Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанқожа батыр мен Бажақ батыр

21.10.2022, 11:10 622

HALYQLINE.KZ

Халқымыздың біртуар перзенттері туралы тағылымға толы оқиғалар жөніндегі әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті арқылы жеткені белгілі. Бұл туралы төмендегі пікірді де айтпай кетуге болмас.

Аңыз жанры – қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихи негізі бар мол саласы. Онда айтылатын оқиғалардың, кейіпкер аттарының, елді мекен, жер атауларының, мезгіл мөлшерінің деректілігі басым келеді.

Бүгінгі айтылар әңгімені мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Нұрсұлтан Мұратбаев ағамыздан естіген едім. Жинақы тұлғасы, кескін-келбеті, білік-парасатына қарап туыстары арасында «Генерал» атанып кеткен Нұрекеңді «шынымен де әскери қызметте болған шығар» деп ойлап қалуың ғажап емес. Сонымен…

Бірде әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыз жанына жақын серіктерін, қол бастаған батырларды ертіп ұзақ жолға шығады. Сол топтың арасында Жәкеңнің жақын туысы, ерлігімен көпшілікке жақсы мәлім Бажақ батыр да бар екен. Жанқожа бабамызбен бірге сан мәрте жау шебін бұзған Бажақ батыр шақтас тұлғалы, сырт көзге аса ерекшелігі байқалмайтын адам болыпты. Ұзақ жол жүрген жолаушылар үлкен көлдің жанында жайлауда отырған атақты байдың үйіне аялдапты. Жаңағы байдың малының көптігі соншалықты үйір-үйір жылқысы теңіздей тасыған көлдің жағасына зорға сиятынға ұқсайды. Сыр бойынан атақты Жанқожа батыр келгенін білген бай ту бие сойдырып, қонақтарына дастарқан жайдырады. Алайда, төрт түлігі ен далада шалқып жатқан байдың көңілінде дүниесіне мастанған ірілік те қылаң береді. Қымыз ішіп отырып дәулетіне есірген бай әз Жәкеме қарап:

– Жәке, жаныңдағы серіктеріңнің бәрі шетінен батыр ма? – деген қитұрқы сұрақ қояды.

Байдың не айтқысы келгенін алдын ала сезген әз баба:

– Иә, бәрі батыр! – деп іркілмей жауап қайтарады.

Бай қолымен Бажақ батырды көрсетіп:

– Мына кісі де батыр ма? – депті менсінбеген кейіпте.

Жанқожа батыр болса:

– Батырдың үлкені – осы, – дейді қатулы үнмен.

Бай киіз үйдің ішін басына көтере қарқылдай күліпті. Сол сәтте… О, сұмдық! Даладан шыңғырған адамдардың дауысы, шұрқырап кісінеген жылқылардың үні естіліп, төңірек азан-қазан болыпты. Киіз үйдің есігі көлге қарама-қарсы орналасқан екен. Ашық есіктен қақ жарылған ну пішеннің ішінен екі көз отша жанған алып жолбарыстың киіз үйге қарай беттегенін отырғандардың жанары шалыпты. Бұл көріністен маңайдағы қалың жылқы үркіп, адамдар шығынып, безіп кетіпті. Жанқожа батыр бастаған қонақтар дастарқан басында қымыз ішіп тапжылмастан отыра беріпті. Ал, үй иесі бай керегеге бірнеше қабат қылып ілінген кілемнің арасына зып беріп еніп кетіпті. Жолбарыс болса киіз үйдің есігінің алдына келіп, құйрығымен екі бүйірін сабалап, күндей күркіреп айбат шегіпті. Осы мезетте үйдің ішіндегі шыбынның ызыңы естілетін үнсіздікті бұзған Жанқожа баба:

– Бажақ, жануарды мекеніне қайтар. Жұрттың мазасын алмасын. Қайтар мекеніне, – депті сабырлы үнімен.

Бажақ батыр таудай жолбарыстың жанына барып:

– Қайт жануар, қайт. Елдің мазасын алма. Қайт мекеніңе, – деп жалынан сипапты. Қаһарынан қара жер теңселердей болған жолбарыс гүр-гүр етіп сәл тұрыпты да маң-маң басып ну пішеннің ішіне кіріп, ғайып болыпты.

Мұнан соң, Жанқожа баба бастаған қонақтар зәресі ұшып талып қалған үй иесінің есін жиғызып алыпты. Мейманасы тасыған байдың қорқыныштан тілі байланып қалған екен. Көп ұзамай қонақтар қайтадан жолға шығыпты.

Нұрсұлтан ағамнан естіген әңгіме осылай түйінделді. Ал, «аңыз түбі – ақиқат».

Жанқожа баба, әулиелер рухы жар болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: