Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

08.12.2022, 10:00 780

Ерғали   АБДУЛЛА

Мылқаулық

Егер орыс тілі болмағанда біздің жұрттың бір бөлігінің тілі жоқ мылқау болып, бейшара күй кешіп, көздері жылтырап жүрер ме еді?!

Үш  кезең

Қабылдайтын кез болады. Дабылдайтын кез болады. Дамылдайтын кез болады.

Нәтиже

Тоналған ел… Тірнектеген жұрт… Тілі жоқ тұлғалар…

Атақтылардың  атын  үркіткен

Атағы жоқ деп кейбір жұрт оны өздерінше менсінбейтін. Ал ол небір атақтыларды, аты шыққандарды, үлкен қызметтегі дүрлер мен дүмділерді аяғына тұрғызатын, түн ұйқысынан айыратын, шошымалы ауруға ұшырататын, құшақ жетпес құйрықтарын бір уыс қылатын.

Жаңа  сұрып

Бәйбішеден безген бейбақтар, тоқалға таңылған торсық қарындар.

Солай  болып  барады

Заңды қадірлемейтіндердің көбі заңгерлер ме деп қаласың. Гиппократ антын аяқ асты қып жүрген дәрігерлердің өздері ме деп қаласың. Мемлекеттің мүлкіне қол салғандардың негізі мемлекеттік қызметкерлер ме деп қаласың. Көркем сөздің қасиетін ақын-жазушылар кетіріп жүр ме деп қаласың…

Өткен  кезең

Бізді сылдыр сөзбен нұрлап жүріп, барымызды жым-жылас қып ұрлап кетіпті…

Үлес

Ордаңдаған мықтылар орден алып, мүләйімсіп жүргендер медаль алып, тырбаңдап жүрген тыраштарға төсбелгі тиісіп, дымы ішінде жүргендерге диплом, кірбиіп, кіржиіп жүргендерге грамота бұйырып, ал аузы аңқиып жүргендерге алғыс хат беріліп, мерейтойлық мереке ақыры мәресіне жетті…

Түрлі  тірлік

Біреулер таңертеңнен тырбанып нан табудың қамында жүр, біреулер таңертеңнен сұранып бір стақан арақ табудың соңында жүр…

Би

Қарапайым ғана қимылдың өзі қиюласа шыққанда, көрермендердің жүрегін елжіретіп, бір әсем күйге енгізіп жатты.

Бақпа

Біреулердікі жанбағыс тірлік: жұмыс бар жерлерді сағалап жүр. Біреулердікі күнбағыс тірлік: мықтыларды жағалап жүр.

Күні  өткен  сәнқойлық

Құйрық майының қыржым-қыржымдарына дейін білініп тұратын тар шалбарды тырыстырып киіп, жас көрінгісі келетін сары тіс, салпы ауыз қатын…

Құбылыс

Біздің жастардың басқа тілді үйренгені қызық. Басқа тілді үйренісімен, өз тілін ұмытып қалады.

Май  тұмсық

Тойдан семірген асабаның тұмсығын-ай… Өзін тойға жалдаушылардың өзін менсінбей талпақ танауланып қалыпты…

Көз  бен  көңіл

Жастық шақта көз бен көңілдің қияндары қиялап қиырда жүреді. Қарттықта көз бен көңілің қарға адым жерді шыр айналып шиырлап жүреді.

Ей,  дүние-ай

Өмірің енді-енді қалыпты жолын салып, дәурен шақтың қызықтары көбейе бастаған кезде, алқам-салқам боп қарттықтың демде келе қалатыны өкінішті…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: