Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республика күнінде үздік мамандар марапатталды

22.10.2022, 8:50 541

HALYQLINE.KZ

Еліміздің тұтқасы, өрліктің нұсқасы болған Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған Республика күні елімізде кең көлемде тойлануда. Жалпы, осы ұлттық мереке халқымыздың бірігуіне, ел болып еңсесін тіктеуіне, өткенді еске түсіріп, болашаққа нық қадам жасау үшін мәнісі зор. Облысымызда бұл ұлы мереке бес бағытта өткізіліп жатыр. Міне, сол бес бағыттың біріне ресми іс-шаралар өткізіліп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау кіреді. Сол себепті Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде әртүрлі сала бойынша үздік қызметкерлер шаһар басшысының алғыс хатымен марапатталды. Ең алдымен, айтулы іс-шара қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымованың алғы сөзімен басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды. Міне, 13 жылдан соң ұлық мереке қайтадан аталып өтілуде. Ел Президентінің оңды шешімінің арқасында қазақ халқы үшін маңызды мереке қайтадан оралды. Өйткені бұл ата-бабамыздың аңсап кеткен арманына жеткен күн деп айта аламыз. Елдіктің, егемендіктің күні болып есептеледі. Ендігі кезекте рухани құндылығымызды, бай тарихымызды, өр рухымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, осы күннің қадір-қасиетін дәріптеуіміз қажет. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын, деді ол.

Алаш асылы Әлихан Бөкейханов айтпақшы «Қазаққа осындайда қызмет етпегенде, қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз!» деген еді. Бүгінде осы тұлға сияқты ел тыныштығын күзеткен, келер күннен күдер үзбеген, жүрегінде «мәңгі Егеменді ел» болсақ деген үміт оты лаулаған қазақстандықтар жетерлік. Олардың еңбегі ұлттық мереке қарсаңында еленіп отыр. Елдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді. Солардың бірі Мануар Абуова 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күнімен халқымызды құттықтады.

– Бүкіл халқымызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізге бейбітшілік, ынтымақ пен ырысы мол ел болсын деп тілеймін. Мемлекет пен халықтың ойы бір арнада тоғысып, еліміз көркейе берсін. Ұлағатты ұстарымыз, алғыр жастарымыз көп болсын. Еліміздің дамуына барлығымызды атсалысуға шақырамын, – деді Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Мануар Абуова.

Іс-шарада Сырдың саңлақтары өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөлінді. Ән де, күй де, би де осында демекші, өнерлі өнерпаздар Сыр бойының дарынды халық екенін көрсетіп, марапаттау кеші көтеріңкі көңіл күймен жалғасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: