Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дайрабайдың дара жолы

02.02.2023, 9:40 478

ӘКЕ   ЖОЛЫМЕН

Елу бестің белесіне шығып, ақсақалдыққа аяқ басқан Жақсыбай өзінен аттай жиырма жас кіші аяғы ауыр әйелінің жүріс-тұрысына, кірбің басқан жүзіне қарап үлкен ой үстінде отыр. Ойламағанда қайтсін, бүгінге де­йін он құрсақ көтерсе де, олардың бірде-бірі тұрмады, бір жасқа жетпей-ақ шетінеп кете берді. Істейтін амалдары қалмады. Екіқабат әйелді алыс жолға аттандырсаң, жолы болады деген ырыммен саудагерлерге қосып Самарқан­ға да жіберді. Сонда босанып, қызды болды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады, бар болғаны үш айлығында ол да шетінеп кетті. Енді міне, тағы да аяғы ауыр. Не істемек керек? Үміт пен күдіктің ортасында отырған Жақсыбайды маза­лайтын да осы ой болатын. Бұрын  Аман­өткелде балықшы болып күн көрген Жақсыбай Аралға көшіп келіп, артельге құрылысшы болып кірген. Кәсібі қайық соғады. Күні ертең  көрші-көлемнен бес-алты адам дария­ның  арғы бетінен астық  әкелуге  аттанбақшы. Ойла­нып-толғанып бұл да бір түйені жазылап, толғағы жақындаған әйелі Палауды астық әкелетін кірешілерге қосты да жіберді. Ойы тағы да бір сынап көрмек. Арғы беттегі егінші ауылдан астықтарын алып, қайтып келе жатып Палаудың толғағы қысып, дария жағасында отырған Нұрбай деген, 90 жастағы ақсақалдың үйіне түйелерін шөгереді. Бір күн аялдап, Палауды босандырып, өмірге ұл бала келді. Нұрбай  ақсақал  ырым қылып нәрес­тені дарияның суына шомылдырып, атын Дайрабай деп қойды. Осылайша арғы бетке астық әкелуге кеткен Палау анамыз үйге аман-есен ұлымен оралады. Бұл Ұлы Отан соғысының күшіне  мініп тұрған 1942 жылдың қараша  айы  болатын.

Сол  Дайрабай міне, Арал қаласындағы №15 орта мектебін бітіріп, азамат атанды. Аралдағы  үлкен кәсіпорын Кеме жөндеу зауы­тына  слесарь, одан кейін аудандық партия комитетінде статист қызметіне орналасып, үйдегі анасы мен өзінен кейін дүниеге келген Қалыш қарындасының қамқоршысы, асырау­шысына  айналды. Сөйтіп жүріп жүргізу­шілер даярлайтын курсты бітіріп, №3 автобазада көлік жүргізуші болып та жұмыс істеді. Осылайша, әр жұмыстың басын шалып жүргенінде әке-шешеден ерте айырылып, осы үйге анасы Палауға еріп келген етжақын сіңлісі Нақыш апасы: «Дайрабай, сен үлкен оқуға бар. Білім ал, келешек наның ғой», – деп ақыл айтты. Бұл Дайрабайдың да ойында болатын. Бірақ, арқа сүйер әкесі өмірден өтті, үйдегі анасы мен қарын­дасын кім асырайды? Осыны апасына айтып еді. «Біз көмектесеміз, сен оған алаң болма, оқуыңа бара бер» деп жолын ашып берді. Арман қуған Дайрабай азын-аулақ қаража­тымен  Алматыдан бір-ақ шықты. Халық шаруашылығы институтының электронды  есептеу  факультетіне  оқуға  түсті.

Қызығы мол қайран студенттік жастық шақ өтіп жатты. Дайрабай ауылда спортпен айналысып, бірінші разърядты боксшы атанған-ды. Мұнда ол бел темір көтерумен шұғылданды. Жаттығып жүріп атақты балуан Қажымұқанның баласы Айдарханмен танысып, достасты. Ол еркін күреспен айналысты. Сонымен  бірге атақты сазгер Шәмшіні кездес­тіріп, жатақ­хананың тар бөлмесінде қонақасы беріп, сыйла­ғаны бар. Қалтада қарабақыр тұрмайтын кез ғой. ҚазГУ-дың жатақханасына барып, аралдық студенттерден ақша жинап, оған бір дорба  қызыл  шарап, тағы да қасына тіске­басар алып, түнімен  тойлағаны бар. Отырыс­тың сәні – ән. Жатақхананы жағалап жүріп Шәмшінің сүйікті аспабы бір мандол әкеліп, онымен Шәмші «Бақыт құшағында», «Анаға сәлем», тағы басқа әндерін орындап, құмарларын  қандырған-ды. Қарап отырмай достары:

– Шәке, Дайрабайдың да өнері бар, әнші, әсіресе  үндінің  әндерін тамаша айтады, – деме­сі  бар ма. Ендігі кезек Дайрабайға келді. Сол кездегі үнді фильмдеріндегі Радж Капурдың бірнеше әнін әуелете шырқағанда таң қалған Шәмші орнынан атып тұрып: «Сен музы­кальный қазақ екенсің» деп, орысшалап тағы да: «У тебя страшный слух, давай жігіттер, сол үшін алып қоямыз» деген осы сөзі күні бүгінге дейін әнге деген қызығушылығын туғызып, Дайрабайға демеу болып жүрді. Дайрабайдың елден ерекше дауысын ба, әлде өткендегі отырысты сағынды ма, Шәмші ағасы бір аптадан кейін қайта оралып, әсем ән, әсерлі әңгімемен тағы  бір  думандатты  ғой.

Дайрабайдың  әкесі артельде қайық соғатын ұста  болды, одан бөлек кебеже, сандық соғатын. Мүйізден ерлерге насыбай шақша, әйелдерге  тарақ істейтін шебер адам еді. Соған еліктеді ме, Халық шаруашылық институтын­дағы электронды есептеу мамандығы ұнамай, Тараздағы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсіп, оны инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Енді оның өзінің туған қаласында құры­лысшылық қолтаңбасын қалдырар қастерлі қадамы басталды. Жаңа еңбек жолын аудан­дағы белгілі азамат Құттыбай Келімбетов бас­қаратын  астық тарату базасында прораб болып бастады. Мұнда он жылдай жұмыс істеп, аудандық құрылыс жөндеу учаскесінде де прораб болып қызметін жалғастырды. Бұл кездері Ресейдегі Омбы қаласының «Радиострой» учаскесінің  көмегімен ауданда телевидение­нің екінші  желісін қосу жұмыстары жүріп жатқан. Дайрабай осы бөлімшенің құрылыс бөлімін  басқарып, жаңа қызметке кірісті. Одан әрі жеке «Өрт сөндіру» мекемесінің құрылыс бөлімін басқарды. Қай қызметте де абырой биігінен көрініп, ұжымның үлгі тұтар мүшесіне айналды. Осындай қызығы мен қиындығы мол құрылысшылық жұмысы жалғасып кете берер ме еді, егер республикалық «Шалқар», халық­аралық «Біздің Отан» деп аталатын төте жазумен  шығатын мұсылмандық  газеттері  қолына  тимегенде…

ИМАНДЫЛЫҚ   ЖОЛЫ

Дайрабайдың атасы Үркімбай арнайы білім алған шатырхаты бар, сопы атанған. Ал оның туған інісі Ырза ахун атанып, мешітте бала оқытып, талай жанға діни дәріс берген. Олардың жолын ұстанған әкесі Жақсыбай да діни сауатты болған. Анасы Әйекешқызы Палаудың шешесі Саржан – Бекен молданың қызы-тұғын. Осы екеуі де өле-өлгенше бес уақыт намазын қаза қылмай, қолдарынан жайнамаздарын тастамай, Құдайға құлшылық еткен имандылық жолындағы жаны таза жандар еді. Солардан дарыған, қанына сіңген қасиет пе, өткен 80-жылдардың аяғына жақын дін жолына табиғаты тарта бастады. Сол кездері жаңадан шығып жатқан «Шалқар», «Біздің Отан» сияқты мұсылмандық діни газеттерді жаздырып алып, төте жазуды өз бетінше оқып үйренді. Діни білімге деген құштарлық сол кездегі аудандық мешіттің бас имамы Талқанбай ақсақалға  алып  келді.

– Қай баласың? – деді ақсақал.

– Сандықшы Жақсыбайдың баласымын, мешітте  оқығым  келеді, – деді  төтесінен.

– Иә, әкеңді білемін. Қолының шеберлігімен талайдың алғысын алған жан еді. Талабың оң болсын. Бізге бір қырғыз жігіті келіп жатыр, бала оқытады, содан дәріс ал, өзім хабар­ласамын, – деді.

Көп ұзамай бас имамнан хабар да келді. Дайрабайдың әлі қызметі бар, бір мекеменің басшысы. Сонда да болса жұмыстан кейін дереу мешітке келіп, қырғыз молдадан дәріс алып жүрді. Келе-келе араб әріптерін толық меңгеріп, Құран кітабын, басқа да діни кітаптарды жүргізіп оқитын халге жетті. Апта сайын жұма намаздан қалмайды. Өзі де жайнамазға жығылып, бес уақыт намазын қаза қылмай, уақытылы оқып жүрді. Жастайынан үндінің, арабтың әндерін орындап, шығыстық мақамға жаттығып қалған Дайрабайдың құранды қыра­ғаттап оқудағы әдемі ырғақты әуеніне бас имам Талқанбай ақсақал риза болып: «Бала, сен осы мешітке келсейші, бірақ айлығы жоқ, дегенмен күнкөріс табылар» деді. Сонымен бастықтық қызметті тастап, көңіл қалауымен мешітке ауысты. Мұнда онша көп жұмыс жоқ, қағаз-құжаттарын реттеп жинап, есеп жұмы­сын  қолға алды. Бас имам Талқанбаймен бірге Нұрғали, Әлімжан, Әбілтай, Аралбай, Елубай молдалармен араласып, олардан мол тәжірибе алды. Ағайындардың қолқалауымен өз рулас­тарының молдасы да болды. Арада бір жыл өткенде облыстағы өкіл имам Дайрабайға: «Талқанбай ақсақал үлкейді, бізге жүріп тұратын, есеп-қисабын уақытылы тапсырып, тия­нақты жұмыс істейтін жас адам керек. Соған сені қалап отырмыз» деді. «Оу, ол кеше ғана мені тәрбиелеп, осы қатарға қосқан ұстазым ғой. Оның орнын қалай тартып алғандай боламын. Бұл қиянат емес пе?» деп бас тартып еді, «Талқанбай ақсақалды көндіреміз, ол жағын бізге қалдыр, енді сен мұнан бас тартпа» деп Дайрабайға шегінетін жер қалдырмады. Ұзамай  облыстық өкіл имаммен аудандық мешітте жиналыс өткізіліп, Дайрабай ауданның бас имамдығына тағайындалды. Ұстазы Талқанбай молда  батасын  беріп, жаңа жұмысына сәттілік  тіледі.

Бұл 1994 жылдың басы болатын. Дайрабай бас имам болғандықтан білім жетілдіруден де жалықпады. Осы жылы Қызылордадағы Оңтүстік Қазақстан Араб тілі институтының филиалы «Ақмешіт» медресесін тамамдап, 1997-1998 жылдары ҚМДБ жанындағы бір­жылдық діни сауаттандыру курсын бітірді. 2002 жылы Қызылорда облыстық «Айтбай» мешіті жанындағы сегіз айлық діни курстан дәріс алып, 2005 жылы ҚМДБ жанындағы республика имамдарының білімін жетілдіру институтын «өте жақсы» деген бағамен үздік бітіріп  шықты.

Осылай білімін шыңдаған аудандық мешіттің бас имамы Дайрабай Үркімбаевтың тағы бір дара қасиеті – жадының мықтылығы. Қазалы үйге келгенде құран-қатым жасар алдында сол үйдің марқұм болған жандарының жиырма, отыз, қырық болсын, аты-жөндерін қағаздан бір оқып шығып-ақ құран-қатымда солардың аттарын мүдірмей жатқа айтып шығатын. Енді сол үйге марқұмның қырқына, жүзіне келген садақасында да баяғы оқығаннан жаңылмай, аттарын жатқа қайталап айтып қатым жасай беретін. Аудан халқы Дайрабайдың мұндай жадылық қасиетін жоғары бағалап, құрметпен қарайтын.

– Дәке, мұндай жадыңызда сақтау қабілетті қалай  қалыптастырдыңыз? – дегенімде:

– Алланың берген сыйы шығар, әрі мектепте де жақсы оқыдым. Әсіресе әкем оқуыма қатты қарады. Дәптеріме сия тамып кеткенін, не жазуларымды сызып, үстінен түзеткен жерімді көрсе, сол дәптерімді жаңасына қайта көшіртетін. Сондықтан жазуға өте мұқият болдым. Ұстаздарым үй тапсырмасын қалай түсіндірсе, ертеңіне сабақта солай айтып беретінмін. Ал кітаптан жаңа тапсырма берсе, бір оқысам болды бәрі жадымда қалатын. Мектептегі сол тәрбиеден  шығар, – деді Дәкең.

1994-2009 жылдары аудандық мешіттің бас имамы болған, халықты имандылыққа баулып, жастардың діни сауатын ашуда абыройлы қызмет атқарған Дайрабай Үркімбаев ақсақал бүгінде әлі де сол саптан шықпай, аудандық мешіттің жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы  қызметін  атқарып  келеді.

ӨНЕР   ЖОЛЫ

– Әй, мынау Дайрабай ғой, ән шырқайды дейді  ғой.

– Біздің  молда  Дайрабай  ма?

– Иә, сол Дәкеңнің дауысын естімегенімізге де 30-40 жылдай болған шығар. Қой үйдегілерге айтайын, – деп көшедегі жарнамаға жинал­ған  жұрт  жапа-тармағай тарасты.

Аудандық Мәдениет орталығы жанынан оның директоры Маруся Нұрмағамбетованың бастамасымен және сазгер-ұстаз Достан Көзмағамбетовтың жетекшілігімен мәде­ниет саласынан шыққан өнерпаз ардагерлерден құралған «Ұлағат» ансамблі ұйымдастырылған-тын. Мұндай жаңа бастаманы қалалық Зейнолла Шүкіров атындағы мәдениет үйінің директоры Бауыржан Жылқайдаров та қолдай кетіп, «Сағындырған әндер-ай!» айдарымен ретро-концерт қойып, ардагер өнерпаздарының орындауында ескі әндерді қайта еске салу­ды ұйғарды. Мына жарнама сол концерттің бағдарламасы болатын. Онда барлық өнерпаздың суреттері мен аты-жөндері тұрған-ды.

Кешкілік қалалық Мәдениет үйіне тұс-тұстан ағылған халықта есеп жоқ. Бұрын 40-50 адамның басы шаққа қосылатын көрермендер залы халыққа лезде лық толды. Көбі – Дайра­байды бұрыннан танитын ақсақалдар мен әжелер. Араларында «Жасы жетпістен асқан ақсақал қандай ән айтады екен? Қалай айтар екен?» деп келген жастар да баршылық. Кешікпей шымылдық ашылып, концерт те басталып кетті. Сахнада ұлт аспаптарын ұстаған оркестр құрамы, олардың орындауында «Той бастар» күйімен басталған концерттік бағдарлама «Келіншек», «Көкіл» күйлеріне ұласты. Оркестрдің сүймелдеуімен өнерпаз ардагер­лер Шәмшінің, Әсеттің әндерін орындаса, биші әжеміз сахнада мың бұралып, аққудай қалықтады. Халық ескі әндерді сағынып қалыпты. Арасында өздері де қосылып, қызу қол  шапалақтап  құрметтеп  жатыр.

Көрермендердің күткені – Дайрабай. Міне, оған да кезек келді. Сахнада бұрынғы аудандық мешіттің бас имамы, сәндеп қойған ақ мұртты, ақсақалды Дайрабай Үркімбаев. Ду қол шапалақтау. Дайрабай әуелі өзі сүйіп айта­тын «420-шы мырза» үнді фильміндегі Радж Капурдың әнін орындады. Зал тым-тырыс, демдерін іштерінен алып әнге ұйып қалған. Мұңды да аянышты әуен бірде қырылдап, бірде дірілдеп көмейден лық-лық атып, артынша сыбызғыдай сызылып көрерменнің жан дүниесін баурап барады. Осы бір ән аяқталмаса екен дейді бәрі де. Жоқ, сағындырған сазды ән аяқталды. Ескі әнге естері кете ұйыған көрермен алақандарын үсті-үстіне ұрғылап, еселей шапалақтап «тағы, тағы» деп жатыр. Келесі кезекте тағы да үнді фильмінен «Бродяга» әнін нақышына келтіре шырқады. Көрермендердің қошеметтерінде тоқтау жоқ. Халық Дайрабайды, оның әсем әнін сағынса, Дайрабай да халықты сағынып қалыпты. Көрермендердің қошеметі ме, әлде сахнаның пірі ме, Дайрабай жетпістегі емес, қырықтың қырқасындағы қыран жігіттей жүзі бал-бұл жайнап, халыққа ынтыға, құмарлана қарап, шексіз құрметтеріне қайта-қайта бас иіп, ризашылығын білдіріп, рақметін айтып жатыр. Өйткені, бұл Дайрабайдың сахнаға қырық жылдан кейін шығып, халықпен сағына жүздесуі еді.

– Дәке, бұл өнерге қалай келдіңіз? – дедім бірде.

– Менің әнге әуестігім он үш жасымнан басталды. Сол кездері ауылда үндінің «Бродяга», «420-шы мырза» фильмдері жиі қойы­латын. Әсіресе сондағы үнді әндерін айтуға қызығатынмын. Өйткені біздің әндерге қараған­да олардың мақамы бөлек және халық оны құмарта тыңдайды. Жұмыс істеп жүргенімізде барлық мекемеде көркемөнерпаздар үйірмесі болатын. Мен сол үйірменің белді мүшесі болып  жүрдім. Аудандық байқаулар болып, соған қатысамын. Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімін соғыс ардагері, мәдениет жанашыры Құдайберген Жасекенов деген ағамыз ұзақ жыл басқарды. Менің өнерімді байқап қалған Құдекең аудан өнерпаздарының қатарына қосып алды. Содан облыстық, респуб­ликалық байқауларға қатысамыз. Талай өнер сайыстарының  дипломанты  атандық  қой.

Әсіресе Қызылордаға байқауға барғанда аралдықтар болып қаланың көшесін жарып жүретінбіз. Көшеде келе жатып кезек-кезек әнді жібереміз. Көбіне маған үндінің әнін айтқы­зып қояды. Шұбырған халық біздің ізімізде. Ой, талай думанды күндер өтті ғой, – деп өткенді ойға бір оралтқаны бар.

ЖАРАСЫМДЫ  ЖАНҰЯЛЫҚ   ЖОЛЫ

– Дәке, бір үйдегі бір бала, ерке болған жоқсыз ба? Қашан, қалай жанұя құрдыңыз? – деймін. Мұндайда ол сәл жымия күліп:

– Еркелік болды ғой. Әкем шебер адам еді. Сандық, кебеже соғады. Халықтан тапсырыс та көп, табыс та көп. Үйден қонақ арылмайды. Бірі келіп жатса, бірі кетіп жатады. Базардан шұбат, қымыз тасып, бір үйдегі бір әйел – шешем бәріне үлгеріп жүреді. Әкем барда ешқандай таршылық көргеніміз жоқ. Сондықтан үйдің еркесі де, серкесі де мен болдым. Айтайын дегенім, жас кезімде ересек балалармен көп жүрдім. Соларға еліктеп темекі шегуді 5-6 жасымда үйрендім. Бір күні әкем біліп қалып, ұрысып, сабап үйден қуып жібергені бар. Анадай жерде құрылыстық бөрендер тау боп үйіліп жататын, жасырынып темекі шегетін жерім ғой, соған тығылып «мен не бүлдіріппін, ұрлық істегенім жоқ, темекі шеккенде не тұр, соған бола сабап?» деп әкеме ренжіп, өксіп-өксіп жылайтыным  әлі  есімде.

Одан кейінгі қателігім, кеш үйлендім. Жас­тық кезде не істемедік, өнердің ізіне түсіп күнде жиын, күнде тоймен жүрдік қой. Жұмыс­тан кейінгі бос уақытымыз басқосуларсыз өтпейді. Қыздарға сөз айта алмайтындай жігіт емеспін. Қыздар да көп болды. Бірақ, таңдағаным табыл­май көп жүріп қалдым. Мен жұмыс істейтін астық тарату базасында бір досым болды. Бір күні соның үйіне барсам, мен көрмеген бір қыз жүр. Досымнан сұрасам, Шымкенттің медучилищесінде оқитын жиен қыздары екен, бізге  практикаға  келіпті. Содан танысып кеттік  қой, – деп  бір  тоқталды  Дәкең.

Иә, сол таныстықтан кейін таңдағаны табыл­ған Дайрабай үшін одан асқан бақытты жан болмаған шығар бұл жалғанда. Есімі Роза екен. Роза десең розаның нағыз өзі, гүлдей жайнап тұр. Сағынысып табысқан екі жас үйленуге келісті. Роза практикасын бітіріп, оқуын тамамдап, аудандық аурухананың тері аурулары диспансеріне медбике болып орналасты. Осылайша Дайрабай 1974 жылы 32 жасында үйленіп, отау құрды. Осы жасқа дейін өз еркіндігі өзінде ортекедей ойнақтаған Дәкеңді тура жолға салу Розаға оңай соққан жоқ. Орталарына көз қуаныштары сәби келгенде барып асауға тұсау салынып, Дәкең арқандалған аттай Розаның қаққан қазығынан ұзап кете алмады. Роза енесі Палауға да, үйге де жайлы болды. Жарасымды жанұя шаттығы бірінен соң бірі өмірге келген сәбилерімен жалғасып жатты. Жұмыста да абыройсыз болған жоқ. Денсаулық саласында қырық жылдай халыққа қызмет көрсетіп, зейнеткерлікке шықты. Оның ататегіне келсек, Табын Бұқарбай батырдың шөбересі  Рыскүлден туған шөпшегі болып келеді.

Жарасымды жұптың шаңырағында 10 бала өмірге келді. Оның үшеуі сәби шағында шетінеп кетті. Дайрабай мен Роза бүгіндері үш ұл, төрт қызды аман-сау өсіріп, бәрін де оқытып-тоқытып дегендей лайықты білім алып берді. Үлкен ұлы Бауыржан Ақтөбеде тұрады, теміржолшы. Жанқожасы – Алматыда, Тараз мемлекеттік университетін бітірген жоғары білімді. Қазір жеке кәсіпкер. Қызы Ақмарал – Шымкентте, ұстаз. Нұргүлі мен Ақбота – Аралда жеке кәсіпкерлер. Нұрайшасы Қызылордада медбике болып қызмет атқарады. Кіші ұлы Мараты да Қызылордада, Шымкент медресесін бітіріп, Қазалыдағы «Қожаназар ишан», кейін Тас­бөгет кентіндегі «Құдыс ишан» мешіттерінде имам болса, бүгінде Қызылордадағы бұрынғы «Ақмешіт», қазіргі «Нұр» мешітінің бас имамы болып әке жолын жалғастыруда. Ұл-қыздарының бәрі де үйлі-баранды, балалы-шағалы. Бүгіндері олардан жиырма алты немере сүйіп отырған Дайрабай мен Розаның қамқорлығы аясында бәрі де бақытты өмір сүріп келеді.

Нақты айтсақ, әке жолын қуып, құрылысшы атанып қала бейнесіне талай қолтаңбасын қалдырған, бас имам болып халықты иманды­лыққа баулыған, өнер саласында өзгеше қабілетімен құрметке бөленген, жарасымды жанұя құрып, алтындай өнегелі ұрпақ өсірген Үркімбаев Дайрабайдың дара жолы, міне, осындай.

Жұмабай  ЖАҚЫП,

Арал  ауданының  Құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: