Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің қызметкерлері (режим және күзет бөлімі) сотталғандарға тыйым салынған заттар мен бұйымдардың мекеме аумағына өту жолын дер кезінде анықтап, оларды жою және болдырмау шараларын мүлтіксіз атқарып келеді.
Күнделікті жұмыс барысында жауапкершілігі мол бөлімнің қызметкерлері қабылдау-тапсыру бөлмесінде әкелген заттарын толықтай қарап, тыйым салынатын заттардың ішке өтпеуін қатаң қадағалауда ұстайды. Сотталғандармен кездесуге келген туыстарына Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің нормалары және жазасын өтеп жатқандарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды енгізген тұлғалардың заң алдындағы жауапкершіліктерін түсіндіру кеңінен жүргізіледі.
Мекеме бастығымен бекітілген кестеге сәйкес күнделікті сотталғандарды тінту шаралары жүргізіліп, тасымалды бейнекамераларға түсіріліп, жазбасы терминалға сақталады. Алайда осындай ескертулерге қарамастан, сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге тырысқан адамдар да жетерлік.
Бірде мекеме периметірінің сыртқы аумағын аралау барысында қызметкерлер 2 дана сырты «скочпен» оралған қатты заттың жатқандығын байқайды. Әр іске ұқыптылықпен қарайтын қызметкерлер нұсқаулыққа сәйкес, алдымен мекеменің кезекшісіне табылған күдікті зат бойынша бірден баяндап, кезекшілер 102 нөмеріне хабарласып, Қызылорда ҚПБ жедел тергеу тобын шақырады. Жедел келген жедел тергеу тобы, зат табылған жерді қоршап, куәгердің көзінше ашып тексерді. Тексеру барысында алғашқы орамадан 5 дана ұялы телефон тәркіленді. Ал, екіншісінен газет парағының сыртынан түссіз жапсырмалы жолақпен желімделген ораманың ішінде қанық жасыл түсті зат бар екені анықталды. Зерттеу нәтижиесінде, айғақ зат ретінде алынған түссіз ыдыстың (шприцтің) ішіне салынған қоңыр және қою жасыл түсті өсімдік тектес кептірілген марихуанна мен темекі қоспасы болып шықты. Анықталған дерек бойынша іс қозғалып, мекеменің жедел іздестіру қызметкерлеріне тапсырылған болатын.
Біз бүгінгі материалымызда сотталған танысына әртүрлі жолмен тыйым салынған затты өткізбек болған жайттар туралы жазамыз. Аталған мәліметтердің бәрі – ресми ақпарат.
ДОСЫН КОНЬЯКПЕН ҚУАНТҚЫСЫ КЕЛІП…
05.05.2022 жылы сағат 11:30 шамасында сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіне келген Қ. есімді азаматтың азық-түліктері арасынан тыйым салынған зат тәркіленді.
Ол бұл күні мекемеде ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айыпталып, қамауда отырған досына келген болатын. Сәлем-сауқатты қабылдау бөлмесіндегі қызметкердің жұмысына деген жауапкершілігі мен қырағылығының нәтижиесінде, досына тосынсый жасамақшы болған азаматтың қулығы іске аспай қалған.
Сырттай қарағанда пластмасса құтысындағы суды ешкім ажырата алмайды. Алайда мұндай сұйықтықтар да ашылып, тексеріледі. Қырағы бақылаушы, құтыны ашып көргенде, спирттік ішімдіктің иісін бірден сезген. Ал, досын қуантпақ болған азаматтың ісі қалалық сотқа жіберілген.
ПАЛАУДЫҢ ІШІННЕН ШЫҚҚАН «ПӘЛЕ»
Қызылордада тергеу изоляторында қамауда отырған А. есімді азаматқа танысының алып келген сәлем-сауқатын тексерген мекеме қызметкерлері палауға жасырылған тыйым салынған затты тауып, тәркілеген.
Танысы телефон, 2 сим-карта мен 2 дана қуаттағыш құрылғысын фольга кағазына орап, тамақ ішіне жасырып өткізбек болған.
Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқандарға да жаза бар екенін олар білмейді емес, біледі. Сөйте тұра, сотталған азаматтың өтініші не талабы болғандықтан, «көмекке» келетіндей. Мұны қырағы қызметкерлер де растайды.
АЯҚҚИІМНІҢ ТАБАНЫНА ЖАСЫРЫП…
Режим және күзет бөлімінің (№68 мекеме) қызметкерлері сотталғандарға тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізбек болған адамның қулығын әшкереледі. Қарақшылық және кісі өлтіру бабы бойынша қамауда отырған інісіне сәлем-сауқат жібермек болған апасының сәлемдемесін тексеру кезінде аяқкиімнің табанына мұқият жасырылған ұялы телефон, сим-картасы мен қуаттағыш құрылғысын тауып, тәркіледі.
Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс-құжаттары Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
БАУЫРСАҚТЫҢ ІШІНЕ ЖАСЫРЫЛҒАН ТЕЛЕФОН
Қызылордада тергеу изоляторында қамауда отырған ағасына қарындасының алып келген сәлем-сауқатын тексерген мекеме қызметкерлері бауырсаққа қитұрқы әрекетпен жасырылған тыйым салынған затты тауып, тәркіледі. Қарындасы телефон мен қуаттағыш құрылғысын фольга кағазына орап, бауырсақ ішіне жасырып өткізбек болған. Қамаудағы ағасы – ҚР ҚК-нің 106-бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырылған азамат.
Аталған факті бойынша уақытында ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес іс-құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданған еді.
ФОЛЬГАҒА ОРАЛҒАН ФЛЕШКА
05.01.2023 жылы жергілікті уақытпен сағат 18:50 шамасында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №68 мекемесінде (тергеу изоляторы) сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлері тыйым салынған заттың ішкі ғимаратқа өтіп кетпеуінің алдын кесіп, құқықбұзушылыққа жол бермеді.
Заңға қарсы іс-әрекетке бармақ болған Ә. есімді азамат мекеме қамауында отырған, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айыпталушыға сәлемдеме әкелген досы болып шықты. Мекеменің қырағы бақылаушылары әкелген сәлем-сауқаттарды жіті қадағалау барысында ыстық тағамының ішінен фольгаға оралған 1 дана флешканы жасырып қойғанын анықтады.
АЙРАН ІШІНЕН ТЕЛЕФОН ШЫҚТЫ
Кеше ғана №68 мемлекеттік мекемесінің бақылаушылары тыйым салынған заттың ішкі аймаққа өтіп кетпеуінің алдын алды. Сәлем-сауқатты қабылдау бөлмесінің қызметкерлері күйеуі (262-266-бап) Б-ға келген азаматша К-ның азық-түлік тапсыруын тексеру барысында айран құтысының ішінен 1 дана телефон және 2 дана сим-карта тәркіленді.
Анықталған факт бойынша бөлім қызметкерлері дер кезінде ҚР ӘҚБ-481-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырып, ісін сотқа жолдады.
– Біздің қызметкерлер тағы да кәсіби шеберлікгін көрсетті. Бұл бірінші рет емес.
Бүгінге дейін мемлекетіміздің игілігі үшін адал қызмет етіп келе жатқан қызметкерлеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамын. Қырағылық пен сақтық – бақылаушыларымыздың басты қасиеті, – дейді мекеме басшысының міндетін атқарушы, әділет капитаны Темірбек Азамат.
«Адамнан айла артылмайды» деген – осы. Әртүрлі қитұрқылықпен тыйым салынған затты сотталғанға жеткізбек болғандар саны аз емес. Қырандай қырағы қызметкерлер оған жол бермейді. Тергеу мекемесіндегі тәртіп темірдей қатты.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!