Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Тұрғындардың неше пайызы цифрлық эфирлік телехабар жүйесіне қамтылған?

17.05.2023, 16:35 285

HALYQLINE.KZ 17 мамыр – байланыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров аталмыш саланың даму қарқыны мен байланыс саласы қызметкерлерінің елеулі еңбегін атап өтті.

– Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбекті, жылдамдықты және шеберлікті қажет етеді. Сондықтан да байланыс саласының мамандары әрқашан бір қадам алда. Қазіргі уақыттағы жаһандық дамуды коммуникация, байланыс және ақпараттандырусыз елестету мүмкін емес. Осы орайда медиа саласының күн сайынғы қарқыны өте жоғары деңгейде екені анық. Оған дәлел ретінде «бір терезе» қағидатын ерекше айтуымызға болады. Біз өзімізге қажет қызметтерді үйден шықпай, қолымыздағы смартфонмен ала алатын жағдайға жеттік. Осы нәтижелі жұмыстың барлығы байланыс саласы қызметкерлерінің зор еңбегі, – деді басқарма басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы.

Эфирлік телерадио хабарымен үздіксіз қамтамасыз ететін «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық филиалы шалғай орналасқан елді мекендерді цифрлық телехабар жүйесімен сапалы қамтуда ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жалпы облыс орталығында 14 радио, оның ішінде 2 мемлекет және 12 коммерциялық хабар тарату желісі бар. Ал аудан орталығынымен қоса алғанда 168 елді мекенде «Қазақ радио» радиохабар тарату желісімен қамтылған.

– «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық филиалында телевизиялық және радиохабар тарату құрылғыларына алғашқы модернизация 2002-2003 жылдары жасалды. Бұл кезеңде облыстың 3 ірі радио телевизиялық стансалары да жаңартудан өткен болатын. Одан кейін 2004-2009 жылдары «Ауыл» бағдарламасын енгізудің арқасында желінің сапасы жақсарды. Осының арқасында облыс тұрғындарының аналогты телерадио хабарларымен қамтылу аумағы ұлғайып, тұрғындардың телебағдарламаларды сапалы көру мүмкіншілігі жақсарды. Бүгінгі таңда аймағымызды цифрлық теледидармен қамту үшін 17 РТС қызмет көрсетуде. Бұл дегеніміз – өңіріміздің 174 елді мекенінің 80 пайызы аталған қызметпен қамтылды деген сөз, – деді «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда ОРТД басшысының орынбасары Өмірхан Жалмағанбетов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: