Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемқордың жегені – желім…

22.02.2023, 9:45 636

HALYQLINE.KZ

Қылмыстың бүгінде түр-түрі бар. Оның ішіндегі аса күрделісі – сыбайлас жемқорлық екені рас. Сыбайласқан, ұйымдасқан қылмыс неге бой берер емес? Бұны қалай түп-тамырымен жоя аламыз? Бұл сұрақтар қоғамда жиі айтылуда. Алайда жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты үйдің ішінде еркін тақырыпқа айналдырғандар көп екен. Белгілі продюсер, сценарист Перизат Мырзахмет келін болып келгендегі бір қызығымен бөлісті. «Үстелдің басында «пәленшенің баласы біреудің басын жарып қойыпты. Үш күн болыпты қамауда отырғанына. Оның ағасы бар ғой. Мал жинап жатыр екен. Ертең алып шығады». Міне, осындай әңгімелер дастарқанда, балалардың көзінше еркін, ашық айтылады. Үйде жемқорлық тақырыбы қалыпты әңгіме болып отыр. Одан кейін, жоғарғы жақ туралы айтудың керегі жоқ. Бұл – үйде қалыпты әңгіме, бұдан халық қорықпайды һәм ұялмайды». Ал керек болса, әрбір шаңырақта бұл қылмыс насихатталса, өскелең ұрпақты қандай бағытта тәрбиелеп жатырмыз? Онсызда облыста түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жемқорлар жеткілікті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында осы қылмыс тереңірек талқыланды.

Аймақтағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өз қызметін өңірлік «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы» негізінде іске асыруда. Осы картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын мәселелер енгізілген. Бұның қатарында ауыл шаруашылығы, жер, жол және инфрақұрылым, олигополия, білім беру және кәсіпкерлік саласы бар. Мамандардың айтуынша, білім саласында сыбайлас жемқорлық белең алып тұр екен. Жалпы, былтыр 85 қылмыстық іс анықталып, оның 71-і сотқа жолданса, 39 тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыстары әшкереленді.

Ауыл шаруашылықты субсидиялаумен байланысты былтырғы жылы 1 көпэпизодты қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты салғырттық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Лауазымды тұлғалар субсидияға жауапты бола тұра өздерінің міндеттеріне ұқыпсыз қарау салдарынан 23 шаруа қожалығының ұсынған өтінімдері бойынша 72 миллион теңгеден астам қаржының заңсыз төленуіне жол берген. Сондай-ақ, бұл салада жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде бірқатар тәуекел анықталды. Оларды жою үшін уәкілетті мемлекеттік органдар мен салалық нормативтік актілеріне жетілдіру және 11 ұсыныс берілді, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында аса ірі мөлшерде, яки 550 миллион теңгеге жуық мемлекет қаражатын жымқыру деректері анықталып, бүгінгі күні 12 қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар, атышулы «Артспорт» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларға қатысатын балалар санын нақтылау нәтижесінде 700 миллион теңге мемлекеттің қаржысы ысырап болуын болдырмапты.

Осы жылы агенттікпен кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы іске қосылыпты. Жоба аясында 100-ден аса кәсіпкердің қатысуымен 12 кездесу ұйымдастырылып, 80-нен астам бизнес өкілінің мәселелері оң шешілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу мақсатында, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 10 азаматқа 2 миллион теңгеден астам сыйақы берілген.

Халық та жауапты мамандармен бірге бұл кеселмен күресуге кірісіпті. Алайда жемқорлықпен күресте ескі әдісті қолдансақ, нәтижесі көңіл көншітпейтіні рас. Оқушылар мен студенттерді «сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» деген мәтінде эссе жаздырғанның түкке де қажеті жоқ. Жаңадан эффективті жолдар іздестіру қажет. Алдағы уақытта басқарма мынадай тиімді жолды қолданбақ. Сізге бұл әдістері дұрыс па, бұрыс па? Сөзімізді сіз түйіндеңіз оқырман…

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша заңда белгіленген шаралар бар. Оның бірі – қоғамды сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікке қалыптастыру. Өйткені сана-сезімді өзгертсек, келеңсіз жағдаймен күресуге болады. Ақпараттық бойынша жаңадан әдістер қолданамыз. Оқушы, жастар, зейнеткерлермен кездесу ұйымдастырылып, іс-шаралар жүргізіледі, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков.

Карикатура  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: