Құрбандық сөзі – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы – Алла тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын мал. Құрбан шалудың адам баласы үшін біз білетін және білмейтін көптеген пайдасы бар.
Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті мен пейілі, дінге бекемдігі, имани тақуалығы, басқаларға деген жанашырлығы таразыға түседі.
Құрбан шалу – Алла тағаланың ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сияпатқа кенелтетін сүйікті амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар», – деп түсіндіреді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде Алла разылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай сүйіншілеген: «Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрайды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар».
Шындығында, Алла тағала шалынған құрбандықтың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Оның еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ, ықылас пен ниетіміздің Жаратушыға жетіп, разылығына себеп болары сөзсіз. Бұл жөнінде Құран Кәрімде былайша баяндалады: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».
Құрбандық шалу – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан ғибадат. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Алла тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмаилды (ғ.с.) Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан мүдірмей өткен-ді. Міне, құрбандық шалу – сол бір ғибратты оқиғаның жарқын көрінісі. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік ете отырып, күллі күнәларына кешірім-тәубе тілейді.
Руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз Құрбан айттағы шалынған малдардың аққан қанын көрген уақытта қайғы-қасіретті ұмытып, ыза, кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойы бір сергіп қалады. Табиғатында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәні бар адам баласы Құрбан айтта тек қана Алла тағаланың разылығы үшін жоқ-жітіктерге жәрдем беру арқылы жаман қасиеттерінен арылып, орнына бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілділік сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттардың өсіп-өніп, жетілуі үшін су сепкендей әсерде болады. Демек құрбан айт күндерінде тұрмысы төмен жандардың жүзіне күлкі үйіріп, қуаныш сыйлау – ең сауапты амал. Ал бір адамды қуанта білу қандай бақыт?!
Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай? Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – (уәжіп) міндет. Алла тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Намаз оқы және құрбан шал» – деп құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. («Кәусар» сүресі, 2-аят) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.
Шынында, құрбандық шалу белгілі бір адамға міндетті болу үшін мынадай шарттар керек:
1. Мұсылман болуы;
2. Құрбан айт кезінде жолаушы болмауы;
3. Негізгі тұрмыстық қажеттеріне жетерлік мал дүниесі мен қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес;
4. Азат болуы.
Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзірлі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандығын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осыған байланысты бірнеше хадис жеткізілген. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, одан кейін құрбандық шалу. Кім осылай жасаса, біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбандық шалатын болса, оның басқа күндерде сойылған малдан еш айырмашылығы жоқ», – десе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбандық шалса, оны қайта шалсын», – деп Құрбан айт намазынан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін соятындар да болады.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйені шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық марқа қозы, не тоқты бір жасар қой сияқты семіз болса, құрбандыққа жарайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандыққа шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі, не жеті кісінің бірігіп шалуына болады. Құрбандықты ортақтасып шалған уақытта әрбір адам ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екіншісінің ниеті басқалай болса, шалынған мал барлық ортақтасқандар үшін құрбандық болып есептелмейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал туралы: «Соқыр, ауру (жүре алмайтындай дәрежеде), ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.
Ескеретін жайт, құрбандыққа шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрауға болмайды. Ал, қинамай сою – сүннет. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Малды қинамай бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын».
Малды құбылаға қарай жатқызып, дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы үшін. Оның еш серігі жоқ» («Әнғам» сүресі, 162-аят). Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздайды. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру жек көрілген амал болып табылады.
Бай болсын, мейлі кедей болсын, өзі шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп тарату – (мұстахаб) жақсы амал. Бір бөлігі туған-туыс, не көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігін кедей және мұқтаж адамдарға таратады, үшінші бөлігін отбасына қалдырады. Бірақ, шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына болады.
Олай болса, мал-дәулет берілген кісілер Жаратушы бұйырған ісіне сараңдық жасамағаны дұрыс. Себебі, Құрбан айт – мұсылман жұртының арасында достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерді нығайтып, сауапты істер жасауға жол ашады.
Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып айт намазына дайындық жасайды. Бой дәретін жаңартып, жаңа немесе таза киімдерін киіп, жұпар иіс себініп шығуы сауапты, ізгі істерге жатады. Айт намазын оқып, бақилық жақын-жұрағаттарына Құран бағыштап, бірін-бірі мерекемен құттықтасады. Құрбандық малдарын шалып, жақсы амалмен Алланың разылығына жетуге ниет етеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені», – деп айтқан. Жора-жолдас, таныстарының үйлеріне барып айт мерекемен құттықтау, сырқат кісілердің көңілдерін сұрау, отбасыға, балаларға сый-сияпат жасау да сауапты істер болып табылады. Келе жатқан қасиетті Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Алланың разылығы үшін деп шалғалы жатқан құрбандық қабыл болып, мол сауаптарын нәсіп еткей!
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда облыстық «Ақмешіт Сырдария»
орталық мешітінің наиб имамы
Ескерту:
8 шілде – Арапа күні.
9 шілде – Құрбан айттың бірінші күні.
Құрбан айт намазы Қызылорда облысы бойынша таңғы сағат 06:00-де оқылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!