуде. Оған бюджеттен 10 млрд 541 млн теңге бөлініп, қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 184,9 шақырымдық 264 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың кейбіреуі пайдалануға берілген. Бұл жолдардың 80%-дан астамы шет аймақтарға, яғни кенттер мен ауылдарға тиесілі екен. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді аралап көру барысында біршама мәліметке қанық болдық.
Баспасөз өкілдері алдымен Н.Назарбаев даңғылының Б.Баймаханов көшесінен Бөкейхан көшесіне дейінгі аралықтағы 4,2 шақырымдық жөнделіп жатқан жолға табан тіреді. «УАД» ЖШС-ның өкілі Самат Қармысақов 30 техника пайдалану арқылы 50 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
– Жобаның құны – 758,1 миллион теңге. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір 2 шақырымдық жолдың бір жақ беті мастикалық қиыршық тас асфальтбетонымен қапталып тұр. Төсеу жұмысын қыркүйек айына дейін пайдалануға береміз. Атап өтер жайт, тас төсеу тек күндіз ғана жүзеге асырылады. Түнде жасалған жұмыстың сапасы болмайды, – деді ол.
Бұл күндері қаланың кейбір тұрғындарының көкейінде «бүтін тұрған тас жолды неге жөндеп жатыр?» деген сұрақтың тұрғаны белгілі. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай бұл ретте тұрғындарды сабырға шақырып, оның себебін түсіндірді.
– Облыс әкімі елді мекендер мен шет аймақтарға көп көңіл бөлуде. Қазір қала тұрғындары «асфальті бар көшені не себепті қайтадан асфальттап жатыр?» деген сұрақ қоюда. Біз жолдарды уақытында осылай күтіп-ұстап отырмасақ, келесі жылы ол жолдарға күрделі жөндеу жүргізу керек болады. Сәйкесінше, оның бағасы 2-3 есеге қымбаттап, облыс бюджетін шығынға ұшыратады. Жолдардың көбі тамыз айының 20-нан кейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Қазір қаламыздың көпқабатты үйлерінің сырты тоза бастаған. Меценаттардың көмегімен 27 үйдің қасбеті қайта жөнделуде. Осы ретте жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлерге алғыс айтамыз. Құрылыс туралы заңға өзгеріс енгізіп, қаламыздағы 16 тұрғын үйдің сыртына ленарлы панель қапталады. Бұл жұмысқа облыс бюджетінен тиісті қаражат бөлінуде. Үйлердің сыртын қайта жаңғырту жұмыстары А.Тоқмағамбетов, А.Байтұрсынов, Қазантаев және Абай даңғылынан басталатын болады, – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Сондай-ақ, ұзындығы 2,8 шақырымға созылып, құны 1 миллиард 210,5 миллионға бағаланған Астана даңғылын, құны 2 миллиард 397,7 миллион теңгелік 4,2 шақырым) С.Бейбарыс көшесін, «Әл-Фараби» мөлтек ауданында орналасқан Жұлдыз (жоба құны 29,4 миллион теңге, ұзындығы 655 метр) және Болашақ (жоба құны 98,9 миллион теңге, ұзындығы 2,3 шақырым) көшелерімен таныстық. Тұрғындар істеліп жатқан жұмысқа өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
– КБИ мөлтек ауданындағы Қорқыт ата көшесінде 2020 жылдан бері тұрамын. 800 метрге созылған көшеде жол қатынасы өте қиын жағдайда еді. Мамыр айында көшеміз толығымен жөнделіп, көрші-көлем бір қуанышқа бөленді, – деп ағынан жарылды Жасұлан Балғабаев есімді тұрғын.
Қалаға қарасты ауылдық округтер де назардан тыс қалмады. Тілшілер Қызылжарма ауылдық округіндегі Есахаев көшесінде жасалған жөндеу жұмысына куә болады. Аталған көшеге осы уақытқа дейін жол салынбаған екен.
Жалпы, қала бойынша жөнделіп жатқан жолдар қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне және көлік қозғалысының оңтайлы болуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Енді тұрғындар еңбеккерлердің маңдай терімен жасалған жолдардың жиегін таза ұстауға тырысып, көше сәнін келтіріп тұрса, қанеки.
Жасұлан НАРУЫЗӘЛІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!