Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саңлақ сахнагерлерді қабылдады

11.11.2022, 15:15 356

HALYQLINE.KZ Бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сыр өңіріндегі театр өнерінің корифейлері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбайұлы мен өмірлік жары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанованы қабылдап, киелі сахна төрінде жұп жазбай өнер көрсетіп келе жатқан 55 жылдық мерейтойларымен құттықтады.​

Белгілі сахна майталмандары өнердің осынау айтулы белесіне үлкен еңбекпен, халық алақанына салған асқақ абыроймен жетіп отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбайұлы 1970 жылы Алматының М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының студиясын бітіріп, сол жылдан бастап Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі қызметін атқарады.

Осы жылдар ішінде 250-ге жуық рөлдерді сомдап, әртүрлі жанрларда ойнай алатын кең ауқымды артист екенін дәлелдеді. Өнердің ерен жүйрігі жағымпаздыққа жаны қас, кімге болса да ойындағысын ашық айтатын, тік мінезді, қолға алған ісін орындамай тынбайтын адал да ақкөңіл, адамгершілігі мол азамат өмірлік серігі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжановамен жарты ғасырдан астам уақыт Н.Бекежанов атындағы қасиетті қара шаңырақта бірге еңбек етіп келеді. Мерейтойлық қабылдауда қала әкімі Асылбек Шаменов Сыр өңірі театрының тарихында өнерге өзіндік өрнек салған, қайталанбас рөлдерімен көрермен көңілін тапқан айрықша талант иелерін құттықтап, қазақы дәстүрмен сый-құрметін көрсетіп, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деп ұлт мақтанышы Шәкен Айманов айтпақшы, бекзат өнер саналатын театр сахнасында көрерменнің жанымен, ішкі түйсігімен үйлескен рөлдеріңіз арқылы көп көңілін жаулаған дарынды әртіс екендеріңіз даусыз. Өміршең өнер табыстырған Сіздерді сахнада да, қарапайым өмірде де кейінгі буынға лайықты өнеге көрсетіп келе жатқан үлгілі жанұя, бақытты жұп ретінде ерекше құрметтейміз. Өнерге деген адалдықтарыңыз бен өлшеусіз қызметтеріңіз еш ескерусіз қалмайды – деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов «Өнерде жүзген қос ғұмыр» атты мерейтойлық кештің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 17:00-де Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында қос таланттың өмірі мен өнерінен сыр шертетін «Өнерде жүзген қос ғұмыр» атты әсерлі кеш өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: