Соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлы әкемізді мен қартайған шағында көріп, айналайынын естіген адамның бірімін. Баласымен бірге оқыған соң, осы үйге жиі баратынмын. Түйе жүнінен жасалған көрпешенің үстінде нардай болып отыратын ақсақалдың болмыс кенінде асыл қазынаның көмбесі жатқаны аңғарылатын. Бірақ, біз ол кезде жаспыз, қолымызға қалам ұстап, жазу өнеріне ене қоймағанбыз. Енді сол кісіні жақын білетін жандардан суыртпақтап тартқан әңгімеге қарасам, әкеміздің бастан кешпегені жоқ, қаншама қиындық пен салмақты көтеріп, кейінгі күндерге қалай жеткен деп таңғаласың.
Біз бүгін ел-жұртының қамын жеп, ерлерге тән өмір кешкен, ұрпағына өнеге қалдырған Сақып әкенің тағдыры мен тіршілік тінін толғап көрмекпіз.
Ол кісі 1917 жылы қазіргі Арал ауданы Ақбасты ауылында өмірге келген. Жасында мешіт молдасынан дәріс алған. Ес білгелі ақбоз үйде малдас құрып отырып ұзақ сонар әңгіме айтатын ақсақалдардың сөзін тыңдап өсіпті. Олар шежіре, тарихты, батырлар ерлігін жыр қылып шертетін. Сол балалық кезден жадында қалған жәдігерліктер өте көп болатын.
Осы өңірде өмір сүрген, әрісін айтпағанда берінің еншісіне жататын Құл, Сартай, Жылқаман, Жылқайдар сынды батырлардың, Еспенбет, Нұртуған, Нұрмағанбет сынды жыр дүлдүлдерінің, Жетестей билердің өнегелі сөздері, батырлық болмысы мен елдік істері қазақ даласының тәрбие тініндей әкеміз Сақып ақсақалдың да аузынан естілетін.
Балалық шағы ақ пен қызылдың аласапыранына тұстас келген әкеміздің беткеұстар бар ағайыны қызылдардың озбыр саясатына қарсы күресіп, опат болған.
Алыс-жақынға «Бес жаяу» атымен белгілі болған Бекбауылдың бес ұлы – Оралбай, Оңғарбай, Сәрсенбай, Ізтілеу, Ахмет сынды аузы дуалы, сөзі уәлі азаматтар сол заманның бір-бір қазығына айналған жандар еді. Кеңес өкіметі ел жақсыларын етектен тарта келді. Байлардың малын тәркілеп, молдаларды қудалап, мешіттерді атқораға айналдырды. Ұйып отырған жұртты артель қыламын деп аздырып, ТОЗ құрамын деп тоздырып жіберді. 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф.И.Голощекин «Кіші Октябрь революциясы» деген сұмдықты ойлап тапты. Колхоздастыруды жедел аяқтау, үкіметке астық өткізу жоспарын көтеру, зиянды элементтермен күрес, тағы да басқа жоспарларды сызып ұсынған Голощекинге көсем Сталиннің өзі: «Сіздің жобада көрсетілген саясат – бірден-бір дұрыс саясат» деп қолдаған. Ал, енді бұл саясаттың дұрыс еместігін айтып, оған қарсы келген әулет басшысы Мұхиядин Меңдібаев ату мен айдаудың құрбанына айналды. Біз әңгімелеп отырған Сақып ақсақалдың ағайынға ортақ шежіре тарихы да сан тарау. Сол қиын кезеңде қолына кісен салынып, айдауда кетіп бара жатқан жайсаң жан артында қалған балаларына: «Заман қиынға айналды, бізді аямаған бұл өкімет сендердің де бастарыңнан сипай қоймас, Ақтөбеде 60 үй, Қарақалпақстанда 40 үй Қалматай бар. (Қалматай – қыз алыспайтын жақын аталықтың атауы). Тарықсаңдар, іздеп барып паналарсыңдар» деп бастарынан сипауы ақырғы әрекеті екеніне көңіл құрғыр ол кезде сенген жоқ еді. Сол бөлініп қалған 100 үй ағайынның кейінгі тағдыры, тарыдай шашылған күйі басы қосылмауы Сақып ақсақалдың бойында мәңгілік сағыныш күйінде өзімен бірге кетті.
Әкесі Оңғарбаймен аталас Меңдібайдың баласы Мұхиядин Арал ауданы № 2 ауылда 1890 жылы туған. Өте білімді, жеті өнерді меңгерген, жеті елдің тілін білген кісі екен. 1925 жылдан 1928 жылға дейін Шалқардағы Мұхтасибаттың орынбасары болыпты. Мұхтасибат діни ұйымдар басқармасы болып саналады. Бұл ұйымда діни сауаты жоғары, білімді адамдар қызмет еткен. Кезінде Ресей патшалығы ел ішіндегі саясатын жүргізу үшін Мұхтасибатпен санасқан.
Большевиктердің үкімет басына келуінен бастап атеистік мемлекет құру идеясы жүзеге асырыла бастады. 1918 жылы бірінші РКФСР Конституциясында діннің мемлекеттен бөлінуі жарияланып, азаматтардың дін тұтыну еркіндігімен қатар дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу құқығы бекітілген. Сонымен бірге дінбасылар қанаушы тапқа жатқызылып, сайлау құқығынан айырылды.
Осыған байланысты 1926 жылы РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы туралы» резолюциясында діннің таптық мәні ашып көрсетіліп, мұсылман дін қозғалысының әлеуметтік мәні жағынан кеңес өкіметіне қарсы сипаты атап өтіледі. Резолюцияға сәйкес Қазақстанда Мұхтасибат институттарын жауып, қайта құрылуына жол бермеу ұсынылды. Билік органдары діни қызметкерлерді қатаң бақылауға алып, діни жиналыс, съезд, мешіттердің салынуы билік органдарының арнайы рұқсатымен жүзеге асырылды. Қорыта айтқанда, кеңес өкіметінің исламға және мұсылмандарға қатысты саясаты «социалистік», «дінсіз қоғам құру» жолында жалпы дінмен күрес аясында жүзеге асырылды.
Мінекей, Мұхиядин секілді сауатты, елшіл, иманы тасыған, айбыны асқан адамдарды халық ішінен аластатудың тәсілдері осындай заңдармен орындалған. Мұхиядин Меңлібаев 1930 жылы «жалшылар еңбегін қанағаны», міндетті салық тапсырмасын орындамағыны үшін деген желеумен сотталған.
Тәуелсіздік жылдары жарық көрген қуғын-сүргін құрбандарының нақты деректері туралы «Аза» кітабының (Қызылорда облысы) 107-111-беттерінде осы әулеттің басшысы М.Меңдібаевтың хан сайланғаны, кеңес өкіметіне қарсы күрескені, оның жақтастарының кім болғаны, ұсталып, қандай жазаға кесілгені баяндалады.
1931 жылдың қараша айында М.Меңдібаев өзінің ауылына №2 ауылдың байларын шақырып, жасырын жиналыс өткізіп, онда көшуді қайткенде тәуір жүргізу мәселесі қаралған. «Кеңес өкіметі бәрібір бәрін тартып алып қояды, тек байлардан ғана емес, кедей шаруалардан да тартып алады, ал, егерде біз алыстағы Қарақалпақтың шекарасына көшіп кетсек, тәуелсіз өмір сүреміз және кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін ұйымдасамыз», – деген.
Кітаптан сөзбе-сөз келтіріліп отырған осы үзіндіде Меңлібай баласы Мұхиядиннің халық үшін қаншалықты жанашыр және күрескер адам болғаны көрініс тапқан.
«Тез алға жылжып, Шымбай ауданына жетуіміз керек, онда біз ты-ғылып, кеңес өкіметіне қарсы дайындық жұмыстарын жүргіземіз, ал бір жағдай бола қалғанда біздің жеткілікті қаруымыз бар» деген.
«Шұбар төбе» деген жерде өткізілген мәжілісте Меңдібаев хан болып сайланған, оның көмекшілері болып байлар Қоңырбаев Ермағамбет пен Құлтасов Аяпберген сайланған». Бұл да кітаптан, яғни, кеңес өкіметінің қудалауына ұшыраған аталарымыздың дерегі туралы сақталған архив құжаттарынан алынған нақты мәлімет.
Бұл мәліметтен Мұхиядин атамыздың халық ішіндегі беделі мен тұлғасы танылады.
Осылайша, Сақып әкенің көптеген ағалары мен туыс бауырлары өкіметке қарсы шықты деген желеумен ұсталып, атылған, ит жеккенге айдалған. Олардың әулетіндегі мал-мүлік түгел кәмпескеленген. Әке-шешеден, ағайын-бауырдан ерте айрылған ол кісінің өз өмір тарихы да тағдыр тартысына толы.
Сақып Оңғарбайұлы 1937-1938 жылдар шамасында Кеңес армиясы қатарына алынған. Фин соғысында атты әскерде болған. Ат үстінде қылыш ойнатып, отта шыңдалған жауынгер жорығы 1941 жылғы Отан соғысымен жалғасқан. Бұл соғыста ол – реактивті артиллерия ротасында болып, халық аузында «Катюша» деп аталған соғыс техникасын меңгерген алғашқы қазақтардың бірі.
Майдан даласында талай жараланып, жанкештілікпен жауға қарсы ұмтылды. Соғыстың талай сұрапылын көзінен өткізді. «Катюшаның» көмейінен от шашып, жеңіс күніне жетті. Көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германия жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Бір емес, екі бірдей қырғынның қанын толарсақтан кешкен Сақып әке осылайша он жылдан соң ғана елге оралады. Ел ішіндегі ауыр тұрмыс қанды соғыстан да кем түспеген екен. Өзі ауылдан кеткенде артында қалған әулеттің алпыс адамынан бірде-бір қара қалмапты. Әкелері сталиндік репрессияның құрбаны болса, аштық пен оба індеті әулетті түгелдей тізерлеткен еді. Қарулы жауды жеңіп келіп, қарусыз майданда қаза болған бауырларының табанындағы топырақты алақанымен уыстап маңдайға жағып, аңырап қалған жас азаматтың сол шақтағы жан күйзелісін сөзбен суреттеп болмас. Осылайша, ол нағашыларын паналап, ер болмысын тіктеп еңбек етуге кіріседі. Сол заманда әскерге міндеттелмейтін жасы егде тартқандарды, броньмен қалдырылғандарды соғыстан қираған қалаларды қайта көтеруге немесе соғыс қару-жарағын дайындайтын зауыттарға жұмысқа жегетін. Мұны халық іші «трудовая армия» яғни, «еңбек майданы» деп атайды. Бірнеше жыл осындай еңбек майданында болып оралған Сақыптың ағасы Зәкір елге келгенде жалғыз інісімен кездеседі. Күллі әулеттің белгісіндей болып қалған екі ағайынды сол күннен бастап бір-бірін сүйемелдеп, ел қатарына қайта қосылады. Өмір сүрудің ендігі мәні еңбекте екенін ұғынған Сақып Оңғарбайұлы ауыр бейнеттің арбасын сүйрейді. Жұмыс та, қоныс та таңдамайды. Теңіздің ең қиыр шетіне, елсіз далаға кетіп, жапандағы жалғыз үй болып күн кешкен кездері де болатын. Атакәсіп – балықшылықпен айналысып, теңізге қайық жүздіріп, ау салып, керме тартты. Қазалы, Құланды, Беларан, Шөмішкөл, Жалағаш, Ауан – жағалай жатқан балықшы қоныстарының бәрінде маңдай тері тамды.
Сақылдаған сары аязда сыр алдырмай, ми қайнатқан аптап ыстықта күй таңдамай, күндіз-түні бейнеттен бел жазбаған сол кездің адамдарының қолы құрыштан, белі беріштен шығар.
Соғыстың жан солқылдатқан азабынан ел есін жинай бастаған тұста Сақып Оңғарбайұлы Манаш Аймағанбетқызымен бас қосып, шаңырақ көтереді.
Манаш Аймағанбетқызы 1927 жылы қойнауы құт, айдынды Аралдың Шалқармен шекаралас Көкарал, Ақбасты, Бозой, Құланды түбектерін қоныстанған Шектінің Жақайым аталығынан тарайтын Торжымбай, Байшаған аталығына белгілі Дәріқұл, Желдірден тарайтын Аймағанбет, Әбу атты ақсақалдардың шаңырағында дүние есігін ашқан. Көне тарихтың көзіндей сол ақсақалдар к ешегі өткен Жылқаман батырдың батагөй бабалары және солардың ұрпақтары болатын. Жүзінде нұр, жүрегінде иманы тасыған сол аталардың ұстаған мешіттері күні кешеге дейін имандылық жолын көрсетіп, елге қызмет етіп келді.
Манаш анамыз замандастарымен салыстырғанда еңбекке ерте араласты. Мектепте алған білімін жетілдіруге қолындағы әке мен шешені қимай, балық аулау, оны өңдеу жұмыстарына араласты. Қолы қалт еткенде үйдегі Аймағанбет ақсақал мен Айжан ананың тіршілігіне қолғабыс жасау да Манаш анамыздың міндеті еді.
Колхоздастыру, кәмпеске, аштық, соғыс секілді зауалдардың бірінен соң бірі жалғасып жатқан қиын кезеңдерде айдалғанды да, атылғанды да, аштан қырылғанды да көріп өскен Манаш анамыз өмірдің мәнін терең түсінетін. Сондықтан өмір бойы еңбекке еңкейген күйінен, бар-жоқтың қадірін бағалаған қалыптан айнымаған адам.
Манаш анамен бас қосқан сонау бір кезеңді қайта еске алсақ, Сақып әкенің өмір кезеңіне жарық сәуле түскендей еді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді қазекем қалай дөп айтқан. Дастарқанның дәмі тәттіленіп, үйдің ішіндегі адамға адам қосылып, көрген азап, кешкен бейнеттің берекесі кіре бастаған жылдардың ұзақ әңгімесі өз алдына бір дастан.
Халық батыры Жылқаман жорыққа шығарда батасын алмай аттанбайтын Дәріқұл бабаның тұқымы болып келетін Манаш анамыз береке мен ырыстың алтын ыдысын ұстаған жан еді. Өзіміз бұл кісінің қолынан талай дәм таттық. Есіктен кіргеннен атымызды айтып, төрге оздыртып алатын кеңдігі қилы дәуірдің жолынан өтіп, әулеттің анасы атанған әзиз қалпын айтпай ұқтыратын.
Жұбайлық өмірде жарты ғасырға жуық уақыт бір ғұмыр кешкен Сақып әкеміз бен Манаш анамыздан он перзент дүниеге келіп, өсіп жетілді. Омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, «Батыр ана» деген құрметті атақты абыроймен алып жүрді. Бес қыз ұзатып, бес келін түсіріп, бесігінен қы-рыққа жуық немере-шөбере иіскеп, мейірін қандырған аяулы ана тоқсан жастың үстіне шығып, өмірден озды.
Күллі жастық шағын тауқыметпен, ауыр еңбекпен өткізген әке мен шеше бар байлығы балаларымыз деп білді, жиған-тергендерін солардың білім алуына, шаңырақтарын тіктеуіне жұмсады. Ата-ананың тәлімін бойға тоқып, еңбегін ақтаған балаларының алды ғылым докторы, ғылым кандидаттары атанды. Әрқайсысы әр салада жемісті еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қоса білді.
Сақып әкенің теңіз бен балық шаруашылығының қыр-сырын алақанының қыртысындай білетін «тірі энциклопедия» болғаны жайында жазылған аты көпке белгілі ағамыз, Қызылорда облысының құрметті қайраткері Қуанышқали Шапшаңовтың «Аға тағылымы» атты әңгімесі бізді қатты қызықтырды.
Сақып әке бір жылдары Құланды, Ақеспе ауылдарының ортасындағы теңіз жағасына қоныс тепкен Жалағаш аталатын елді мекенде балық қабылдау бөлімінің бастығы болған екен. Сол кезде Қуанышқали аға мектеп жасындағы бала едім дейді. Ал, Сақып әкенің әңгімесі сол күйі есінде қалыпты.
«Ауды дұрыс салмай, дауылға ықтырып, шалаңға бөктіріп алатын кездер де болады. Ол кездегі аулар бүгінгідей капрон жіптен емес, мақта жіппен тоқылған. Соларды уақытысында судан кептірмей, шірітіп те аламыз. Оның жыртылған көздерін септеп, сөгілген арқалықтабандықтарын көңгейлеп, құралды бүтіндеп алу да оңайға соқпайды. Уақыт бәрін үйретеді, үйрене жүріп тамақ асырадық. Мұзбен бірге ығып кету ол жылдары теңіздің қай жағасынан болса да кездесіп тұратын. Дизель моторлы шағын ағаш кеме кейін келді. Оған дейін көлігіміз жазда желкенді, ескекті қайық, қыста атшана, түйешана болатын. Отыз-қырық шақырым жердегі бөлімшелерге көшкенде қайықты есіп барамыз, жел оңынан тұрса, желкен құрамыз.
Балықтың көп, өнімді ауланатын кезі – көктем айлары. Сондықтан бұл мезгіл «балықшының алтын айы» деп аталады. Көктемде балықтың барлық түрі тайыз суға, жағаға келеді. Бұл кез – балық маусымы. Ал, маусым дегеніміз санаулы күн, өтеді де кетеді. Көктемгі балық аулау маусымында теңіздің солтүстік-батыс жағасындағы Құланды түбегіндегі «Изенді» деген жерден ауланатын шөмейке балығын, «Айжарым тасты» участогіндегі сазан, басқа да ойын балықтарын, күзде Сырдарияның құяр сағасындағы «Сафуан» участогінен ақбалық пен шабақ аулауға қолдың қысқалығынан қатыса алмай, ылғи да несібеміз кем болып жүретін. Кеткен есені енді қайтарып жатырмыз.
Жаздыкүні, шілденің тас қайнатқан ыстығында балық аулау біршама қиындайды. Себебі, су жылиды. Балықтар суы салқын тереңге қоныс аударады. Ашық теңізде ойнайды. Аз жүзеді, көп жатады, қысқа май жинайды. Ал, тамыз айынан бастап, жинаған майын уылдырыққа айналдырады. Осы кезеңде сазан мен ақбалықтар тағы да жағаға жақындайды. Жазғытұрымдағыдай кез келген жағаға емес, бұйра желдің ығын алып, жыралы, ойлы-қырлы жағаларға жақындайды. Ұлтаны сазды, ұйықты, кедір-бұдырлы, жыра-жықпалы жерлерді ұнатады.
…Күз деген де бір алмағайып, алас-қапас, бірде көл, бірде шөл болатын қауырт кезең. Балықтар да осындай құбылмалы мінез көрсетеді. Күн жылыса жапырлай жағаға құлайды, суытса жалт беріп, тереңге тартады. Күздің күнгі ауа райын ақбалықтан болжағыш мақұлық жоқ. Ақбалықтар жағаға жақындады дегенше күн жылы болады. Ақбалықтар ауға түспесе, онда тереңге кеткені…»
Қуанышқали ағамыз жазып отырған Сақып әкенің осы әңгімесі балық аулау шаруашылығы жайындағы кез келген ғылыми тұжырымнан құнды емес пе? Өйткені, ол – өмірдің өз тәжірибесінен түйінделген сөз. Сақып әкенің балықтарға берген сипаттамасы малшылардың көз алдындағы малға берген бағасындай. Әрине, бұл екеуінің арасы тым алшақ бағам. Оның себебі, бірі жер үстіндегіні айтса, бірі су астындағының сырын ашады. Бұған, әрине, адамның сезгіштігі, жады, жанымен ұғатын ерекше қасиеті қажет.
Отанын қорғап, екі соғыстың от жалынын кешкен, кеудені ұрған теңіз толқынындай азапты күндерді атпал болмыс, адал еңбекпен жеңіп, ел-жұртының бағы үшін аянбай еңбек еткен, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген, салиқалы ғұмыр кешкен Сақып әкеміздің бейнесі осындай болған. Кейінгі ұрпағы кемел тұлғалы әкеміздің өмір тарихынан өнеге алып, атын ұмытпауы тиіс.
Кейінгінің осы парызын ойға алған қалалық ардагерлер кеңесі осыдан 2 жыл бұрын Сақып Оңғарбайұлының атын халық жадында қалдыру мақсатында Қызылорда қаласының бір көшесін соғыс және еңбек ардагерінің атына беру туралы қала әкімдігіне ұсыныс айтқан болатын. Сол ұсыныс қабылданып, бүгінде бұрынғы Панфилов тұйығы соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлының атына берілді.
1988 жылы Қызылорда қаласына көшіп келгенде осы тұйық көше енді ашылып, оған алғашқылардың бірі болып қазық қаққан да Сақып әкенің өзі еді. Міне, енді бұл көше Сақып әкенің атын ұрпағына күн сайын қайталатып, асыл болмысты әкенің өмірі мен өнегесін еске түсіріп тұр.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мазмұнды мақал бар. Сол айтылғандай, Сақып әкеміз бен Манаш анамыздың бауырынан өрген, үлкен өмірден өздерінің лайықты орнын тапқан перзенттері өмірден озғанына 30 жыл болған әкелерінің рухына арнап құран бағыштап, ас бергелі отыр. Ата-ана аруағына бағышталған құран қабыл болсын!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!