Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ізі жатыр бабамның…

20.10.2022, 10:00 490

Жуырда өзім жақсы сыйласатын інім келіп:

– Аға, кеше ғажайып түс көрдім. Түсімде сіздің атақонысыңыздағы Қарадөңнің қырқасы, Нұраның төбесінде қаз-қатар сап түзеген қалың жасақ тұр екен. Әудем жерде Ащыкөл арнасынан асып, шалқып жатыр. Сарбаздардың алдында дуылға-сауыты күнмен шағылысқан, астына ауыздығымен алысқан арғымақ ат мінген, қолындағы алмас қылышы көзді қарықтырып жарқ-жұрқ еткен Жанқожа бабамыз, саптың келесі шетінде Ақтан батыр, дәл ортада ішіне садақтың жебесі қадалған ұзын бойлы, қапсағай денелі сұлу жігіт тұр. Ілгері ұмтыла бере шошып ояндым. Мұны қалай түсінуге болады?! – деді толқыған үнмен.

Інімнің аққұба жүзі алабұртып, сұстанып кетіпті. Қос жанары шоқтай жайнап, ерекше сезімге бөленген. Ел ішінде иманды қылығы, биік адамгершілігімен ілтипатқа бөленіп жүрген інімнің балбұл жанған өңіне жанарым түскенде жүрегім шым ете түсті. Оған себеп те баршылық.

Тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған көтерілістің өткеніне биыл тура 165 жыл толды. Жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітапта «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды» деген дерек кім-кімді де елең еткізеді.

Ал, інімнің түсінде көрген көрінісі сол «Арықбалық шайқасы» өткен аймақта болуын қалай түсінер едіңіз?! Жалпы, түс көру туралы ғалымдар тарапынан жиі айтылып, жазылып жүр. Бұл да сондай тылсымның бірі деуіміз әбден қисынды.

Осы мақаланы әзірлеу барысында интернет желісінен «Қазақ дәстүрлі қоғамында да түс көруге бейжай қарамағанын, мән беріп, мағынасын жорығанын ауыз әдебиеті мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады.  Түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан, оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, «Түс – балқыған қорғасын», оны жақсылыққа жорысаң – жақсы ниет қабыл болып жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң – жамандыққа айналуы мүмкін деген ұғым бар. Түсті рухани әлемнің хабаршысы ретінде қабылдау діни танымға жат емес. Түс көруде рухани адамға аян, ғайыптан болашақтан хабар берілетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер бар. Құранда аты аталатын Жүсіп пайғамбардың (ғ.с.) түсінде аян алуы мен түс жору ғылымын иеленуі Құдайдың құдіреті деп сенеді. Түс көру мен оны жору діни және рухани танымға жат емес, адамның рухани өміріндегі, психологикалық халіндегі маңызды құбылыс» деген жазбаны оқыдым.

Қазақ даласында аруақты, батыр, әулие, ишан, ғұлама, киелі бабалардың өмір сүргенін жақсы білеміз. Сондай ерекше жаратылған жандардың бірі Қаржау бабамыз туралы студент кезімде қызықты әңгіме естіген едім. Ұлттық құндылығымыздың тамырына балта шапқан кеңес өкіметінің солақай саясатына қоса албырт жастықтың әсерінен қалтарыста қалған сол шағын деректі паш етудің сәті бүгін түсті. Бұл үшін киелі бабамның аруағы алдында басымды иіп, кешірім сұраймын!

Қаржау Тоқпанұлы бабамыз – байсалды мінезді, сертіне берік, артық ауыз сөзге жоқ, дәулетті адам болыпты. Байлығын адал еңбегімен құраған батыл әрі қарулы, көңілі қалған адамды наласы текке жібермейтін қасиетті жан екен. Шариғаттан хабары мол, ауызы дуалы бабамыз ел-жұртына сыйлы болғанға ұқсайды. Көнекөздерден там-тұмдап жеткен есті сөз осылай дейді.

Иә, маңғаз далада бабамның ізі жатыр…

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: