Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Болашақ» университетінде тарихи-танымдық кездесу өтті

14.12.2022, 17:25 400

HALYQLINE.KZ Қызылорда «Болашақ» университетінде «Құқықтану және қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т.Еспенбетованың ұйымдастыруымен «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» атты кездесу өтті. Тарихи-танымдық іс-шараның негізгі мақсаты – желтоқсан құрбандарының ерлігін студенттер көңіліне ұялату, патриоттық тәрбие беру, Тәуелсіздікті құрмет тұту.

Кездесу кешіне Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі А.Д.Канетов, Желтоқсан оқиғасының куәгері, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты А.Т.Райымбекова, университеттің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Ә.Еңсепов қатысты.

Іс-шара модераторы А.Т.Еспенбетова Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы туралы айтып, алғашқы сөзді А.Д.Канетовке берді. 1986 жылы Алматы театр және өнер институтының 4-курсында оқыған Аманбай Дүйсенұлы бірге оқыған төрт жігітпен студенттер мен жұмысшылардың жатақханаларын аралап, 1987 жылы шілдеде сотталғандардың қатарында болып, айыпты деп танылғаны, кейін толықтай ақталғаны жөнінде, сондай-ақ қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, қазақ өнерінің абызы Асқар Тоқпановтың шәкірті екендігін айтып, өздерін ұлттық рухта тәрбиелеген ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті. Желтоқсан оқиғасының куәгері Айман Төребекқызы сол кездері Халық шаруашылығы институтының (Нархоз) бірінші курс студенті болғанын, алаңға қалай барғанын әңгімелеп берді. Тарихи оқиғаның тарих ғылымындағы үлес-салмағы, зерттелуі жөнінде Асқар Әлиұлы сөйледі.

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастардың ерліктерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге қылуда, жастарға патриоттық тәрбие беруде кездесудің әсері зор болды. Кездесу қонақтарының Тәуелсіздік, Желтоқсан, ұлттық рух, ұлттық ар-намыс туралы тол­ғана айтқан ой-көзқарастары, тәрбиелік мәні зор әңгімелері жас буынға ерекше әсер қалдырды. Кездесу сұрақ-жауап ретінде өтіп, оқытушылардың, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.

«Құқықтану және қоғамдық пәндер» кафедрасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: