Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ыбырай Жақаев музейінің жаңа экспозициясы ашылды

29.10.2026, 0:34 29

Шиелі ауданында қазақтың даңқты күрішшісі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің жаңартылған экспозициясының ашылу рәсімі өтті.

Тағылымы мол шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Күлбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкіртаев, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен музей қызметкерлері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында қатысушылар Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмір жолы мен ерен еңбегіне тоқталып, оның қазақ күріш шаруашылығын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Даңқты диқанның қажырлы еңбегі мен мол тәжірибесі бүгінгі және келешек ұрпақ үшін қашанда үлгі екені айтылды.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаевтың ақ батасын беруі болды. Сейітбек Жақаев музейдің жұмысына сәттілік тілеп, ақжарма тілегін білдірді.

Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі 1978–1982 жылдар аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде қалыптасты. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы және Қазақ КСР Мәдениет министрінің 1982 жылғы 13 мамырдағы бұйрығы негізінде музей ресми түрде ашылды.
2019 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің қаулысына сәйкес, музей Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалы ретінде жұмыс істеп келеді.

Музей қоры Ыбырай Жақаевтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды деректермен қатар, оның ізбасарлары мен ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің өмірбаяндары, фотосуреттері, құжаттары, этнографиялық және зергерлік бұйымдары, тарихи жәдігерлері арқылы толықтырылған. Қордағы экспонаттарға ғылыми сипаттама беріліп, олардың тарихи маңызы айқындалған.
Бүгінде музей қорында 11 140 экспонат сақтаулы. Әрбір жәдігер — өткен дәуірдің тынысын танытып, өңірдің еңбек тарихы мен мәдени мұрасынан сыр шертетін құнды қазына.

Жаңартылған экспозицияның ашылуы — ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудағы маңызды қадам. Бұл бастама ұлы дала еңбеккерлерінің ерлікке пара-пар еңбегін жас ұрпаққа танытып, туған өлкенің тарихына деген құрметті арттыруға қызмет етеді.
Ыбырай Жақаевтың есімімен тығыз байланысты музей – еңбек даңқын ұлықтайтын, тарих пен тағылымды сабақтастыратын рухани орда. Даңқты диқанның өнегелі жолы мен бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел жадында мәңгі сақтала бермек.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: