Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария ауданының әкімі тағайындалды

12.04.2023, 12:22 354

Бүгін Сырдария ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында аудан әкімі таныстырылды. Бұл туралы halyqline.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы тағайындалды .

«Берік Әбдіғаппарұлы аудан жұртына етене таныс. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалын жетік білетін, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, әлеуеті жоғары кадр. Түрлі салаларда жинаған мол тәжірибесі мен басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өзін ел дамуы жолында аянбай еңбек ететін мықты маман ретінде көрсете білді. Мемлекет басшысының бастамаларынан туындайтын тапсырмалар мен алға қойған міндеттерді жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, Өздеріңізбен бірге нәтижелі жұмыс жасайтынына сенемін», – деді облыс әкімі.

Актив отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Бақтиярова мен облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жаңадан тағайындалған аудан әкімін құттықтап, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров бата берді.Берік Әбдіғаппарұлы 1963 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы архитектура-құрылыс институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Казторгстрой» тресінің тасқалаушысы болып бастаған.

Әр жылдары мемлекеттік және жеке секторда қарапайым маманнан басшылық лауазымға дейінгі қызметтерде болған. 2005-2010 жылдары Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары. 2010-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі. 2011-2019 жылдары Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салаларында жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарған. 2021-2022 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметінде нәтижелі жұмыс көрсетті. 2022 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: