Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот кінәлі ме, заң кінәлі ме?

22.07.2023, 13:09 291

HALYQLINE.KZ

Белгілі адвокат Ләззат Ахатова Сарыағаштағы жантүршігерлік оқиғаның негізгі себепкері ретінде аталған судья Нұрғазы Шәтеновтың соттағы төрелігі туралы ойымен бөлісті. Айтуынша, судьялар бекітілген заң шеңберінде ғана шешім шығарады. Шәтенов шынымен қате шешім шығарса – сол заңды қабылдаған депуттардың аты аталсын дейді. Істің мән-жайын толық түсіну үшін адвокаттың сөзіне көз жіберейік.

Соңғы кезде қоғамды дүр сілкіндірген Сарығаштағы істі жан-жақты сұрастырып, тап сол сұмдық қылмысы үшін педофилді жазадан босатып жібергендей, суретін қайта-қайта желілерде жариялап жатқан Нұрғазы Шетеновтің көпшілікпен талқыланып жатқан сот үкімін оқып шықтым. Қазіргі таңда Түркістан облыстық соты ол үкімді өзгертіпті. Бас бостандығынан шектеуді үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған.

Заңсыз шығарылған сот актісі болса, үкімді бұзар еді. Заң нормаларын өрескел бұзып, заңнан ауытқып, қылмыскерді босатып жіберсе, дәл қазір Шетеновтың басынан ешкім сипайын деп тұрған жоқ. Жоғарғы сот та, облыстық сот та сот саласын жағылған күйеден алып шығу үшін қатаң жаза қолданар еді. Ол үшін Қылмыстық Кодексте көрсетілген бап та бар. Сол баппен іс те қозғар еді.

ҚР Қылмыстық Кодексi, 418 бап.

1. Судьяның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруы – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл жерде судьяны ақтайтын ойым мүлде жоқ. Балаға қатысты қылмысты қарап, дәл сол іс бойынша педофилді босатып жіберсе, соттың сорақы, заңсыз актісі жайлы ең бірінші өзім жазар едім. Бес саусақ бірдей емесіндей, соттардың бәрі жемқор, сауатсыз емес. Өз ісіне берілген әділ, адал, принципшіл мамандар аз емес, ол салада. Бұл жерде мен біздің қылмыстық заңдардың солқылдақтығын, осал тұстарын айтқым келіп отыр. Ал заңдарды соттар қабылдамайтыны белгілі. Соттар тек Парламентте қабылданып, қолданысқа енген заңдарды қолданып, шешім шығарады. Өзі заң ойлап шығармайды.

Төменде сол сот үкімін салып отырмын. Балтамен басын шаппақ болған жәбірленуші әлгі малғұнның жолдасы екен. Екеуі шабаштық жұмыстарға жалданып, күніне 3 мың тауып жүрген. Бірге ішкен. Сол кезде төбелесіп, жаңағыдай жағдай орын алған. Жарақаты ауыр болғандықтан, ауыр қылмыспен 106-баптың 1 -тармағымен іс қозғалған.

ҚР Қылмыстық Кодексi, 106 бап.

  1. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру-үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы ретте сот екі тараптың татуласуын назарға алып, кінәлінің бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Істі қысқартып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатпаған, кей кісілер жазып жатқандай. Алдында мен Парламент депутаты Мұрат Әбеновтің постын оқып, (судьяның фотосын салып жазған) Шетенов ауыр қылмыс жасаған адамды тараптардың медиацияға келуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатқан екен деп ойлағам. Өйткені, Мұрат мырза “жәбірленуші ауыр жарақат алған, сот қалай ауыр қылмыспен қозғалған істе татуласуды назарға алып, қылмыскерді босатып жіберген?”- деп жазған еді. Заңнан хабары жоқ адам жазса мейлі, сол заңдарды тікелей өздері шығарып отырған тұлға жазып отырғасын, судья заңды белден басып, істі қысқартып жіберген екен деп түсініппін.

Қылмыстық заңнама нормаларында жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстар бойынша екі тарап татуласып, жәбірленуші кешірім берсе, іс қысқартылуға жатады. Алайда ол бап ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған тұлғаларға қолданылмайды. Қанша жерден татуласса да, жәбірленуші мың рет кешірім берсе де, ауыр қылмыс жасаған адам сотталуға жатады. Бірақ тараптардың татуласуы – жазаны жеңілдететін мән-жайға жатады. Ондай жағдайда сот заңда көзделгендей, жазаның жеңілдеу түрін қолданады (заң нормасы төменде).

ҚР Қылмыстық Кодексi, 68-бап.

1. Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.

Заңның солқылдақтығы қай жерде?

Әлгі «адам» деуге ауыз бармайтын жауыз алдында адам өлтіру бабымен 10 жыл отырып шыққан қылмыскер екен. Халықтың дәл қазіргі реакциясын, жан күйзелісін жақсы түсінемін… Балапанның ауыр өлімі санасы бардың бәрін есеңгіретіп кетті. Ондайда заңдарды ақтарып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бағамдап жататын кез емес. Ашу-ызаны кімнен аларымызды білмей, соттардың суреттерін жариялап, эмоцияға салыну-адами фактор, табиғи заңдылық десе де болар.

Неге адам өлтіріп, сотталғандығын есепке алмады деп күйіну де заңдылық. Міне заңның осал тұсы осы жер. Ол қаныпезердің биылғы сот үкімі шыққан тұста соттылығы толық жойылған. Соттылық қанша мерзімде жойылады? Елге түсінікті болу үшін заңның сол бабын салайын:

ҚР Қылмыстық Кодексi, 79 бап.

3. Сотталғандық:

– онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өткен соң;

– ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өткен соң;

– аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өткен соң жойылады.

Соттылығы жойылған адам жаза тағайындалғанда сотталмаған боп есептеледі. Осы жерде ақ-қарасына үңіліп жатпай, қит етсе, соттарды қаралауға дайын тұратын популизмге үйір депутаттарға үлкен өтініш айтсам деп тұрмын.

Құрметті ДЕПУТАТ мырзалар мен ханымдар!

Заңды қабылдайтын Сіздер ғой. Қылмыстық Кодекстің осы жеріне өзгеріс енгізіңіздерші. Соттылықты жою деген бап звңнан мүлде алынып тасталсын немесе бұрын ауыр қылмыс жасағандарға соттылығы жойылса да, кейінгі қылмысына жаза тағайындағанда жеңілдететін мән-жайлар қолданылмасын! Заңның сондай лазейкаларын ауыстыруға, бұрын ауыр қылмыспен сотталғандарға қатысты тұстарын қатайтуға күш салыңыздаршы.

Әйтпесе соттар бал ашып білмейді ғой, алдына келген пәленбай қылмыскердің қайсысының болашақта не қылмыс жасайтынын. Содан соң, сот шешімді өзінің жеке ойы мен тұжырымына сүйеніп шығармайды. Істегі сараптама қорытындыларына, сол саладағы кәсіби мамандардың пікірлеріне, прокурордың қорытындысына сүйеніп жаза тағайындайды.

Тағы да қайталап айтайын, бұл жазбаны соттарға адвокат болу мақсатында жазып отырған жоқпын. Соттардың заңсыз актілеріне көп сын айтып, жариялайтындардың бірімін. Егер Сарыағаш соты дәл кешегі іс бойынша педофилге бас бостандығынан шектеу жазасын берсе, ең алғашқылардың бірі боп жазар едім.

Мамырдағы сот үкімімен әлгі адамдық кейіптегі екі аяқты хайуанды үш жылға бас бостандығынан айырғанда, ол түзеліп, сол қылмысты жасамас па еді? Жоқ әрине, түрмеден шыққасын, ол осы қылмысты қайталар еді. Тек біраз жылдан соң орын алар еді, осы тектес қылмыс…

Ал сот төрағасын, судьяны қызметінен алғанмен, дәл осы заңдар қолданыста бар кезде, ештеңе өзгермейді. Президент сол іске назар аударғасын, қоғам шулап кеткесін, соттарды орынан алып, құтыла салу – дұрыс шешім деуге келмейді. Бұл жерде заңдарды дұрыстау керек. Әйтпесе, кеткен судьялардың орнына келген судьялар да дәл осы заңға сүйеніп, шешім шығарады. Айтқым келгені осы. Заңдарды судьялар қабылдамайды. Олар дайын заңдарды қолданып қана шешім қабылдайды.

Олай болса, сол солқылдақ заңдарды қабылдаған, сол заң нормаларының жобасын ұсынған, жұмыс топтарында талқылаған адамдарды да аты-жөндерімен, фотоларымен жариялайық. Солай әділеттірек болады деп ойлаймын. Әйтпесе кез-келген жағдайда біреуді “козел отпущения” жасай салу біздің қоғамның әдетіне айналып кеткендей. Бізде тек ақ пен қара түс қана бар сияқты. Біреуді ақтағымыз келсе, аппақ етіп аламыз, басқа түсін көрмейміз, ал қаралағамыз келсе, қап-қара түнектен басқаны көрмейміз.

Сот жұмысының ішкі қиындықтарын сотта істеген адам ғана түсінсе керек. 10 жылдан аса судьялық тәжірибемде дәл сондай заңдардың шикі тұстарымен, бір-біріне қайшы келетін заң нормаларымен талай бетпе-бет келіп, не шешім қабылдауды, қай заңды басшылыққа алуды білмей дал болған тұстар аз емес еді.

Р.S. Қандай да бір даулы оқиға болған жерде соған итермелейтін жағдайдың (заңның қабылдануы, үкімет не жергілікті жердегі органдардың қаулылары т.б.) жасалатыны белгілі. Сондай қауіптің бар-жоғын біліп отыратын бізде мәселихат пен мәжіліс депутаттары бар. Осы тұрғыдан келгенде елімізге танымал адамдардан құралған депутаттардан көрі заңды жақсы білетін, жауапкершілікті арқалай алатын депутаттардың қажет екені күн сайын сезіліп келеді.



Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: