Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қабылбек ұстаз халқымыздың амандасу салтын біле ме?

24.04.2023, 15:33 634

HALYQLINE.KZ Белгілі дін уағызшысы Қабылбек Әліпбайұлы «сәлеметсіз бе» деген амандық сөзіне қарсы шығып,  «ассалаумағалейкум», уағалейкумассалам» деп қана амандасуымыз керек деген тұжырым жасады.

«Шыны керек, бізде «сәлеметсіз бе» деген кіріп кеткен. Еркегі де, қатыны да бір-біріне «сәлеметсіз бе» деп кеткен. Бұл сөз бізге қайдан келді? Кеше кеңес дәуірінде «Ассалямды» қысқартқан түрі. Өйткені ол кезде олай ашық айта алмады. «Сәлеметсіз бе» бұл қазақтардың менталитеті деп олар ойлап қалды. Бірақ Аллаға шүкір, біз тәуелсіз мемлекет болдық, біз дінімізді толық игере алатын болдық. «Сәлеметсіз бе» дегенді қою керек бізге, бауырлар. «Сәлеметсіз бе» деп сызылмауымыз керек. Ассалаумағалейкум, Уағалейкумассалам деп амандасуымыз керек», – дейді Қабылбек Әліпбайұлы.

Дінтанушының  мұсылманша амандасу түрін айтқанына қосыла отырып, амандасу дәстүрін толықтыру мақсатында белгілі есімтанушы Бердалы Оспанның  «Қазақ қалай амандасады?» атты мақаласын қоса жариялағанды жөн көрдік.

Қазақ қалай амандасады?

Ұлттық салт – халқымыздың рухани байлығының айқын көрінісі. Бұлай болуының өзінің себептері де баршылық. Қазақтардың байырғы өмірі жиі көшіп-қонуды талап ететін мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған. Сондықтан өмірдің, тұрмыс-салттың ыңғайымен өмір сүрген. Бұл жағдай көптеген салттың еркін қалыптасуының пайда болуына жағдай тудырды. Осындай салттың ең бастысы – амандасу. «Амандасу» деген сөздің өзі айтып тұрғандай адамның аман-есендігін, денінің саулығын білу әрі тілектестік білдіру.

Ең басты амандасу

Қазақ үлкен кісімен «Армысыз», жасы кішімен «Армысың» деп амандасады. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деп жауап қайтарылады.

Бұлай амандасудың түп-төркіні 11 ғасырда өмір сүрген ғалым Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінде» жазылған. «АР» сөзінің «Адам» және «Ар, ұят» деген мағыналары бар деп жазған терең білікті бабамыз. Сондықтан да байырғы заманнан бері «Армысыз», «Армысың» деп амандасудың арғы жағында «Арың таза ма ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деген сұрақ тұр. Оған «Бармысыз», «Бармысың» деп, «Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деп сұрақпен жауап қайтарылып отырған.

Ақын Әділбек Қаба «Армысың!» атты өлеңінде ұлтымыздың ғасырлар бойы айнымай келе жатқан көзқарасын анық білдірген:

Армысыңдар, қазағым! Ар ма? Ар ма?

Сен – адамсың, ақ, адал, көңілің барда.

Таразыға түссе егер Ар менен Жан,

Арды сақта, кеудемнен жанымды ал да!

Әйел адамдармен амандасу

Жасы үлкен ер адамдар өздерімен қатарлас әйел адамдарға: «Қалайсыз, бәйбіше, отағасы, бала-шаға аман-есен бе?», бойжеткен қыздарға: «Айналайын, амансың ба?», құрметпен сәлем салып амандасқан келіншектерге, «Жақсымысың келін, бақытты бол, ұл тап» деп жылы тілек тілей отырып амандасқан.

Қазақтар өзі қатарлы адамға, досы, құрбысына «Арма» деп амандасады. Мысалы «Қыз Жібек» жырында Бекежан Жібекке осылайша амандасады:

Айтамын, айт дегеннен арма, Жібек,

Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.

Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,

Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек!

Жағдайға байланысты амандасу

Қазақ ұлтының болмысын тереңінен зерттеп көпшілікпен бөлісуге бүкіл саналы өмірін бағыштаған Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» кітабында былай деп жазған:

«Қазақ амандық-саулық білісуге айырықша мән беріп, жөнімен сәлемдесуді ырым көретін болған. Мәселен, мал жайып жүрген малшыға есендескенде «Жаяр көбейсін!», «Өріс шүйгін болсын!», «Өріс кең болсын!» – дегендей тілек білдіре тіл қатады. Мұндай тілекке «Айтсын!», «Айтқаның келсін», деп жауап беріп, әрі қарай жөн сұрасып кететін болған. Сол сияқты, мал суарып тұрса «Суарар көбейсін!», көшке кездессе «Көш көлікті болсын!», жолаушыға кездессе «Сапар оң болсын!», бас қосқан ортаға тап болса «Орта толсын!», мал сойып жатса «Сояр көбейсін!», Соғым шүйгін болсын!», шөп шауып, қи ойып немесе басқа жұмыс жасап жатса «Еңбек берекелі болсын!», киіз басып жатса «Басар көбейсін!», «Еңбек зейнетті болсын!», қой қырқып жатса «Қырқым көбейсін!», өлік үстінде  кезіксе «Қазаның артының қайырын берсін!», кештетіп үйге кірсе «Кеш жарық!», бала туған үйге кірсе «Нәрестенің бауы берік болсын!», ауыл жаңа қонып жатса «Қоныс құтты болсын!» т.б. дегендей тілектер айтысып амандасу түрлері қалыптасқан. Тіптен, танымайтын адамнан жөн сұрасқанда «Кімсің деп дүңк еткізбей, «Танымадық қой» деп сыпайылап  тіл қатқан».

«Кеш жарық!» дегенге ұйқастыра «Ешкің арық!»деп жауап беру қазақтың басты ісі малл шаруашылығы екенін дәлелдейді. Бір қызығы бұлай амандасу қазіргі күнде тіпті қалада да сақталған. «Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш!» деп амандасуларға сол күйінде жауап беріп амандасады.

Араб тілінде Ассаламағалейкум деп амандасу, оған Уалейкүмсәлем, деп жауап беру, қазақ даласына араб елінен шыққан дін таратушылармен бірге келді.

Лауазымы биік адамдармен амандасу

Лауазымы биік қоғам мүшелерімен аман-саулық сұрасу бір бөлек болғаны белгілі. Бұрынғы кезде қазақ халқы ақсүйек, қарасүйек деп екі топқа бөлінген. Шыңғыс ханның ұрпағы төрелер мен дін өкілдері қожалар ақсүйек санатында қабылданған. Ал көпшілік халық қарасүйек деп аталған.

Қазақтар хан, төре-сұлтандармен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне, немесе тізерлеп тұрғанда оқ қолын оң тізесіне қоюы шарт болған. Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп бір тізесін бүгіп амандасуы керек болған. Ал төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін.

Хандар елшілердің иығына да қолын қойған. 1756 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қалдырған: «Тез өткен үш сағаттай уақыт алған қабылдау барысында хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше бұл адамды силаудың ең үлкен көрінісі екен».

Ислам дінімен бірге қазақ даласына араб ұлтының «Асалаумағалейкүм» деген амандасу үлгісі келді.

Ақындардың амандасуы

Жалпы қазақта амандасудың тағы бір түрі ақындардың амандасуы. Жыр сүлейлері көпшіліктің алдына шыққанда оң қолын кеудесіне қойып басын иетін болған. Бұндай амандасуға халық көбінесе: «Бар бол!, Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған. Себебі қай ақынға болса да халықтың қолдауы керек-ақ. Әсіресе жас ақындарға халықпен осылай амандасу үлкен рухани қуат беретіні сөзсіз. Атақты ақын Кенен Әзірбайұлы дүйім жұрттың алдына алғаш шыққаны туралы өзінің айтуынан белгілі.

Болыс Еркебай Бұғыбазарұлы жас әнші Кененді ертіп көрші қырғыз еліндегі Шабдан Жанбайұлының асына барады. Кезегі келгенде жиналған халыққа амандасып болған соң аруақ шақыра айқайлап алып енді өлең айтайын дегенде Кененнің аузына сөз түспей қалады. Екінші ретінде де дәл солай болады. Сонда көпті көрген бір ақсақал жас ақынға дем бере сөйлеп: – Ер кезегі үшке дейін деген, шырағым, қайта айт, – дейді. Сонда Кененнің аузына мына сөздер түседі:

Мен өзім Дулат деген елден келдім,

Көл Қопа, Қордай деген жерден келдім.

Жас бала жаңа талап мен бір қойшы,

Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.

Осылайша бастаған Кенен қызынғаны сонша тоқтамай ұзақ өлең айтады. Жиналған көпшілік дән риза болып, ақындарға сыйлық үлестіргенде Кененге кемер белдік тиеді. Сондағы белдік ақынның қазіргі мұражай-үйінде сақтаулы тұр. Осыдан кейін Кененнің аты кең жайылады.

Салт қазақ әдебиетінде

Осылай амандасудың ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқаны қазақ жазушыларының шығармаларында да көрініс тапты. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты тарихи романында «Армысыз» деп амандасу суреттелген:

«Ертеуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын:

  • Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе? – деп дауыстап жіберді.

Қыз да таныды.

  • Байтабынсың ба? – Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді, –

армысыздар, ағалар?

Жоламан жауап қайтарды.

  • Барсың ба, қарағым».

Осылайша біздің дана бабаларымыз «Армысыз», «Армысың» деп амандасу арқылы, тек ары таза адамдар ғана елін дамыған өркениеттің биігіне жеткізе алады деген түсінікті асыл мұра ретінде ұрпақтарына қалдыра білді.

Бердалы ОСПАН

Р.S. Біздің мақсатымыз екі  азаматты бір-біріне қарсы қою емес. Тек жазылған жайды талқыға салып, әркімнің өз көзқарасы бойынша ой түюіне жағдай жасау.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: