Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көлдің киесі

21.01.2020, 8:56 1611

Жазғы каникулда Сәрсен анасымен бірге нағашысының ауылына барған. Нағашы­лары таудың етегінде, айнала көл. Жазғы күндері жап-жасыл күйге еніп, төңірек ерекше күйге бөленеді. Нағыз ауылдың жанға жайлы өмірі осында. Анасы Сәрсенді ауылға әкеліп тастаған күні қалаға қайтадан жол жүрді. Сәрсеннің бетінен сүйіп, жақсы демалыс­  тіледі.

Сәрсеннің нағашы атасы мен әжесі қайтыс­  болған. Шаңырақта қалған анасының жалғыз інісі мен келіні. Нағашы жеңге­сі­  жиенді келген күннен бастап, тауға апарды. Ауылға жақын маңайда орналасқан көлмен таныстырып, бұрын бұл көлдің айнала­сында бойында қасиеті бар емші-бақсылар жиналып, бас қосатын болған­дығын айтады. Бұл ақпарат Сәрсенді бірден елең еткізді. Жеңгесі де ары қарай жарытып  ештеңе  демеді.

Сәрсен ауылға алғаш келген күндері түні бойы көз іле алмай жүрді. Мұнысын ол бөтен үйге алғаш келгенінен деп түйген. Сондай уақыттың бірінде түн ортасы ауған шақ. Асхана жақтан тысырлаған, жыланның ысылы секілді дауысты естіді. Төсегінен тұра сала жартылай жабық тұрған асхананың есігінен сығалай қараған. Қараса, өзінің жеңгесі. Терезедегі шықты сала құлаш, қап-қара тілдерімен жалап тұр екен. Көздері қап-қара, өңі бозарған, шашы желбіреп, самай шаштары аппақ болып кеткен. Бір мезетте есік сықыр ете қалып еді, Сәрсенге қарай жалт қарады. Оның отты көздері Сәрсеннің тұла  бойын  қалтыратып  жіберді. Сасқалақтап  қалған  Сәрсен:

– Жеңеше, бұл сіз бе?- деді дірілдеген дауыспен.

– Сәрсен, түн ортасы болды ғой. Сен мұнда неғып жүрсің? Әлі жатпағансың ба?- деді.

– А, мен осында тысырлаған дыбыстарды естіп, сырттан ит-мысық кіріп кетті ме дегенмін,- деді Сәрсен.

– Мұнда түнде ештеңе кірмейді. Мен шөлдеген соң, осында су іздегенмін. Көл­ден түнде су тасымай-ақ қояйын дедім,- деді қатқыл дауыспен жеңгесі.

Сәрсен жүрегі аузына тығылып, бөлме­сіне қайта жүгіріп келді. Бірақ ұйқысы қашқан­ күйі, таң атқанша әлгі көрініс көз алдына елестеп жата  алмады. Таң ата жеңгес­і  қалпына келген. Баяғыша орамалын  тартып, есік  алдында  самаурын қайнатып  жүр  екен. Сырт көзге дым болмағандай-ақ кейіп танытып жүр. «Ағам оны біле ме екен?»  деп ойланды  Сәрсен.

Осыдан кейін Сәрсеннің көз алдынан жеңгесінің сұрықсыз кейіптегі бейнесі кетпей­ қойды. Ағасына барып, түндегі оқиға туралы айтып еді, ол әйелінің мұндай «қылығы» жоқ екендігін айтып, «шошын­ған  шығарсың»  деп  арқасынан  қақты.

Арада күндер өтті. Сәрсен ауладағы өзі құралпы балалармен қызу ойыннан келіп, ауқаттанып алды. Содан соң көзі ілініп кеткен­ екен, құлағына ыңылдаған дауыс келді. Онсызда үйдегі жеңгесінен секем алып, шошынып жүрген ол селк етіп, орнынан­ атып тұрды. Қараса айналасында ешкім жоқ. Бөлмесіне айдың сәулесі жартыла­й түсіп тұр екен. Әлгі ән айтқан секілді таныс дауыс құлағына әлі де келіп тұрды. Дереу асханаға жүгіріп еді, онда да ешкім жоқ екен. Ауладан шығып, көше жаққа көз жүгіртті. Есік  алдында­ да адамның  қарасы  көрінбеді. Дыбыс бірес­е құлағының тұсынан, біресе алыстан естіліп, мазасын қашырды. Кім екенін таба алмаған соң ауыл сыртындағы өзі келге­н күні жеңгесі таныстырған көлге қарай аяңдады. Ол жерге жақындаған сайын дауыс та анық шыға бастады. Әлдекім баяу дыбыс­пен әндетіп отырған секілді. Көлге жақынд­аған сәтте, су жиегінде аппақ көйлегі тобығына дейін түскен, қолаң шашты әйел шашын тарап отыр екен. Жүзі көлге қарай, өзі тізесін бүгіп бір жағына қарай қисайыңқ­ырап жайғасқан. Сәрсен оны сыртына­н біразға дейін бақы­лады. Байқаса, өзінің үйдегі жеңгесіне кескін-келбеті ұқсайтын сияқты болды. Сасқалақтап, қапелімде не істерін білмей қалған­  Сәрсен  тағы  да:

– Жеңеше, бұл сенбісің?- дей бергені сол еді. Әлгі әйел бұған жалт бұрылып,  сояудай тырнақтарын жоғары кере ұстап, аспанға қалықтай қалды. Сөйтті де:

– Сен менің  соңымнан  аңдығанды қашан  доғарасың!  Мені  көрдім-білдім деп, ешкім­ге­  тіс жарушы болма!  Әйтпесе ажалың­ менен­ болады! – деп, суға сүңгіді де көзден ғайып  болды.

Сәрсен үйге келіп еді, алдынан ағасы шықты. Сәрсеннің түрін көріп, не болғанын сұраған, бала ләм-мим деместен жатып қалды. Таң қылаң бере жеңгесі «адам кейпі­не» еніп, мұны шайға оятып жүр екен. Сәрсен тұрайын десе, басы мең-зең, ыстығы көтеріліп жатыр екен. Нағашы ағасы дереу үйге дәрігер шақырып, Сәрсеннің беті бері қарады. Сонда да денесі қалш-қалш етеді. Ағасына болған жайтты айтайын десе, «шайтан»­ кейіпті жеңгесінен жүрексінді. Нағашысы сұрап қоймаған соң, жеңгесінің көзін ала бере көрген-білген оқиғаларының барлығын жіпке тізгендей етіп баяндап берді. Нағашы ағасы таңғалды. Өйткені келінш­егі  түн  ауа  ешқайда  да  кетпейтін.

Ағасы  бұл оқиғаның анық-қанығын білу үшін келіншегін белгілі емшіге апарып көрсетеді. Сонда  жағдайды емші  тайға таңба­ басқандай  айтып  береді. Сонымен ол былай­ болған көрінеді. Келіншек үйде су болмай, түн ортасы ауа көлге су алуға барады­.  Шелегіме­н су алып жатқанда мөп-мөлдір суға қызығып кетіп, көлден су ішеді. Әріден келе жатқан әпсаналар бойынша түнде көлден су ішкен, су алған адам­дарға көл иесі ашуланып, одан кек алмай қой­майды екен. Сөйтіп, келіншектің кейпіне еніп, нағашы жеңгесінің ажалына көрінгісі келіп жүрген екен.

Ауылға келе сала, құран бағыштап қой сойып, қанын көлге апарып төгеді. Содан бері әлгі адуын ұшты-күйлі жоғалған деседі. Сәрсен  де көп ұзамай қалаға қайтты. Алайда­ болған оқиға туралы анасына тіс жарған жоқ…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: