Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАНҒАПТЫҢ КҮЙЛЕРІ-АЙ немесе Ізбасар Ілиясовпен сыр-сұхбат

30.06.2022, 10:00 435

Күй. Бал бұраулы, қос ішекті бипаз­дап қаққан бес саусақ толғауы тоқсан пернелер бойымен толқындап шыққан әуендерден керімсал күйлер саумалап, көңіл сарайын қоңыр сазбен керней түсуде. Ол Құрманғазының дауылпаз күйлеріндей дабылдамайды да, Динаның бұлбұлындай сайрамайды да, тіпті Тәттімбеттей қос ішекті асты-үстінен ілмелектеп, бипаздап қақпайды. Ешқайсысына ұқсамайтын өзінше әуен, әр күйі өзінше әлем. Өйткені, бұл қазақтың халық композиторы атанған, қай күйшімен де терезесі тең, тақырыбы кең Қазанғаптың күйлері болатын. Біз оны көрмесек те, шығарған күйлерін өз орын­дауында естімесек те осы тартылып жатқан күйлерден және оны орындаушының қағыс мәне­рінен күй әлемінде қайталанбас қас талантты көріп, оның құдіретін танығандай  болып  отырмыз.

Бұл Қазанғаптың «Күй шақыру» күйі болатын. Қазанғап домбырасын қолына ұстап, құлағын келтіргенде немесе алқалы топта жаңа күйді бастар алдында осы күйді тартып, сол арқылы бойына күш-жігер жинап, аруағын шақырып, қырандай қомданып, құлашын кеңге сілтеп шабыттанып кетеді екен. Ал, осы күйді тартып отырған домбырашы Арал ауданында туып-өскен, көп жылдар бойы осында мұғалім, мәдениет қызметкері болып еңбек еткен, Қазанғаптың күйін кішкентайынан үйреніп, оны ел ішінде насихаттау­шы болған, Ақтөбе облысының Шалқар станциясында тұрған Ізбасар  Ілиясов  болатын. Манағы  күйді тартып  болған  соң  оған бір ауыз  сауал  қойдық.

– Ізбасар аға, кішкентай тыныс­тап алыңыз. Сізге бір сауал. Домбыра тартқанның бәрі күйші бола бермейтіні анық. Сіз өзіндік мәнері бар осындай қағысты, осындай шебер­лікті  қалай  үйрендіңіз?

– Мен Қызылорда облысы, Арал ауданының Мергенсай ауылдық кеңесіне қарасты «Сарышоқы» деген жерде кедей шаруаның отбасында тудым. 6-7 жасымнан бастап мектепке келіп, сондағы мұғалімдерден ән-күйді үйрене бастадым. Сауатымды мектептен аштым деуге болады. Ол – бір. Екіншіден, үйге келгенде ата-анамнан үйрендім. Әкемнің шама­лы домбыра тартатыны бар еді, сол кісінің көмегі тиді. Сол сияқты ол уақытта өлең де айтатынмын. Оны анамнан үйрендім. Өйткені, анам үйде отырып ыңылдап анау-мынау әндерді айтатын, мен оны дереу домбыраға салып, қайта тартып, анамды сүйемелдейтінмін.

1944 жылы сол ауылда бастауыш мектепте сабақ беріп жүрдім, ол уақыт соғыстың кезі. Мұғалімдер табыла бермейтін. Содан ба, менің 7-8 кластық білімімді пайдаланып, аудандық білім бөлімі мені бастауыш мектепке мұғалім етіп жіберді. Мен мектепте жүрген кезімде білетін күйлерімді балаларға да үйретіп, күйшілікті содан бастадым деуге болады. 1946 жылы Аралға көшіп келіп, осы күнгі Шевченко атындағы мектепте пионер вожатый болып қызмет еттім. Содан бірте-бірте оқуымды жалғастырдым.

Осылай мектеп мұғалімі болып жүріп, елдегі кез келген шайырдан, тіпті күйтабақтан да тыңдап үйрендім. Күйлерді өз мәнінде тақырыбына сай тартуға дағдыландым. Көбіне мен Қазанғаптың күйлеріне ден қойдым. Сосын өзіміздің Сыр бойының жырауларының әндерін тарттым. Көбіне мен қазақтың әндерін Саржыраудың баласы Жампоз­дан үйрендім. Күйлердің де бірсыпырасын Жампоз үйретті. Ол уақыттары Қазалыда Жалдыбай Елеукеев деген күйші  болды. Соған бір айдай қасында қосшы болып жүріп, күйлерімнің дұрыс шығуын содан  қалып­тастырдым.

– Ізбасар аға, бұл сіздің талай жылғы ізденістеріңіздің жемісі ғой. Қазанғаптың «Домалатпай» деген күйі бар. Шығу тарихына тоқталып, күйге  кезек  берсек.

Күйші сәл дамылдап алып әң­гі­ме­ге  көшті…

– Бірде Қазанғап жолаушылай жүріп бір үйге келеді. Төрге жайға­сып, шай болғанша домбырасын алып жаймен күй шертіп отырады. Сол үйдің бойжеткен қызы бар екен, ол да домбыраны өлердей жақсы көріпті. Қазанғап домбыра тарт­қанда оны тыңдағысы келген қыз күйшіге аңтарылып отырады да, әжесінің қолы­нан ұршығын алып иіре бастайды. Сәлден кейін күйшімен тілдесуге себеп таппай, шыдамаған қыз оны сынамақ болып «Күйші болсаң, менің мына ұршығыма күй шығарып берші» деп қолындағы ұршығын шыр айнал­дырғанда ол Қазанғаптың алдына қарай дома­лай жөнеледі. Қыз қимы­лын қалт жібермей қарап отыр­ған Қазанғап домаланған ұршыққа арнап күй шығарыпты. Сөйтіп оның «Домалатпай» деген күйі өмірге осылай енген дейді. Енді осы күйді тартып берейін, – деген Ізбасар домбырасын  қайта  қолына  алды.

Домбырашы Ізбасар күйдің соңын суытпайын дегендей құлақ күйін келтіре бастады. Бұл тартайын деп отырғаны «Қаратөс» күйі болатын. Әрине, әр күйдің өз тарихы бар. Күй түсінікті болуы үшін оны айтып отыруымыз да дұрыс болар. Сыр бойында Қаратөс деген айтулы күйші  болыпты. Одан бата алуға бір күні Қазанғап келеді. Ол кез жас шағы болса керек. Қаратөс Қазанғаптың өнерін білгісі келіп, бірнеше күй тартқызады. Соның ішінде біреуі ұнап қалып: «Мынау қандай күй?» дегенінде, «Бұл Сізге арнаған кү­йім еді» депті. «Онда бұл күйдің аты «Үлкен Қаратөс» болсын, ал сен кіші Қаратөс  бол» деп оған шын көңілден батасын берген екен. Ізбасар ақынның келесі тартатыны осы «Үлкен Қаратөс» боп домбырасын толғай жөнелді.

Күй  арасында  Ізбасар ағаны тағы да  сөзге  тарттық.

– Ізбасар аға, сіз мұғалім боп та, мәдениет саласында  да көп жыл еңбек  еттіңіз. Осы қызметтеріңізді күйшілік өнеріңізбен қалай байланыстырдыңыз?

– Өмір жолымды екі ұжымнан бастадым. Жаңа айтып кеттім, бірін мектептен бастасам, екінші жолым мәдениет қызметіне жалғасты. Біреуінен ауыссам, екіншісін атқардым. Мен мұғалімдікті 1946-1947 жылдары бастадым. Онда ауданның мен бармаған жері жоқ десе де болатын. Мына шеті Ұялы, Құланды, Қасқақұлан, Райым, Мергенсай, Авань, міне, осылардың бәрінде болдық. Сол жүрген жерлерде бала­ларға білім берумен бірге мәдени қызметімді де көрсетіп, өнерімізді шыңдап жүрдік. Ол уақыттарда машина болған жоқ, көбіне түйемен, атпен жүреміз. «Қызыл отау» деген болды. Сонымен бір колхоздан бір колхозға бізді апарып тастайды. Сөйтіп көшіп-қонумен Арал еңбеккерлеріне мәдени қызметімізді көрсеттік. Осы еңбектердің арқасында бірнеше дүркін облыстық байқаудың лауреаты атандым. Сонымен бірге ұстаздық қызметімде «Қазақ ССР-інің оқу ісінің үздігі» медалін де алдым.

Иә, Ізбасар Ілиясов өзінің барлық қызмет жолында білімімен де, өнерімен де халыққа аянбай қызмет еткен абзал азамат. Ол Қазанғаптың қандай күйін тартса да оның мән-мағынасын, мақсатын, сырлы сазын айна қатесіз тыңдаушылардың жүрегіне жеткізсем деп өзіне қатаң талап қоятын. Енді тағы да кезекті күйге беріп, оның шығу тарихын айтып беруін өтіндік. Ізбасар іркілген жоқ, домбырасын қолына ұстай отырып:

– Қазанғап бір байдың үйіне келеді, – деп бастады әңгімесін. – Бай оның домбырашы екенін біліп: «Сен шын күйші болсаң, мені еліктіріп алшы» дейді. Содан Қазанғап бір күй тартады, оған бай шімірікпейді. Екінші күй тартады. «Осы да күй ме?» деп тағы да менсінбейді. Содан Қазанғап домбырасын қайта толғап үшінші күйді тартып бола бергенде әлгі бай шыдамастан: «Мынау біздің торы аттың бөгелік қағуына ұқсайды екен» депті. Сөйтіп сазарған байды да сабасына түсіріп, күй құдіретіне бас идірген бұл күй ел арасында «Торы аттың бөгелік қағуы» деп аталып  кетіпті.

Осылайша Ізбасар ағаның тарамыс саусақтары домбыраның өне бойында байыз таппай, қос ішекті бебеулете қағып, күй арнасын бір­жолата ашып жібергендей болды. Қазанғаптың күйін тыңдап отырған біздің ортамызда «Аралдың Манабы» атанған, Сыр өңіріне белгілі ақын, бар еңбек жолын мәдениет майданында өткізген, еңбек және соғыс ардагері Әбілхан Маханов отырған. Құдіретті күшті күйге арқасы қызып кетті ме, келесі күйдің тарихын мен айтайын деп әңгімені қыздырып жібер­ді.

– Қазанғап жора-жолдастарымен бір үйге қонақ болып, күй тартып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Шай құйылған кеселер бірінен соң бірі қолдан-қолға  көшіп жатады. Бір кезде Қазанғаптың кесесі алмасып кетеді. Оны шай құйып отырған келіншек те байқамайды. Осыны сезген Қазанғап домбырасын қолына алып жаңа бір күйді толғап жіберіп, арасында күй ырғағының ыңғайы­мен сұқ сауасағымен ауысқан кесе­ні нұсқап қойып, отырғандарды таң-тама­ша  қалдырады. Осыны сезген үй иесі: «Әй, Қазанғаптың кесесі алма­сып кетіпті ғой. Мына күй соны меңзеп  отыр ғой. Бұл «Шыныаяқ тас­тар» болсын» деп жаңа күйдің атын қойып беріпті. Ендігі кезекте Ізбасардың орын­дауында осы «Шыны­аяқ тастар» күйін тыңда­йық,- деп  бір  тоқталды.

Әбекеңнің айтуы заң. Ізбасар алдын­дағы домбыраны қайтадан қолына алып, күй ырғағына сай дас­тарқан үстіндегі кеселерге сұқ саусағын сілтеп-сілтеп жіберіп, «Шыныаяқ  тастарды» шабыттана тартты.

Қайран Қазанғаптың күйлері-ай! Лирикалық сезімге, сазды суретке бай, астарлы күйді айна қатесіз ағылта тартып отырған Ізбасар ағаға да таңдана қарап, әсем әуезге тамсана түсесің. Ізбасар Ілиясов зайыбы мұғалима Бақытпен ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсірген, өнегелі отбасы басшысы болды. Оның Лиза, Лиман атты екі қызы Алматыдағы консерваторияны бітіріп, өнер саласында еңбек етуде. Ілиясовтар әулеті облысымызда алғаш жанұялық ансамбль құрып, 1967 жылы өткен аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары  атанды.

Ізбасар Ілиясов домбырадан қайт­пайтын, өнер бәсекесі десе ба­йыз таппайтын, шыдамай алға шыға келетін жан екен. Оны бірде Арал ауданында өткен ақындар айтысында да байқадық. Теңіз тағдырына арнал­ған облыстық ақындар айтысына сонау Шалқардан келген Ізбасар аға ақындар айтысы арасындағы үзілісте қолына  үкілі домбырасын ұстап, сахнаға шыға келгенінде залда отырған дүйім халық дуылдата қол соғып, күйшіге зор қошемет көрсеткен-ді. Онда да ол осы Қазанғаптың күйін құшырлана тартқаны бар. Бүгін­де күйші Ізбасар Ілиясов арамызда болмаса да, оның тартқан күйлері  көңілімізден  әсте кетпейді-ақ.

Халқымыздың күй мұрасын өзіндік сазды айшығымен көбейте түскен, артына өшпес із қалдырған, өзінен кейін де Ізбасар ағадай талай ізбасарларын танытқан қайран Қазанғаптың күйлері-ай! Тыңдаған сайын тынысыңды кеңейтіп, жан дүниеңе жаңа бір әлем ашқан, күмбір-күмбір сазымен күй шуағын шашқан қайран Қазанғаптың күйлері-ай дейсің!

Жұмабай  ЖАҚЫП,

күйші-сазгер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: