Өткенім мен бүгінгі уақытта бала тәрбиесі жөнінде қоғамда болып жатқан жайттарды ой елегінен өткізе келе, қалың оқырманға өз көзқарасымды жеткізуді жөн көрдім. Бүгінгі таңда бала тәрбиесі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Кеңес өкіметі тұсында баланы тәрбиелеудің басты қағидасы партияның ұстанымдары бойынша қалыптасса, бүгінде ол келмеске кетті. Бүгінде қоғам алдында баланың өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Ертеңгі күнді жалғастыратын – ұрпақ. Қоғам отбасынан құралады. Ал отбасы ата-ана мен баладан тұрады. Отбасының шайқалмай берік тұруы ата-ана мен балаға байланысты. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуанышы баласы болса, бала үшін де ата-анасынан қымбат ешкім жоқ. Меніңше ата-ана мен баланың ортасында дұрыс тәлім-тәрбие, күнделікті тығыз байланыс болуы керек.
Баланың тәрбиесі анасының құрсағынан, жарық дүниеге келгеннен кейін жөргегінен, яғни бесіктен басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «баланы – жастан» деген ұғым осы кезеңнен басталған. Дүниеге келген бала ең бірінші анасын таниды, анасына әуілдейді, анасын емірене емеді, анасын иісінен біледі. Анасы құшағындағы перзентін ибалы, инабатты перзент етіп өсірсе, әкесі баласын адамгершілігі мол, ала жіпті аттамайтын, еліне адал, бауырмашыл етіп өсіреді. Өмірге келген ұлы мен қызына бірдей қарап, бөліп жармай, әрқайсысын өз орындарын біліп, әділетті болуларына тәрбиелейді. Менің ұғымым отбасында бір мәселе бойынша әңгімелесетін болсақ, балалардың көзінше айтпаған абзал. Бала алдында дөрекі сөйлеуден, біреуді балағаттаудан, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтудан сақтанған жөн. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші бала отбасынан не көрсе, сол ойында қалады. Отбасында үлгілі, әдепті болуы тиіс. Балаларымыздың жағдайын жасап, олардың жоғары білім алып, белгілі мамандық иесі атанып, иманды, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу және жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты үйрету – ата-аналық міндетіміз. Ата-ана баласына өтірік айтпауы қажет.
Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Материалдық жағдайды жақсартамыз деп күнделікті күйбің тірлікпен айналысып, үйдегі баланың жағдайына мән бермей кетеміз. Осындай жағдайда баланың ойын, кімдермен араласып жүргендігі, күнделікті сабағын оқыған, оқымағандығын, болашақ өмірге дайындығы, арман-мақсаттары тыңдалмай, ескерусіз қала береді. Осындай жағдайда бала көшедегі көргендерін, теледидарда, жүгенсіз кеткен интернеттегі бұзақы көріністерді қызықтап, жағымсыз әдеттерге бой алдырады. Бала бойында өшпенділік, қатыгездік пайда болады. Көңіліне ұнамаған адамдарға озбырлық көрсетіп, өз өміріне балта шабады. Осы кезде барып опық жейміз. Бір-бірімізді кінәлаймыз, тіпті мектеп оқушысы болса, мектептегі мұғалімдерді кінәлай бастаймыз. Таяқтың бір ұшы өзімізге тиетінін білмейміз. Мұғалім не істейді, оқушысы жаман болсын, тәртіпсіз болсын деп оқыта ма? Мұғалім бойындағы бар білімін, тәрбиесін баланың бойына сіңіре біледі. Оқытқан оқушысы білімді, саналы азамат болса екен деп тілеуін тілейді. Баланың бойында бір өзгеріс болса, ата-анамен тікелей байланыс жасайды, оны көріп жүрміз. Бала мектепте бар-жоғы 6-7 сағат болады, қалған 17 сағат үйінде немесе әртүрлі іс-шараға қатысады. Жоғарыда айтқандай, ата-ана азаннан кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының бос уақытында немен айналысып жүргендігін бақылай алмай қалады. Сондықтан балалардың өтпелі кезеңінде бір-бірімізді кінәламай, мектеп пен ата-аналар арасында тығыз байланыс болуы керек. Бұл өмірде ата-ананың қуанышы, арманы – дүниеге келген перзентінің амандығы, адамгершілігі, еліне сүйіспеншілігі, ата-анасына деген мейірімділігі. Ал мәпелеп өсірген ұрпағы «Ата-анамыз бізді мәпелеп өсірді, ер жеткізді, азамат болуымыз үшін қолдарынан келген барлық мүмкіншілігін жасап, түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиеледі. Сондықтан біз де ата-анамызға құрмет көрсетіп, қартайған шағына дейін олардың көңілін қалдырмай, соңғы деміне дейін аялап қарауымыз қажет» деп ойлауы және елдің болашағы өздерінің қолында екендігін ұмытпауы қажет.
Ойымды түйіндей келе, мектеп оқушылары өздерінің оқып жүрген мектеп абыройын ойлап, бір-біріне деген достық, бауырмалдықтарын арттыру қажет. Ертең мектеп бітірген кезде бір-бірін қимай, ажырамайтындай дос болатындығын, өскен кезде өмір заңдылығымен әрқайсысы әр тарапта жүрсе де, оқыған мектебін, ұстаздарын, сыныптас достарын сағынатындығы ақиқат. Сондықтан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап балалар бір-бірімен бауырмал, дос бола білуі керек. Сонда ғана біздің болашағымыз кемел болады.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!