Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот жүрiп жатыр! (Әзіл әңгіме)

08.12.2022, 10:20 291

Бүгін сот залында шұғыл іс қаралды. Іңірде әкімшіліктің қақ алдында ешкімге жазығы жоқ бір қарияны көлік соғып кетіпті. Бірақ, қарапайым болғанымен өте сыйлы адам еді. Полиция жауап алу үшін кінәлі көлік жүргізушісін кісендеп әкелді. Қоғамға қауіпті қылмыскерді ұстағандай барлық журналистер мен телеарналар және шетелдік тілшілер бәрі осында қатысып отыр.

Сот:

– Айыпталушы тұрыңыз, сіз тал түсте елге белгілі Қауғабек Жыршыбаевты қалай қағып кеттіңіз?

Айыпталушы:

– Кешіріңіз, сот мырза, әдейі қаққан жоқпын, ол өзі маған қарай жүгірді, – деді.

Сот:

– Сонда қалай, өзін-өзі өлтіруге ұмтылды деп тұрсыз ба?

– Ия, солай шығар.

Осы жерде зардап шегушінің қорғаушысы орнынан ұшып тұрды.

– Жыршыбаевты өзіне қол салды дегенге ешқандай сенбеймін. Мұндайға баратындай тұрмыс жағдайы төмен емес, балалары үлкен қызметте жасайды. Берекелі бизнестері бар, атақ-абыройы жетеді. Бұл кісіге әдейі жасалған қастандық деп ойлаймын. Сондықтан да әділ жазасын беріңіз.

Айыпталушының қорғаушысы:

– Сот мырза, істі нақты дәлелдеу үшін көшедегі бейнебақылауға түсіп қалған дәлелдемені қарауға рұқсат етіңіз.

– Қарсы емеспін.

Бейне жазбада Қауғабек Жыршыбаев расында көлікке қарама-қарсы келе жатқандай көрінді. Төсі жалт-жұлт етеді.

Айыпталушы:

– Айтпақшы, омырауындағы жалтыраған темірлерден көзім шағылысты. Аңғармай қалғаныма бұл да себеп болды.

Сот:

– Бейне жазбаны үлкейтіп көрсетіңіздерші, – деп бұйырды.

Ғимаратта отырғандар аң-таң болды. Қауғабек қарияның алды мен артын айыра алмай қалды. Омырауында жарқырап тұрғандар ордендер екен. Ал, арқасы неге жалтырайды? Сот төрешісі түкке түсінбеді. Бейнетаспада қарияға қарама-қарсы келе жатқан автобустың жүргізушісі де, жалтыраған медальдарға көзі шағылысып, абырой болғанда тежегішті басып, жол-көлік апатын тудырмай аман қалыпты.

Соңғы рет Қауғабекпен кездескен әкімшілік қызметкерін сот залына алдырады. Оқиға былай басталыпты. Айтулы мерекелік құттықтаулардан кейін Қ.Жыршыбаевты әкімшілікке шақыртады. Өйткені, мерекеден соң, ауысып қалған марапаттарды осы кісіге беру тапсырылған еді. Қауғабек қария мейрам сайын «сарқыт» алып үйренген ғой. Ол бұл жолы омырауына бұрынғы алған төсбелгілерін тізіп тағып келіпті. Ине шаншар орын жоқ. Шешуге қимайды. Әрқайсысының атақ-дәрежесі бар. Әкімшілік қызметкері амалсыздан ауыс-түйіс бір уыс медальды Қауғабектің костюмінің арқасына тағып жібергенін мойындайды.

Сөзге зардап шегушінің құрдасы Қауғабай араласады.

– Осы бойы кемпірі Тамара хабарласты. Есін жиыпты. Дәрігер денсаулығына қауіп жоқ депті. Әй, өзі қутыңдап үйде отырмайды. «Магнит шал» деген лақап аты бар.

– Неге олай атайды? Экстрасеанс па? – деді сот төрешісі таңданып.

– Жоқ, омырауы орденге тоймайды. Жыл сайын біреуі келіп жабысады. Соған замандастары қалжыңдап атап кеткен ғой, – деді күліп.

Залда отырғандар тірі қалғанына қуанып ұзақ қол соқты. Тап осындай оқиға желісі мерекеден соң, басқа қалаларда да болыпты.

Сот төрешісі он бес минут үзіліс жариялады. Тележурналист тергеушіден сұхбат алды.

– Мұндай іс бұрын-соңды қаралды ма?

– Бірінші рет болып тұр.

– Қалай ойлайсыз, мардымсыз марапаттың өзі адам өміріне қауіп келтіріп тұр ма?

– Солай секілді, мұны жыл сайын мақтау күтетіндер ойлану керек. Реті келсе жиі-жиі берілетін марапаттан бас тартса деймін. Және ендігі жерде мұндай жол-көлік оқиғалары қайталанбас үшін көшеге бір медальдан тағып шығу керектігін ескертемін, – деді тергеуші.

Сонымен бәрі түсінікті болды. Қас қарайғанда жолдың бойында алдыға кетіп бара жатқан қарияны жүргізуші желке тұсына қадалған жарқыраған төсбелгілерінен көзі шағылысып қағып кеткен екен. Енді Қауғабектің көліктің астына түсуіне жүргізуші кінәлі ме, әлде медальдарды арқасына тағып берген әкімшілік қызметкері кінәлі ме? Оны әрине, сот шешеді.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: