«Жігітке жеті өнер де аз» деп айтады ғой. Ұстаз-тәлімгер, мұғалім-әдіскер болған, тарихшы-шежіреші, қазақтың күйлерін күмбірлетіп тартатын өнерлі жан туралы мақаламды осы күйшілік өнерінен бастағалы отырмын.
Қазалы ауданындағы Мырза атындағы оркестрдің бастауында тұрған, өнердегі жолын осы оркестр құрамында жүргенде бастаған Жүсіп Қази Батайұлы 1946 жылдың 22 маусымында дүниге келген. Өнердегі інілері «саусағынан күй сорғалаған» десе, аудандағы әріптес інілері «туған күні де тарихпен байланысты ғой, кеңес-герман соғысының басталған күнінде туған тарихшы» деп әзілдейміз.
Бозкөл ауылында дүниеге келген Қази домыра тартуды нағашысы Санау Қабыловтан, Қазалы жерінде өмір сүрген Мырза мен Жалдыбай күйлерін нотаға түсірген күй өнерінің шеберлері Нәби Жәлімбетов пен Қобылаш Жаймұратовтан үйреніп, Сыр бойы күйшілерінің күйлерін таратып әрі насихатшысы болып келеді. Күйге деген құлшынысы Қазалы станциясындағы №420 теміржол мектебінде оқып жүргенде басталды. Ән сабағынан дәріс беретін ұстазы Қобылаш Жаймұратовтың досы, Қазидың жездесі Жәдігер домбыраға деген ерекше ынтасын байқап, оған домбыра жасатып берді. Ол заманда орыс тілі үстемдік құрып, домыраны менсінбей «одна палка — два струна» деп айтатын кез болатын.
Қазалы станциясы В.И.Ленин атындағы теміржолшылар клубында орыс аспаптар мен үрмелі аспаптар үйірмесі жұмыс істейтін. Сол кездегі Қазалы ауданының бірінші басшысы, ұлтжанды Әбжәми Байшуақов осы теміржолшылар клубының басшысы Полина Петровна Соколованы шақырып алып, клуб жанынан домбыра үйірмесін ашу керектігі туралы мәселені көтереді. 1961 жылдың қараша айынының аяғында осы мәселе Қазалы аудандық комсомол комитетінің бюросында арнайы қаралды. Бұл жауапты істі кімге тапсыру керек деген сұрақ туды. Таңдау әрі іске асыру Алматы қаласындағы республикалық «Теміржолшы» газетінде әдеби қызметкер болып істеген, туған жерге зайыбы Нағиманың денсаулығына байланысты амалсыздан көшіп келіп, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып қызметке тұрған 22 жастағы Әлмәмбет Әлішевке жүктелді.
Болашақ жазушы Ә.Әлішев домбыраны өздігінен үйренген еді. Өз сөзінде «Маған домбыра үйрететін ұстазым болмады ғой» деп сол кезді сағына еске алған болатын. Немересінің таудай талабын байқаған әжесі Балбөпе Жданов ауылындағы Жөке деген ұстаға ұрғашы баспақ беріп, домбыра жасатқызады. Кейін Әлмәмбет Жөкенің баласы Мырқыны кездестіргенде, «сол баспақ арқылы біздің аузымыз аққа тиді ғой» деп еске алған екен.
Жалындаған жас нұсқаушы Ә.Әлішев комсомол жұмысынан кейін, жаңа қоғамдық іске құлшына кірісті. Теміржолда жұмыс істейтін Бақуадин Ибрашев, Рзағали Рахметов, Пауадин Катешов сияқты көптеген өнерлі жастарды домбыра үйірмесіне тартты. «Келіншек», А.Жұбановтың «Би», Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін үйртеуден бастады. Осы кезде домбырашыларға сырттай қызығып қарап, келіп жүрген екі баланы байқаған Әлмәмбет Әлішев олардың №420 теміржол мектебінің 8-сынып оқушылары Қази Жүсіпов пен Сардарбек Қожағұлов екенін сұрап біліп, екеуінің ерекше қабілеті үшін үйірмеге қабылдады.
Осы мақаланы жазу барысында Қази Жүсіптен Қазалы ауданында домбыра оркестрінің негізін қалаған, КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық Журналистер сыйлығының лауреаты Әлмәмбет Әлішев екенін білдім.
Ә.Әлішев кейін Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істесе де, домбырадан қол үзген жоқ, қолы боста ұл-қыздарына домбыра тартуды үйретті. Әке еңбегі босқа кеткен жоқ, балалары домбыра тарта алатын болды, кейін өздері гитара тартуды да меңгеріп кетті. Аудандық Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің директоры болып қызмет істейтін ұлы Сәукен Әліш Қазалыдан шыққан тұңғыш Қазақстан Композиторлар мүшесі болды. Қазір ҚР Композиторлар Одағының Басқарма мүшесі. Шығармалары республика мен шетелде орындалып жүр.
2008 жылы 30 тамызда осы мақаланы жазу кезінде Әлмәмбет ағам маған: «Сардарбек Қожағұлов телехабар жүргізіп, белгілі термеші болып кетті. Ал Қази Жүсіповтан да атақты күйші шығатын еді, ол ұстаздық жолды таңдады» деген болатын. Мен де егер Қази ағай өнер жолын таңдағанда халық артисі Қаршыға Ахмедияровтай күйші болар ма еді деп те ойлағанмын. Ол кезде Әлмәмбет ағай да, Қази ағай да екеуінің құда болатынын әрине білген жоқ.
Жанқожа батыр атындағы №70 (бұрынғы №420) мектепті 1964 жылы күміс медальмен бітірген Қази Жүсіп Алматыдағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің тарих фаультетіне оқуға түсті. Осы іргелі оқу орнындағы «Жеті муза» үйірмесінің белсенді мүшесі болып, Алматы қаласындағы талай концертте жеке күй тартып көзге түсті. Қази ағайдың күйшілік өнеріне белгілі өнер қайраткерлері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Роза Бағланова, Шәміл Әбілтай жақсы пікір білдірген. Құрбы-құрдастары да Қазиға Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға барып, өнер жолына түсуге кеңес берген еді.

1971 жылы КАЗГУ-ды бітірісмен Қызылорда қаласындағы кәсіптік білім беру басқармасында әдіскер-мұғалім болып еңбек жолын бастады. 1972-1982 жылдары Қызылордадағы №1 және №10 мектептерде тарих пәні мұғалімі болды. 1982-1988 жылдары Қызылордадағы кәсіптік білім беру училищесінде оқытушы болды.
Қазалыға қоныс аударған соң 1988-1993 жылдары Басықара поселкесіндегі №182 мектепте тарих пәні мұғалімі болды. 1983 жылы «әдіскер-оқытушы» деген атақ берілді. 1993 жылдан бастап Әйтеке би кентіндегі №170 мектепке мамандығы бойынша ауысты. Міне, осы кезден бастап біз, яғни аудандағы тарих пән мұғалімдері ерекше білім иесі Қази ағаймен араласа бастадық. 1994 жылы жоғары санатты тарих пән мұғалімі атанды. 1996 жылы ҚР Білім және ғылым министірінің құрмет грамотасымен марапатталды.
1999-2006 жылдары Қази Батайұлының 30 оқушысы грантқа, 8 оқушысы несиеге, 4 оқушысы квотамен ЖОО-дарына оқуға түсті. Оқушылары облыстық, республикалық олимпиаданың жүлдегерлері атанып жатты. Өнер жолына түскен шәкірттері де жетерлік. Сандуғаш Аманжолова Құрманғазы атындағы консерваторияны грантпен оқып бітірген соң, әнші-термеші болып елдің ықыласына бөленіп жүр. АҚШ-та қазақтың домбырасымен өнер көрсеткен шәкірті, ауданға белгілі тарихшы ұстаз болған марқұм Жаңаберген Якияевтің немересі Нүркен Якияев Астанадағы Президент оркестріне іріктеліп алынды.
Қази ағамыздың отбасына келетін болсам, зайыбы Гүлмараш апай екеуінің көзінің ағы мен қарасындай ұлы Аян Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияны үздік бітірген соң, Астана қаласындағы медициналық Академияны грантпен бітіргеннен бері Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасында реаниматолог болып қызмет істесе, келіншегі Әлішова Найла Сәкенқызы Ақтөбе қаласындағы медициналық Академияны бітірген, терапевт дәрігер. Тұлымшағы желбіреген Қази ағамыздың немерелері мектепте оқып жүр.
Міне, біздің Қази ұстазымыздың еңбек жолы осындай. Біз деп отырған тарихшылардың өздері қазір ауданға белгілі ұстаз болды. Олар: Мейрамбек Жұмашев, Нұрғиса Жүсіпов, Жетербай Дабылов, Айдын Рысқұлов, Асқар Олжакеш, Ғабит Өтепбергенов, Оңдабай Сахитжанов, Теңізбай Орынбаев, Рүстем Үмбетов, Ержан Асылбеков інілерімен бірге мен де Қази Батайұлын алдағы 80 жасымен құттықтап, Аға, аман-сау, бар болыңыз, жүзге жеткенше күмбірлеген домбыраңыз қолыңыздан түспесін деймін.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Ардагер-ұстаз,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!