Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдағы  «ақындар  айтысы!»

20.04.2026, 6:00 39

HALYQLINE.KZ

Біздің ауыл – ерекше ауыл! Бізді ерекше еткен тарихымыз ғана емес. Ол 1954 жылдың жаз айындағы кеңес үкіметі зымияндықпен жасақтаған теміржол колониясы жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстың да әсері бар.

Қақтығыс болған жерде мәдениет кешеулеп, өнер тоқырайтыны тағы бар.

Сол себепті біздің ауыл көршілес ауылдарға қарағанда әлі күнге баяу дамып келе жатқаны рас!

Дегенмен, өнеріміз тоқтамай, баяу да болса дами берді. Оның жарқын мысалы іспетті көпшілікке жария емес «ақындар айтысы»!..

Жария емес «ақындар айтысының» өтетін жері – Қамбаш ауылы, інім Нұртайдың үйі.

Қатысатындар: Жұмқаян – ауыл ақыны. Үйі-күйі жоқ.

Қарубай – Әмірәлі әкеміздің (Сыр шайыры Нұртуған ақынның шәкірті) баласы, физикалық дене бітімінде аздап ақау бар. Біздің үйге жиі-жиі келіп тұрады. Бұлар Жұмқаян мен Қарубай – бірінші жұп ақындар.

Екінші жұп ақындар – Жазықбай, аяулы ұстазымыз Арықбай Смағұлов ағайдың баласы.

Ідіріс – Күнсүгір ахунның немересі Әбілқайыр мақсымның баласы.

«Ақындар айтысын» ұйымдастырушы – менің інім Нұртай Олжайұлы.

Ақындардың кәсібі – Жазықбай – қауыншы, Ақбай ауылына барып қауын егеді. Ідіріс – Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағында жұмысшы. Осы «қос ақын» — бір жұп.

Жазықбай мен Ідіріс Нұртай інімнің сыныптасы, біздің үйге әңгімелесу үшін, шер тарқату үшін келеді. Інім Нұртай – жақсы суретші, яғни қылқалам шебері. Айтысқа қатысушы «ақындардың» кескін-келбеттерін айнытпай салып, айтысты қыздыра түседі.

Осындай қасиеттерге ие «өнерпаздар» арасындағы айтыс 1992 жылдың көктемінде басталды. Бұл датаны есіме мықтап сақтағаным, сол мезетте ауылдың сыртынан жер алып, сарай салуды бастағанмын.

Алдымен, көктемнің шуақты күндердің бірінде үйге таңертең Жұмқаян келді. Артынша біршама уақыттан соң, Қарубай кіріп келді. Нұртай жалпақ бір дәптерге бірдеңе салып отыр еді. Салып болды-ау деймін. Бір кезде дәптеріне қарап тұрып:

Қанша айтқанмен Қарекең!…

Күші оның бар екен!

Жұмқаяндай ағасын,

Жығып алып, ойбайлатып

Жыртып алды жағасын!… — деді.

Мұны естігенде, Жұмқаянның ақындық делебесі қозып, енді бірдеңе дейін деп жатыр еді. Кенеттен Қарубайдың күтпеген жерден барқыраған күлкісі аспанға көтерілді де, Жұмқаянның сөзі бөлініп, рәсуасы шықты да қалды.

Сөйтті де, Нұртайдың салған суретіне қарап еді, суретте Жұмқаян жығылып жатыр. Үстінде Қарубай, Жұмқаянның жағасы жыртылып қалыпты.

Мұны көргенде, намыстанғаны сонша Жұмқаянның ашудан дауысы шықпай қалды. Тек:

— Мен мынадан жеңілем бе?.. — деді тістене Қарубайды нұсқап. Осы сәтте Қарубай да жайына қарап тұрмай:

— Па-ха-ха-ха! — деп барқырап күліп жіберді. Дауысы тым жағымсыз естілді де, бұл Жұмқаянды одан сайын жындандыра түсті. Айтыс жайына қалды. Біршама уақыттан кейін Қарубайдың барқыраған күлкісінен енді есін жиып, бірдеңе айтпақ болып ыңғайлана берген Жұмқаян: «О-о, Қарубай дегенде, Қарубай-ай!» — дей беріп еді, тағы да Қарубайдың жағымсыз күлкісі естілді.

— Па-ха -ха-ха!…

Бұл жолы Жұмқаян шындап ашуланды. Айтарға сөз таба алмай, түтігіп кетті. Тек аузына іліккен бар сөзі:

— Өй, шешең…! — болды.

Мұны естігенде, «Тұра тап берер!» деп ойлады ма Қарубай ығысып, Жұмқаяннан алысырақ есік жаққа барып тұрды. Сөйтті де, тағы да жайына қарап тұрмай: «Па-ха-ха-ха!» — деді. Бұл күлкі естілгенде, ашуы терісіне сыймай әрең тұрған Жұмқаян Қарубайға қарай тұра ұмтылып еді. Қарубай есіктен сыртқа шыға қашты. Жай қашып бара жатқан жоқ. Барқыраған күлкісі жан-жағын жайпап барады. Оңайлықпен жеткізер емес. Сөйтіп, «Ақындар айтысының» бірінші кезеңі ақындардың бірін-бірі қуып кетумен аяқталды. Жеңімпаз анықталмады.

Екінші жұп Ідіріс пен Жазықбай болды. Олар бір-бірімен мүшәйра айтысқа шықты. Бұлардың айтысы күтпеген жерден басталып кетті. Нұртай інім жалпақ дәптерін ашып отырып, Жазықбайдың қауын егіп жүрген суретін айнытпай салып қойып еді, Ідіріс қарап тұрмай арқасын қап-қара қып бояп алды да, ол аз дегендей, қасына бір шумақ өлең жазып қойды.

Қауын еккен Жазықбай,

Болып еді қазықтай,

Арқасы болды қап-қара,

Әлемге болды-ау масқара!

Уақыт өте үйге Жазықбай келді. Жалпақ дәптердегі сурет пен бір шумақ өлеңді оқыды. Сөйтті де, Нұртайға Ідіріске арнап сурет салып берші деп өтініш айта бастады. Өтініш орындалды. Сурет қатырып салыныпты.

Ідірістің арқасында ұн салынған қабы бар, қолында бөтелке! Рабкооптың қоймасының ішінде зыңқып барады. Сурет Ідіріске айнымайды. Суретке қарап, Жазықбай толқыды. Өлең шығару оңай ма?! Әрі-бері жүрді. Қиналды. Әлдекімге ашуланды. Нұртайдан көмек сұрады. Әйтеуір, бір кезде бірдеңе жазды-ау!…

Былай деп жазып қойыпты.

Тілі салақтаған Ідіріс!

Ідірісте жоқ кідіріс

Арқасында қабы бар

Қолында бөтелкесі тағы бар!…

Сол, сол-ақ, мүшәйра айтыс қызып сала берді. Бірде Ідіріс Жазықбайды сипаттап келеді. Сурет салынады. Қиналса да өлең жазылады. Бірде Ідірісті сипаттап Жазықбай келеді. Сурет салынады. Өлең жазылады. Сөйтіп, бірінен соң бірі келіп, мүшәйраны қыздыра түсті. Бірақ бір-бірімен кездесудің сәті түспей, екеуінің де бір-біріне зығырданы қайнай түсті. Әсіресе, Жазықбайдың ашуы ерекше! Қанша дегенмен, Ідіріс мақсымның баласы ғой! Ашуы терісіне сыймай тұрса да өзін-өзі ұстауы бөлек.

Қанша жерден кездеспейді дегенмен, олар тау емес, адам ғой! Бір күні Нұртайдың тар шарбағында кездесіп қалды! Аулада жігіттер боп жиналып тұр едік. Бір кезде алдымен Ідіріс келді. Артынша көп ұзамай Жазықбай келді. Жұртпен амандасты да, бір-біріне қарап айбат шегіп аз-кем тұрды да, кенет әй-шәй жоқ бір-бірінің жағасынан ала кетті. Айыру берер емес! Түсінбей қалған жұрт екеуін екі жаққа айырып әлек. Ақыры, екеуін екі жаққа айырды-ау!… Түрлері әбіржи, бір-біріне ызалана қарап, ынтығын баса алмай, екеуі екі жерле шоңқиып-шоңқиып отыр еді… Кенет Қарубайдың жағымсыз күлкісі құлақты жарып жіберердей естілді. Ашудан жарылардай әрең отырған қарсыластар селк ете қалды да, бір-біріне қайта ұмтылды. Қанша жұрт қоя ма, бір-бірін қайта ажыратты.

Ақыры, ашулары тарқап, татуласып кетті-ау!… Қанша айтқанмен, сыныптастар ғой!…

Енді бір «айтыстың» көзі шығып тұр еді. Оны ауылдастар сөз түсінбей, бірін-бірі боқтап, айтыс басталмай жатып сөніп қалды.

Ол оқиға былай болып еді. Бір күні рабкоопке (сауда мекемесі) өте қат заттар келген. Ол заттар жұмысшыларға таратылатын болды. Балтабай сол мекемеде жұмысшы болатын. Оған да өз үлесі тиесілі болды. Ауылдың бір пысық баласы Балтабайдан жатып келіп жалынып әлгі затты сұрайды ғой. Қанша жерден жалынса да, алдаса да, арбаса да Балтабай әлгі затты бермейді.

Осы оқиғаға куә боп тұрған Нұртай інім табан асты өлең шығарып жібереді. Ол былайша өрбиді.

Алдасаң, алдаған шығарсың,

Жұмқаян мен Аманбайды.

Алдағыш болсаң,

Алдап алшы Балтабайды.

Бірақ үнемі арақтан аузы босамайтын, бұрын ақындығы бар Аманбай өлеңнен Балтабайдың атын естісімен, сөздің мәнісіне бармай, жатып кеп ашуланып, Балтабайды боқтай жөнеледі. Сөйтіп, аузынан жөнді сөз шықпаған Аманбай айтысқа тартылмай қалады. Әйтпесе, арақты ішпей жүрсе, әжептәуір ақындығы бар жігіт еді.

Қорыта айтқанда, менің інім Нұртай ақындардың, ақынға жақындардың намысын оятып, өлеңге, әдебиетке тарту жолындағы түрлі кедергісін сараптай келе мынадай тұжырымға келді.

«Егер де Кеңес үкіметі болмағанда, қазақ халқы оның озбыр саясатының құрбанына айналмағанда, ашаршылық, геноцид болмағанда, соғыс, тілімізге қысымшылық саясат жүргізбегенде, алкоголизммен сананы уламағанда, ХІХ ғасырдағы «қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген деңгейдегі қалпымызды сақтап қалғанда, кез келген қазақ ақындықтың туын биікке желбіреткен болар еді-ау!..».

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: