Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Денешынықтыру пәні мұғалімдері жұмыссыздар қатарын көбейтпей ме?

24.11.2022, 11:50 310

«Сұранысқа ие болатын 5 мамандықты айтар едім. Біріншісі, ақпараттық технологияға байланысты. Оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік, яғни ақпаратпен жұмыс iстейтiн инженерлер. Екінші, ұстаздар. Елімізде үлкен демографиялық өсу бар. Сондықтан мектептер көп салынады. Оған 120 мыңға жуық ұстаз даярлау керек. Достар, ұстаздықты ұмытпаңыздар. Үшінші, медициналық қызметкерлер. Пандемия нені көрсетті?  Эпидемиология, вирусология, микробиология  саласында мамандар  тапшы. Төртінші  үлкен  бағыт – көлік және тасымалдау. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда жаһандану кезінде тасымалдау, көлік, инженерлер үлкен тапшылыққа ие. Және бесіншісі, ауылшаруашылық саласы. Соңғы он екі жылда дүниежүзіндегі халық саны 8 миллиардқа жетті. Ал адамдар күніне үш рет тамақтанады. Сондықтан ауыл шаруашылығы, оның ішінде агроном, ветеринар, өсімдіктерді қорғау, генетиктер еңбек нарығына қажет», – деді Саясат Нұрбек ұлттық арнадағы сұхбатында. Дегенмен, ведомство басшысы болашақта қажет мамандықтың бестігін  топтастырғанымен, олардың бүгіні  қалай?  Шынымен  бұл сөзі қаншалықты рас?

Мәселен, мемлекет педагогикалық мамандықтарға көңіл бөліп, грант саны мен стипендия көлемін көбейтіп, бұған қоса жалақыны жоғарылатып, кадр тапшылығын жою мәселесін осылай шешкісі келді. Алайда қазір бұл мамандықтарға сұраныс болғанымен, жақын арада жастардың мамандықпен жұмыс істей алмауына әкеп соқтыруы кәдік. Сонда жастар – саясаттың құрбаны ма? Бүгінгі күні денешынықтыру мамандығына тапсырушылар да, оқуға түсушілер де қай өңір болмасын жетіп артылады. Алысқа бармай-ақ, сырбойылықтардың арасында да ең танымал мамандықтың бірі – осы. 85 жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі денешынықтыру мамандығы бойынша 1-4-курс студентерін қосқанда 866 студент білім алады. Оның 291-і мемлекеттік грант негізінде оқиды.

Енді бірер сөз екі жылдың көле­мінде осы университетке қанша студент  оқуға  түскені  жайында  болсын. Өткен жылы 255 студент аталмыш мамандыққа  оқуға  түссе,  оның   87-сі – грант. Ал, осы жылы оқуға 380 студент қабылданды, оның 134-і грантқа түскен. Биыл  бұл сала­ға жалпы конкурс бойынша 381 талапкерге грант тағайындалды. Ең жо­ға­ры максималды 125 ұпай мен   119 балл жинаған студенттер тегін білім алуға мүмкіндік алған. Бұған қоса, Х.Дос­мұхамедов  атындағы  Атырау университеті 5 грант, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды  университеті   5  грант, М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақ­стан  университеті  10  грант, Дене­шынықтыру және бұқ­аралық спорт академиясына 70 грант һәм тағы еліміздің 9 университетіне атаулы грант бөлінген. Сондай-ақ, күндізгі қысқартылған оқу нысаны бойынша 132 грант берілген. Мұны­мен қоймай, көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлер арнайы бөлінетін гранттарға тапсыра алады. Одан ҰБТ-дан шығармашылық тапсырған студенттердің әлеуметтік жағдайы бойынша алу проценті жоғары. Логиканы қоссаңыз, түсінесіз. Шығармашылық мамандық тапсырған  талапкерлердің  көбі  100 баллдан жоғары жинайды, ал бес пән тапсырғандар 100 баллдан төмен. Енді көпбалалы отбасы санаты бойынша кім мемлекеттік грантты алады? Иә, денешы­нықтыру мамандығына тапсырғандар.

Сөзімізді қайтадан өңірдегі үздік университеттің статистикасы бойынша сабақтасақ. 2022 жылы 380 студент қабылданғаны айтылды, олар 2026 жылы жоғары оқу орнын тамамдайды. Сонда 380 жас маманды сол жылы шағын облыс жұмыспен қамти ала ма? Әрине, жоқ. Өйткені оның алдыңғы жылы 255 жас маман бұл оқу орнын аяқтады. Оларға да жұмыс табылуы неғайбыл. Ведомство басшысы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бүгінде елімізде денешынықтыру сабағы бойынша 500 мыңнан астам сағат бар. Ал  пән  мұғалімдерінің  саны шамамен  30 мың педагогті құрайды. Міне, солай-солай мемлекеттің бөлінген грантына оқуға түскен, өз қалтасынан оқу ақысын төлеп білім алған жастарымыз жұмыссыздардың қатарын  көбейтеді. Биыл  І тоқсан  қорытындысы  бойынша жұмыссыздар  саны  453,1 мың  адамға жетті. Мұндай деректерді Ұлттық  статистика  бюросына сілтеме жасап, Еңбек және  әлеуметтік  қорғау министрлігі жариялаған еді.

Хош дейік. Білім саласы екіге бөлініп, бір емес, екі министр тағайындалды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек педагогикалық мамандықтың маңызын айтып, осы мамандыққа оқуға түсіруге шақырса, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сағат санын қысқартыпты. Бұл денешынықтыру пәні мұғалімдеріне қатысты. Еліміздің мұғалімдері наразылығын айтып, мемлекет басшысына үндеу жасауда. Ал, оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі ұлт баласын тәрбиелейтін ұстаздарға «Халықаралық тәжірибеде бір сыныпқа сабақ өткізу үшін екі денешынықтыру мұғалімін бөлу қарастырылмаған. Көптеген шетелде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағаттар – бастауыш сыныптарда» деп жауап қатты. Әрине, шетелдің білім жүйесіне еліктеп, дамудың даңғыл жолына шыққан жөн. Бірақ денешынықтыру пәні шетелдік тәжірибеге қаншалықты зәру? «Елді дамытамын» деген министрге дипломы бар маманның көп болғаны үзеңгіге аяқ салдырар емес.

– Биылғы оқу жылындағы денешынықтыру пәні бойынша топқа (қыз/ұл) бөліну қысқартылуына байланысты сағат саны азайды. Мен жоғары білімді мұғаліммін. Педагог-зерттеуші біліктілік санатым бар. Аудан, облыс, республика көлемінде түрлі жетістігім бар. Сағат санының азайғанына байланысты қазіргі таңда 12 сағат, яғни толық емес жүктемемен жұмыс істеймін. Мен жұмыс  істейтін мектепте 7 дене шынықтыру пәні мұғалімі бар. Барлығы да 8-9 сағатпен жұмыс  істейді, яғни 0,5 жүктемемен. Көп мектепте денешынықтыру пәні мұғалімдері қысқарып, жұмыссыз қалуда. Қазіргі таңда елімізде денешынықтыру мамандығы бойынша грант көптеп бөлінуде. Ақылы оқитын студенттер де тым көп. Демек бұл болашақта  осы мамандарды жұмыспен қамту жағы қиындық келтіретіні анық. Сондықтан, грант бөлген кезде де, оқуға құжат қабылдар кезде де болашақты ескерсе деген ойым бар. Денешынықтыру пәні қайта топқа бөлінсе деген ұсыныс білдіремін, – деді есімін құпия сақтағысы келген Қызылорда  облысының  ұстазы.

«Қызды  айттым, қызықты айттым қыздырмамен» демекші, ұстаздардың мұңын һәм болашақта кеулеп кету қаупі бар жұмыссыздық жайын да айттық. Ел ырғасып сынасады. Десе де, ертерек сең қозғалып, өткір мәселеге көңіл бөлінуі қажет. Төрт жыл тегін білім  алғанмен, жұмыс жоқ  болып, сұраныс  болмаса, төрт  жылды  текке өткізіп не керек? Тек билік емес, ата-ана мен оқушы да мамандықты таңдар кезде асықпай ойланса… Ал, министр Саясат Нұрбектің бұл жайында айтары бар екен. Еліміздегі демографиялық өсімге байланысты 5-6 жылда көптеген мектеп салынбақшы. Оларға  120 мыңдай ұстаз қажет болады екен. Алайда мұның бәрі денешынықтыру мұғалімдері болмайтыны сөзсіз. Сондықтан  түбегейлі өзгеріс қажет.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: