Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала тәрбиесі – баршаның ісі

27.04.2023, 9:40 165

Өткенім мен бүгінгі уа­қытта бала тәрбиесі жөнінде қоғамда болып жатқан жайттарды ой елегінен өткізе келе, қалың оқырманға өз көзқарасымды жеткізуді жөн көрдім. Бүгінгі таңда бала тәрбиесі өзекті мәселе­нің бірі болып отыр. Кеңес өкіметі тұсында баланы тәрбиелеудің басты қағидасы партияның ұстаным­дары бо­йынша қалыптасса, бүгін­де ол келмес­ке кетті. Бүгінде қоғам  алдында баланың өсіп-жетілуі ата-ана­ға тіке­лей байланыс­ты. Ертең­гі күнді жалғас­тыратын – ұрпақ. Қоғам отбасынан құралады. Ал отбасы ата-ана мен баладан тұрады. Отбасының шайқалмай берік тұруы ата-ана мен балаға байла­нысты. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуанышы баласы болса, бала үшін де ата-анасынан қымбат ешкім жоқ. Меніңше ата-ана мен баланың ортасында дұрыс тәлім-тәрбие, күнделікті ты­ғыз  байланыс  болуы  керек.

Баланың тәрбиесі анасының құрсағынан, жарық дүниеге келгеннен кейін жөргегінен, яғни бесіктен басталады. «Ел  боламын  десең, бесігіңді түзе», «баланы – жастан» деген ұғым осы кезеңнен басталған. Дүниеге келген бала ең бірінші анасын таниды, анасына әуілдейді, анасын емірене емеді, анасын иісінен біледі. Анасы құшағындағы перзен­тін ибалы, инабатты перзент етіп өсірсе, әкесі баласын адамгершілігі мол, ала жіпті аттамайтын, еліне адал, бауырмашыл етіп өсіреді. Өмірге келген ұлы мен қызына бірдей қарап, бөліп жармай, әрқайсысын өз орындарын біліп, әділетті болуларына тәрбиелейді. Менің ұғымым отбасында бір мәселе бойынша әңгімелесетін болсақ, балалардың көзінше айтпаған абзал. Бала алдында дөрекі сөйлеу­ден, біреуді балағаттаудан, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтудан сақтанған жөн. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші бала отбасынан не көрсе, сол ойында қалады. Отбасында үлгілі, әдепті болуы тиіс. Балаларымыздың жағ­дайын жасап, олардың жоғары білім алып, белгілі мамандық иесі атанып, иманды, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу және жақсы мен жаманды, күнә мен сауап­ты үйрету – ата-аналық міндетіміз. Ата-ана баласына  өтірік  айтпауы  қажет.

Бүгінгі  бала – елдің  ертеңгі болашағы. Материалдық жағдайды жақсартамыз деп күнделікті күйбің тірлік­пен айналысып, үйдегі баланың жағдайына мән бермей кетеміз. Осындай жағдайда баланың ойын, кімдермен араласып жүргендігі, күнделікті сабағын оқыған, оқымағандығын, болашақ өмірге дайындығы, арман-­мақсаттары тыңдалмай, ес­керусіз қала береді. Осындай жағдайда бала көшедегі көргендерін, теледидарда, жүгенсіз кеткен интернеттегі бұзақы көріністерді қызық­тап, жағымсыз әдеттерге бой алдырады. Бала бойында өшпенділік, қатыгездік пайда болады. Көңіліне ұнамаған адамдарға озбырлық көрсетіп, өз өміріне балта шабады. Осы кезде барып опық жейміз. Бір-бірімізді кінәлаймыз, тіпті мектеп оқушысы болса, мектептегі мұғалімдерді кінәлай бастаймыз. Таяқтың бір ұшы өзімізге тиетінін білмейміз. Мұғалім  не істейді, оқушысы жаман  болсын, тәртіпсіз болсын деп оқыта ма? Мұғалім бойындағы бар білімін, тәрбиесін бала­ның бойына сіңіре біледі. Оқытқан оқушысы білімді, саналы  азамат  болса  екен  деп  тілеуін тілейді. Баланың бойында бір өзгеріс болса,  ата-анамен  тікелей  байланыс жасайды, оны көріп жүрміз. Бала  мектепте  бар-жоғы   6-7 сағат  болады, қалған 17 сағат үйінде немесе әртүрлі іс-шара­ға қатысады. Жоғарыда айтқандай, ата-ана азаннан кешке де­йін жұмыста болғандықтан, баласының бос уақытында немен айналысып жүргендігін бақылай алмай қалады. Сондықтан балалардың өтпелі кезеңінде бір-бірімізді кінәламай, мектеп пен ата-аналар арасында тығыз байланыс болуы керек. Бұл өмірде ата-ана­ның қуаны­шы, арманы – дүниеге  кел­ген перзентінің  амандығы, адам­гершілігі, еліне сүйіс­пеншілігі,  ата-ана­сына деген  мейірімділігі. Ал мәпелеп өсірген ұрпағы «Ата-анамыз бізді мәпелеп өсірді, ер жеткізді, азамат болуымыз үшін қолдарынан келген барлық мүмкіншілігін жасап, түн ұйқысын төрт бөліп тәрбие­леді. Сондықтан біз де ата-анамыз­ға құрмет көрсетіп, қартайған шағына дейін олардың көңілін қалдырмай, соңғы деміне дейін аялап қарауы­мыз қажет» деп ойлауы және елдің болашағы  өздерінің қолында  екендігін  ұмыт­пауы  қажет.

Ойымды түйіндей келе, мектеп оқушылары өздері­нің  оқып жүрген мектеп  абы­ройын  ойлап, бір-біріне деген достық, бауыр­малдықтарын арттыру қажет. Ертең мектеп бітірген кезде бір-бірін қимай, ажырамайтындай дос болатындығын, өскен кезде өмір заңдылығымен әрқайсысы әр тарапта жүрсе де, оқыған мектебін, ұстаздарын, сынып­тас достарын сағынатындығы ақиқат. Сондықтан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап балалар бір-бірімен бауыр­мал, дос бола білуі керек. Сонда ғана біздің болашағымыз  кемел болады.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы.

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: